Қалың жауған қар ылғалға зәру даламыз үшін үлкен игілік болса, әкімдер үшін еңсерілмес қиындыққа айналды. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында өртенген үйді қар шашып сөндірмек болған. Өйткені жолды қар басып қалуы кесірінен өрт сөндіру машиналары жете алмапты. Облыстағы Бесқарағай ауылында тұрғын үйде өрт шыққаны туралы дабыл түсе сала, өрт сөндірушілердің тұтас есептобы шұғыл аттанады. Алайда жол тазартылмағандықтан, оларға жолай көліктерін қалдырып, 2,5 шақырым жаяу жүгіруге тура келді.
«Әрбір минут қымбат еді. Уақыт жоғалтпау үшін жауынгерлер жаяу бару туралы шешім қабылдады. Қарға малтығып, жолсыз 2,5 шақырымды еңсерген олар ауылға жеткенде үй толық өртке оранғанын көреді. Үй ағаштан тұрғызылған және толығымен жанып кетті. Бірақ жанында тұрған сарай, басқа шаруашылық орынжайларды құтқару қажет. Өрт сөндірушілер оларға қар атумен болды. Сонымен бірге олар сөніп жатқан үйдің ағаш конструкциясын бұзумен шұғылданды», – деп түсініктеме берді ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті.Жергілікті кәсіпкер жолды тазартуға өз техникасын ұсынған. Сөйтіп, өрт сөндіру машиналары оқиға орнына жетті. Өрт кешкі сағат 8-ге қарай өшіріліпті. Құрбан болған адам жоқ. Үйдегі өрт пештен шыққан деген алдын ала болжам бар. Ұқсас жағдай жақында Нұр-Сұлтан қаласы маңында болды. «Қосшыда үй өртенді. Бірінші өрт сөндіру көлігі қарға батып тұрып қалды. Себебі жол қардан тазартылмаған. Екінші машина түн қараңғысында дабыл қағылған мекенжайды таба алмай, әрлі-берлі сабылды. Не көшелердің атауы жазылған көрсеткіш, не үйлерде дені дұрыс нөмір жоқ», – деп хабарлады жергілікті тұрғын Марат Сыдықов. Оның үстіне Ақжайық көшесі атауы қаланың әр тұсында екі рет қайталанады. Демек, бас қалада көше атаулары ретке келтірілмеген. Ақмола облысына қарайтын, бірақ елорда шеті саналатын Қосшының өзінде өрт сөндіру депосы жоқ. Ал елордадан жолға шыққан өрт сөндірушілердің «тілсіз жаумен» емес, қармен күресіп жатқаны бейнеленген видео әлеуметтік желіні кезіп кетті. Ал соңынан жеткен өрт сөндіру көлігі сол жерде қайтадан батып қалып, адамдар жабыла итеріп, елордаға шығарып салыпты.
«Қар биыл қалың жауды. Өз ауданымыз әкіміне көше тазартылмай жатқанына шағымдансам, ол тек автобустар жүретін көшелер ғана аршылатынын айтады. Біз қалай жүруіміз керек? Такси де шақыра алмаймыз. Көмір түсіруім қажет. Биліктен ауламды аршы деп сұрап тұрған жоқпын. Көшеміздегі қаншама адам зардап шегуде», – деп назаланады Ерейментау қаласының тұрғыны Әсел Төлеуова.ШҚО тұрғыны Саид Мұхаммед Семей жақтағы Көкпекті ауданының үлгісін таратуды ұсынады. «Қар тазалау үшін жалданған компания ананы-мынаны сылтауратып, өз жұмысын орындамады. Содан аудан әкімі халыққа сауын айтты: мұнша көлемдегі қарды тазалаған әрбір адамға 15 мың теңгеден беремін деді. Мұны естіп, тұтас отбасылар көше тазалауға шықты. Жолдар тез-ақ аршылды», – дейді ол. Елдос СЕНБАЙ