74 жастағы ақтөбелік зейнеткер жүзуден Қазақстан чемпионатында жеңіске жетті
74 жастағы ақтөбелік зейнеткер жүзуден Қазақстан чемпионатында жеңіске жетті
Фото: Хабар24

Ақтөбенің 74 жастағы тұрғыны Валентина Усманова ардагерлер арасында көпсайыстан Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Бұл туралы Хабар 24 хабарлады.

Валентина Усманова бұрын-соңды мұндай жарысқа қатысып көрмеген. 8 құрсақ көтерген ана зейнет жасына жеткенде белсенді өмір сүруге шешім қабылдаған. Себебі дәрігерлер паркинсон дертіне шалдығып, екінші топ мүгедегі атанғанда бассейнге баруға кеңес берген.
"Қолымнан келгенше құдайдың құтты күні бассейнге түскенді жақсы көремін. Өйткені менің денем соны талап етеді. Суға түспесем өзімді өте ауыр сезінемін", - дейді зейнеткер Валентина Усманова.
Оның бассейнге жиі келіп жүргенін жергілікті бапкерлер байқаған. Кәсіби жаттығу жасап жүрген Валентина Усмановаға бапкерлер Қазақстан чемпионатына қатысуға ұсыныс жасаған.
"Көпсайыс ішінде жүгіру бар екен. Одан кейін ұзындыққа секіру бар екен. Мен секіре алмаймын деп айттым. Ал жүгіруден болса, әлім барынша жүгірейін дедім. Мақұл. Солай енді екінші орын тиіп қалды", - дейді спортшы.
Дәрігерлердің айтуынша, паркинсон дертіне әзірге дауа жоқ.
"Мен 73-ке келіп көзілдірік кимеймін. Ал жастайынан киетін жастар бар. Мысалы, немерелерім. Оларға айтарым күнделікті спортпен шұғылдану керек", - дейді зейнеткер Валентина Усманова.
Ол облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығады. Оған арнайы ақысыз абонемент берілген. Зейнеткер кәсіби бапкермен кезекті ашық біріншілікке дайындалып жатыр.