Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына елдегі жағдайға байланысты Үндеу жариялады.
Президент елімізде лаңкестікке қарсы операция жалғасып жатқанын, полиция, Ұлттық ұлан және армиямыздың күшімен Конституцияға сәйкес заңдылық пен тәртіп орнату мақсатында ауқымды әрі күрделі жұмыс атқарылып жатқанын айтты.
«Кеше Алматы, Ақтөбе қалалары мен Алматы облысындағы жағдай қалпына келтірілді. Енгізілген төтенше жағдай режимі өз нәтижесін берді. Бүкіл еліміз бойынша конституциялық заңдылық орнатылды. Бірақ террористер мемлекеттік және жеке азаматтардың дүние-мүлкіне әлі де залалын келтіріп, азаматтарға қарсы қару қолдануда», - деді Президент. Мемлекет басшысы Құқық қорғау органдары мен армияға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін жеткізді. Сонымен қатар қылмыскерлермен ешқандай келіссөз болмайтынын кесіп айтты. «Шетелде тараптарға келіссөз жүргізіп, проблемаларды бейбіт жолмен шешуге шақырған сөздер айтылуда. Не деген ақымақтық?! Қылмыскерлермен, қанішерлермен қандай келіссөз болуы мүмкін? Біз қаруланған әрі дайындықтан өткен жергілікті және шетелдік содырлармен бетпе-бет келіп отырмыз. Нақты айтқанда, содырлармен және лаңкестермен. Сондықтан оларды жою керек. Бұл жуық арада жүзеге асырылады. Күштік құрылымдар бұл міндетті моральдық және техникалық тұрғыдан орындауға дайын. Өздеріңізге мәлім, ҰҚШҰ-ның жарғылық құжаттарының негізгі ережелеріне сәйкес Қазақстан конституциялық тәртіпті ретке келтіруге көмек беру үшін Ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларынан біріккен бітімгерлік күштерін енгізуді сұрады. Бітімгерлік күштер еліміздегі стратегиялық нысандардың қорғалуын және қызметін қамтамасыз ету үшін қысқа мерзімге келді», – деді. Арнаулы жасақтың, арнаулы құрал-жабдықтардың жетіспейтіні белгілі болды. Осы мәселелерді шұғыл түрде шешу керек. Содырлардың терракт жасау туралы жымысқы жоспары мен жасырын дайындығын мемлекет қалайша білмей қалғанын анықтап, түсіну аса маңызды. Тек Алматының өзіне 20 мың содыр шабуыл жасады. Барлық облыста әскери, әкімшілік және әлеуметтік нысандарға ұйымдасқан түрде, жоғары жауынгерлік дайындықпен және асқан қатігездікпен шабуыл жасау әрекеті олардың нақты жоспарының болғанын көрсетті. Содырлардан бөлек, идеологиялық диверсия жасауға әбден жаттыққан, жалған ақпараттар мен «фейктер» таратуды шебер меңгерген және адамдардың көңіл күйіне ықпал ете алатын мамандар жұмыс істеген. Оларды дайындаумен және басқарумен біртұтас командалық пункт айналысқанға ұқсайды. Президент бұл мәселемен ҰҚК мен Бас прокуратура айналысып жатқанын айтты. «Лаңкестікке қарсы операция жалғасып жатыр. Содырлар әлі де қаруларын тастаған жоқ, қылмыстарын жалғастыруда немесе соған дайындық жүргізуде. Олармен соңына дейін күресу керек. Берілмегендерді жоямыз. Болашақта басымыздан өткерген қайғылы жағдайдан сабақ алуымыз керек. Бұның әлеуметтік-экономикалық ауыртпалығы да бар», - деді Президент.