Елде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң әзірленетін болды. Президент Ақордада өткен кеңес кезінде осындай тапсырма берді. Мұндай заңның қажет екені қоғамда біраз уақыттан бері талқыланып келеді. Қаржылық қиындыққа батқан адамды одан сайын қарызға батырып, қиын жағдайда қалдырмау керек. Егер тап осы құжат қабылданатын болса, халықтың жағдайы қалай өзгереді? Оның кері әсері жоқ па? Мақсат ХАЛЫҚ, экономист:
БҰЛ ЗАҢ ЕЛІМІЗГЕ АУАДАЙ ҚАЖЕТ
– Қазақстанда халықтың несиелендіру дәрежесі өте жоғары. Несиесін төлей алмай жүргендер көп. Банктердің скоринг жүйесі бар. Өткен жылы әлеуметтік жағдайы нашар, төлем қабілеті төмен азаматтарға несие бермеу мәселесі қарастырылды. Бірақ көптеген несие оған дейін берілген. Мәселен, несие мұрагерлікпен әкесінен баласына қалған. Асыраушысынан айырылған азамат оны қалай төлейді? Осындай жағдайларда банктер адамгершілік танытып, халықтың несиесін кешіріп жатқан жоқ. Жұмысынан айырылғанда, қарызға батқанда, асыраушысынан айырылғанда, денсаулығы жарамай қалғанда банктер басын қатырмай, істі сот орындаушыға тапсырады. Ал олар азаматтарға қатты қысым жасайды. Қазақстанда осындай жағдайда борышкерлерді қорғайтын ешқандай заң жоқ. Олар да қоғамның бір бөлшегі. Халықтың әлеуметтік жағдайы сол себепті де ушығып отыр.ҚАРЫЗ БЕРУШІГЕ ҚИЫН
Банкроттыққа тап болған адамға ұзақ уақыт бойы несие берілмейді. Қарызды бәрібір төлеуге тура келеді. Бұл белгілі бір жағдайда ауыртпашылықтың сақталатынын көрсетеді. Ал енді аталмыш заң қабылданса, қаржылық ұйымдар, банктер зардап шегеді. Қарыз беруші тарап табысынан қағылуы мүмкін. Қазір сот орындаушылары борышкердің есепшотын бұғаттап тастайды. Нәтижесінде, ол табысынан айырылады. Заңсыз жұмыстарға барады. Ресейдің тәжірибесіне сүйенсек, азаматтарға арнайы шот ашылады. Борышкердің баспанасын тартып алмайды. Жұмыс істеп жүрсе, жалақысын арнайы шотқа түсіреді. Сондағы қаражаттың барлығы қарызды қайтаруға ұсталынбайды. Борышкердің 4 баласы болса, соларды асырауға қажетті сома есепшотта қалады. Одан артылғаны ғана қарызды жабуға ұсталынады. Қазіргі жағдайда банк борышкерлердің жалақысын ғана емес, әлеуметтік төлемдеріне дейін шек қойып отыр. Зейнетақысын, жәрдемақысын ала алмай жүргендер бар. Заң қабылданса, осының бәрі реттелетін еді. Сапарбай ЖОБАЕВ, экономист, Қазақ технология және бизнес университетінің оқытушысы:ЖАРТЫЛАЙ БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРЫЛАДЫ
– Заңда борышкерлердің жартылай бас бостандығынан айырылатыны анық көрсетілуі тиіс. Себебі борышкердің жұмысы болмаса, дәретхана жуып, құбыр тазалап, химиялық өнеркәсіптерде зиянды жұмыстарды мәжбүрлі түрде істеп, жалақысын қарызын өтеуге жұмсайды. Қандай жұмыс істейтінін өзі шешпейді. Бірақ азаматтар жеке басын банкрот деп жариялауы үшін кепілі болуы керек, отбасы мүшелерінің рұқсаты қажет. Оның мамандығы бар ма? Мәселен, уран шығаратын өнеркәсіпте жұмыс істесе, қалай күн көреді? Неге несиесін төлей алмай қалды? Осы мәселенің барлығын ескеру керек. Аталмыш заң қабылданса, адамдардың жауапкершілігі артады. Кәсіпорын банкрот болса, оны сатады. Ал адам банкрот деп танылса, бас бостандығынан толығымен айырылмайды. Себебі қылмыс жасаған жоқ. Бірақ мәжбүрлі түрде зиянды жұмыстарға жегеді. Бұл – дүниежүзінде қабылданған заң. Банкрот деп танылған адам жалақысының бір тиынын да қайда жарататынын өзі шешпейді. Несиені жайдан-жай кешіре салу деген жоқ.