Елімізде болған оқиғалар қандай жағдайда да заң үстемдік танытатынын аңғартты. Демек, бұзақылық жасап жатқандарға қашанда кешірім болмайды. Олардың бәрі де күні ертең өз әрекеті үшін заң алдында жауап береді. Мемлекеттің біртұтастығын бұзудан бастап бөтеннің мүлкіне қасқана зиян келтіруге дейін жалғасатын құқықбұзушыларды жазалау тетігі Қазақстанның Қылмыстық кодексі мен өзге де құқықтық құжаттарда жан-жақты қарастырылған. Алғашында Маңғыстауда басталған бейбіт митингті қолдаған облыс орталықтары мен ірі қалалардағы шерудің соңғы шуға айналып кеткені мәлім. Ресми ақпаратқа сүйенсек, бүгінде бірқатар ел аумағындағы бірнеше қалада қазір экстремистік күштер құқық қорғау органдарына қарсы қару қолданып, қан төгілді. Осы орайда қоғамға жат әлгіндей әрекетті ұйымдастырғандар Қылмыстық кодекстің 181-бабына сай Қазақстанның азаматтығынан айырылып, өмірінің 12-17 жылын қамауда өткізуі бек мүмкін. Сол секілді бүлік кезінде теріс пиғылды топтардың шашбауын көтергендер де азаматтығынан айырылып, 8-12 жылға темір торға жабылуы ғажап емес. Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар 4 жылдан 10 жылға дейін сотталады. Ал оларға еріп, бейберекетсіздікке қатысқандар 3 жылдан 10 жылға дейін темір торға қамалуы мүмкін. Билік өкiлдерiнiң заңды талаптарына бағынбауға, жаппай тәртiпсiздiкке шақырып, арандатуға жол бергендер де өмірінің 3 жылын түрмеде өткізеді. Бұдан бөлек, салдарынан қоғамдық тәртіпсіздікке қауіп төніп, бөтеннің мүлкін жойып, бұзақылық жасағандар Қылмыстық кодекстің 293-бабына сай 2 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеп, 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұзақылық кезінде атыс қаруы қолданылса, сот басбұзардың бас бостандығын 3 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге шектей алады. Осы елең-алаң шақта жалған ақпарат таратып, елді ала тайдай бүлдірушілер де қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ұмытпаған жөн. Қылмыстық кодекстің 247-бабына сәйкес, жалған ақпарат таратқандар 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеп, 1 жылға сотталады. Ал төтенше жағдай кезінде заңға қайшы әрекет жасалса, жел сөзді таратушылар 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Кісі мүлкіне қол салуды қолдамайды
Заң байтал түгіл бас қайғы болған заманда қара басының қамын күйттеп, кісі мүлкіне қол салғандарға да аяушылық таныта қоймайды. Әсіресе, елдің түкпір-түкпірінде бой көрсеткен бүлікшілер сияқты тұрғын үйге, қызметтiк, өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiріп, ұрлық жасағандар Қылмыстық кодекстің 188-бабына сай жазаланады. Яғни, жаппай тәртіпсіздік кезінде бас пайдасын ойлағандардың мүлкі тәркіленіп, 2 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Дәл осындай жолмен жасалған тонаушылық әрекет үшін де басбұзардың мүлкі тәркіленіп, ол 5 жылдан 10 жылға дейін сотталады.Басқыншылардың басынан сипамайды
Күллі елді сары уайымға салғаны бас көтерушілердің мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық ұйымдар мен коммерциялық нысандарға шабуыл жасап, басып алуы болды. Қылмыстық кодекстің 269-бабында ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау, басып алу әрекеті кезінде құқықтық жауапкершілікке тарту жайы айтылған. Әлгіндей әрекет жасағандардың кінәсі дәлелденген жағдайда олардың бас бостандығы 3 жылдан 7 жылға дейін шектеледі. Басқыншылық адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, қаруды не қару ретiнде пайдаланылатын заттарды қолданып жасалған жағдайда қылмыскерлердің жазасы тіптен ауырлай түседі. Мұндайда сот оларды 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыра алады. Шабуыл кезінде кісі өлімі болса басбұзардың мүлкi тәркiленiп, азаматтығынан және 8 жылдан 15 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылады. Басқыншылықтан бөлек бүлікшілер тарапынан бой көрсете бастаған терроризм актісі үшін де жаза қатаң. Қылмыстың кодекстің 255-бабында лаңкестік жасағандардың 6 жылдан 10 жылға дейін түрмеге қамалатыны көрсетілген. Егер лаңкестік әрекет кезінде қару, жарылғыш заттар қолданылса, бұл мерзімі 8 жылмен 12 жылдың арасын құрайды.Тәртіпке бас иген...
Қазір бүлікшілер тарапынан құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің өміріне зиян келтіру, тіпті өлтіру фактісінің орын алғаны да дәлелденді. Демек, мұндай әрекетке жол бергендер де заңға сай жазалануы керек. Қылмыстық кодекстің 380-1-бабында қызметтік міндетін орындау сәтінде құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың, әскери қызметшілердің өміріне қастандық жасағандардың мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылатыны тайға таңба басқандай етіп жазылған. Елдің тыныштығы мен біртұтастығын сақтау жолында өз қызметін атқарып жүргендерді аса қатыгездікпен өлтіру, қастандықты төтенше жағдай жарияланған жерде немесе терроризмге қарсы операция жүргізу аймағында жасау фактісі дәлелденсе, қаныпезер қарақшы 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұдан бөлек, жаппай тәртіпсіздік кезінде әскери мүлікке зиян келтіру сияқты жағдайларды көзіміз шалды. Егер дәл осындай құқықбұзушылыққа барғандардың заңға қайшы әрекеті дәлелденсе, олар Қылмыстық кодекстің 459-бабына сай келтірілген шығынның көлеміне қарай 2 000-5 000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалап, бас бостандығы 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы да ғажап емес. Әскери мүлікке зиян келтіру фактісі қазіргідей төтенше жағдай кезінде жасалса, қылмыскердің жазасын өтеу мерзімі 5 жылмен 12 жылдың арасын құрайды. Ал жаппай тәртіпсіздік кезінде билік өкіліне күш қолданушылар Қылмыстық кодекстің 380-бабына сай 3 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеп, әрекетіне қарай 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.Төтенше «тәртіп»
Қалыптасқан жағдайға байланысты 5-19 қаңтар аралығында ел аумағында төтенше жағдай енгізілді. Тәртіпке сай кешкі сағат 23.00 мен таңғы 7.00 арасында коменданттық сағат деп танылды. Бұл аралықта кез келген қозғалысқа тыйым салынды. «Төтенше жағдай туралы» заңның 20-бабына сай коменданттық сағат ережесін бұзған жеке тұлғаларды жауапкершілікке тартудың құқықтық негіздері көрсетілген. Яғни, коменданттық сағат кезінде жеке басын куәландыратын құжаты болмағандар жеке басы анықталғанға дейін ұсталады. Мұндай азаматтарды ұстау мерзімі 48 сағаттан аспайды.