Министрлік пен әкімдік Маңғыстау өңірінде газ бағасының қымбаттау себебін түсіндірді
Министрлік пен әкімдік Маңғыстау өңірінде газ бағасының қымбаттау себебін түсіндірді
234
оқылды

Маңғыстау облысы әкімдігі мен Энергетика министрлігі автогаз бағасының қымбаттауына қатысты түсініктеме берді.

"Облыста 1973 жылдан бастап газ өндіретін жалғыз кәсіпорын - Қазақ газ өңдеу зауыты. Ол айына 14,5 мың тонна сұйытылған газ өндіреді. Алайда облыстың тұтыну көлемі 18 мың тонна болғандықтан, зауыт өңірдің қажеттілігін толық өтей алмайды. Сондықтан облыстан қосымша 3,5 мың тонна газ жеткізіледі", - деді Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев.
Оның айтуынша, электронды саудаға көшу саланың инвестициялық тартымдылығын арттырып, сұйытылған газдың экономикалық тұрғыда негізделген бағасын қалыптастырады. Энергетика министрлігі сұраныс артуына байланысты газ қымбаттап жатқанын түсіндірді. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап сұйытылған мұнай газының (СМГ) саудасы тауар биржаларына 100% көшірілді. Ведомство мәліметінше, бұл нарықтың барлық қатысушысы үшін тең жағдай тудырады және сұйытылған мұнай газының қажетті көлемін өндірушілерден тікелей сатып алуға мүмкіндік береді.
"Электронды сауда алаңдарына (ЭСА) көшкенге дейін сұйытылған мұнай газының бағасы өндірушілер үшін тиімсіз болды. Себебі ол өз құнынан төмен бағада сатылды. 2022 жылдың қаңтарындағы дерек бойынша жабдықтаушылар Маңғыстау облысы үшін өндірушілерден 17 406 тонна сұйытылған мұнай газын сатып алды", - деп хабарлады Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
20-24 желтоқсан аралығында электронды сауда алаңында бес сауда сессиясы өтіп, сұраныс пен ұсыныс негізінде сұйытылған мұнай газының бағасы қалыптасты. Осылайша Маңғыстау облысына сұйытылған газ жеткізудің қаңтардағы орташа көтерме бағасы 133 126 теңге/тонна немесе 78 теңге/литр құрады. Бұл ретте Ақтау, Жаңаөзен қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау облысында бөлшек сауда бағасы 100-120 теңге/литр болды. Жалпы қаңтардағы сауда сессиялары штатты режимде өтті, нарық механизмі өңірлердің сұйытылған газға тиісті көлемдегі сұранысын реттеді және қазіргі уақытта газ аймақтарға жөнелтіліп жатыр.