Ата-бабамыз аманаттап кеткен берекені сақтауымыз қажет – Нұрлан Оразалин
Ата-бабамыз аманаттап кеткен берекені сақтауымыз қажет – Нұрлан Оразалин
©www.inform.kz
186
оқылды

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Нұрлан Оразалин әлеуметтік проблеманы, тұрмыстық жағдайды қазақ халқы біртұтас болып жеңуі керек деген пікір білдірді.

Оның айтуынша, билік мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысып жатыр. Сондықтан ақын елді сабырға шақырды. «Біз өте күрделі, қиын кезеңде өмір сүріп жатқан ұрпақпыз. Егер біз кішкентай қате жіберетін болсақ, ол ертеңгі ұрпақтың алдынан үлкен жағдай болып шығады. Ұлт болшағына қауіпті болмақ. Қазір көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын, қатерлі бір құбылыс бар. Оның қайдан келіп, кімнің айтып жатқаны белгісіз. Демократиялық құндылықты ұстай алсақ жақсы, егер ұстай алмасақ ол біздің бірінші жауымызға айналады. Әрине, әлеуметтік қиындық, тұрмыстық проблема бар. Ол қиындықты Қазақ мемлекеті өзі біртұтас болып жеңу керек. Оны бізге сырттан келіп ешкім реттеп бермейді. Әр мемлекет өз мәселесін өзі шешеді. Әлеуметтік проблема демократиялық жолмен, диалогпен шешілуі керек еді. Алайда, алаштың бас қаласы Алматыда жүгенсіздік, тәртіпсіздік орын алды. Бұл ұлтты азғыру деп есептеймін. Мен бүгінгі жастарға айтарым бәрі ақылмен, парасаттылықпен шешілуі керек. Ата-бабамыз аманаттап кеткен берекені сақтауымыз қажет. Жастар бесікте жатқан баласын, үйдегі қазыналы қариясын ойлауы керек, халқының бүтіндігін, елінің тыныштығын, ұлт болашағын, мемлекеттің ертеңін ойлауы тиіс. Мұндай жолмен ешқандай мәселе шешілмейді. Мен жастарды сабырлыққа шақырамын! Билік мәселені шешу үшін барлық жағдайды қарап, шешуге тырысып жатыр. Мемлекет басшысы халықты берекеге, ақылға шақырды. Президент үндеуіне құлақ асуымыз керек», - деді Нұрлан Оразалин.