Павлодарлық өрт сөндірушілер 11 баланы құтқарды
Павлодарлық өрт сөндірушілер 11 баланы құтқарды
Павлодар облысының Ақсу қаласында өрт сөндірушілер түтін басқан үйден 11 баланы эвакуациялады, - деп жазады Рavlodarnews.kz. Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 3 қаңтарда «101» пультіне  Х.Доспанова көшесі, 28 мекенжайы бойынша кешкі сағат 21.03-те түскен.
- Оқиға орнынан Ақсу қаласының № 10 өрт сөндіру бөліміне дейінгі арақашықтық 2,5 шақырымды құрайды. Өрт сөндірушілер келген бойда бес қабатты тұрғын үйдің бесінші қабатындағы бір бөлмелі пәтерде 12 шаршы метр алаңда матрас пен үй заттары және үшінші қабатта екі бөлмелі пәтердегі ас бөлмеде 20 шаршы метрде үй заттары жанып жатқанын анықтады. Үшінші және бесінші қабаттарда бірден екі пәтер жанған, - дейді Ақсу қаласын қорғау бойынша № 10 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Асхат Жақыпов.
Өрт салдарынан қатты түтін басқан. Өрт сөндірушілер 4 минуттың ішінде келіп, дереу адамдарды құтқаруға кірісті. № 10 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері 9 ересек адамды эвакуациялап, 11 баланы құтқарды.