Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, тәртіпсіздіктер кезінде 100-ден астам ірі сауда нысаны мен банктер тоналған. Қазір есептелген шығын 87 млрд теңгеден асып отыр.
«Билік органдарының беделіне нұқсан келтіру үшін қылмыскерлер полиция, әскери қызметкерлердің киімін киіп, заңсыз әрекеттер жасады. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, ҚР Президенті елдің бүкіл аумағында төтенше жағдай енгізу туралы шешім қабылдады. Осыған сәйкес көлік құралдарының жүріп-тұруына, кіруіне және шығуына, құжаттарды тексеруге, жеке заттарын, автокөліктері мен жүктерін тексеруге негіз беріліп, сондай-ақ, бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салу сияқты шектеулер енгізілді», – деді Ерлан Тұрғымбаев.Оның айтуынша, қоғамдық тәртіпті сақтау және елдің конституциялық құрылысын қорғау кезінде 16 полиция қызметкері қылмыскердің қолынан қаза тауып, 1 300-ден астам сақшы мен Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігінің, сондай-ақ, арнайы органдардың әскери қызметшілері жарақат алды.