Еліміздегі жаппай тәртіпсіздіктер кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында Ұлттық ұланның екі әскери қызметшісі қаза тапты, деп хабарлайды Ұлттық ұланының баспасөз қызметі. Ұлттық ұлан әскери қызметшілері құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп еліміздің жаппай бассыздық және бүлік шыққан барлық қалалары мен елдімекендерінде қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге жұмылдырылды. Облыс орталықтарында, Алматы және Шымкент қалаларында қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында Ұлттық ұланның 216 әскери қызметшісі бұзақылық топпен қақтығыс кезінде көптеген дене жарақаттарын алды. Бүгінде олар түрлі деңгейдегі жарақаттармен, соның ішінде оқ, ашық бассүйек-ми жарақаттарымен, сүйек сынықтарымен және басқа да диагноздармен қалалық емдеу мекемелерінде жатыр. Оқ тиген екі келісімшарт әскери қызметшісі қазір хирургиялық бөлімшеде болса, қысқа мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың бесеуі ауыр халде жан сақтау бөліміне түсті. Офицерлердің көбі түрлі дәрежедегі жарақаттар алған. 2022 жылдың 5 қаңтарында азаматтық борышын өтеуші қос сарбаз: қатардағы Мадияр Қайсаров пен Айбат Аманов тәртіп бұзушыларды тоқтату бойынша қызметтік-жауынгерлік міндеттерін атқару кезінде қаза тапты. Жаппай тәртіпсіздік барысында 50 әскери техника зардап шеккен, оның 8-і қайта қалпына келтіруге жарамсыз. Сонымен бірге, ұландықтар ел астанасының маңызды нысандары мен инфрақұрылымдарын қадағалауда. 600-ге жуық әскери қызметші Шымкент қаласының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және қала әкімдігі мен басқа да нысандарды күзетуде. Бұдан бөлек, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Жаңаөзен, Павлодар, Өскемен, Семей, Көкшетау, Қостанай, Петропавл, Қарағанды және Жезқазған қалаларының тыныштығын қамтамасыз етуде. Бүлікшілер тобы шабуыл және қақтығыстар кезінде қолдан жасалған түрлі құралдарды, жанғыш сұйықтықтарды, «Молотов коктейлін», темір-терсек, түрлі арматураларды, сондай-ақ тегіс ұңғылы қаруды қолданып жатыр. Бұған дейін еліміздегі жаппай тәртіпсіздік кезінде 3 мыңнан астам адам ұсталды, 26 қарулы қылмыскердің көзі жойылғанын жазған болатынбыз.