Елдігіміз сынға түскен бір апта
Елдігіміз сынға түскен бір апта
258
оқылды
Сұйытылған газ бағасының қымбаттауына наразылық ретінде басталған шеру бүкіл ел бойынша бассыздыққа, бүлікке ұласады деп кім ой­лаған? Айналдырған жеті күн­де 20-дан аса тәртіп сақ­шысы оққа ұшады деп болжай алдық па? Бұл дүрбелең ал­дын ала жоспарланған ша­буыл болады деп бағамдай алған жан бол­ды ма? Дәл қа­зір осы сынды сан сұрақ кө­кі­ре­­гімізде жи­нақ­талып қалды. Жауап тап­қымыз келеді, би­ліктен сұ­расақ дейміз, алайда қазіргі басты міндет басқа. Тыныш­тық­ты қалпына келтіру, со­дыр­ларды құрықтау. Сонда да болған жайттарды ой еле­гінен өткізейік. Бұл күндері болған жайттарды сараптауға тырыстық. Неге? Кім­дер? Өз қазағымыз шаңырақты шайқалтуға, елдің берекесін ке­тіруге қалайша қолы көтерілді? Біреудің маңдай терімен тапқан дүниесін тонауға, мемлекет пен кәсіпкердің ғимаратына өрт қоюға, сарбаздарды мерт қылуға, көшедегі жандарға оқ атуға кім бұйрық берді? Трагедия қалай өрбіді? Сұ­рақтарға жауап табу үшін алдымен оқиғаның қалай өрбігенін еске тү­сірейік. 2022 жылдың 2 қаңта­рын­да Жаңаөзен қаласының тұр­ғындары сұйытылған газ бағасы­ның 120 теңгеден сатыла баста­ға­нына наразы болып, алаңға шық­ты. Оған себеп – жаңа жылдан бас­тап газ электронды сауда ала­ңында еркін айналымда сатылды. Ереуілшілерді Ақтауда да қолдады. Жалпы, Маңғыстауда газ өнді­рі­летін болғандықтан, көгілдір отын бұл өңірде арзан. Сондықтан кө­ліктердің 90 пайызы газбен жүреді. Бірақ бұл газ бағасына ғана емес, азық-түлік, тұрмысқа қажет басқа да тауар бағасының қымбаттауына да қарсылық еді (кейін талап­тарында жариялады). Осы себепті де болар митинг Қазақстанның басқа да қалаларында қолдау тапты. Өйткені соңғы 2-3 жылда нарықта жұрт күнде тұтынатын зат атаулының барлығы дерлік қым­баттады. Жағдай ушыға бастаған шақта (4 қаңтарда) үкіметтік ко­миссия Ақтауға жетіп, жергілікті белсенділермен келіссөз жүргізді. Энергетика министрлігінің газ бағасын 70-85 теңгеге түсіре ала­мыз деген сөзін алаңдағылар қабыл алмады. Негізі, бұл бағаның өзі қауіптілеу еді. Өйткені респуб­ликаның басқа облыстарында газ бағасы 120-125 теңге тұрады. Яғни, неге Маңғыстауда арзан, бізде қымбат деп өзге өңір азаматтары да наразылық танытуы мүмкін еді (Оралдағы митингте заңгер Абзал Құспан дәл осы сөздерді қай­талады). Бірақ жағдай ушықпау үшін Үкіметтен келген комиссия ереуілшілердің газ бағасын 50 теңгеге түсіру керек деген талабын орындады. Бірақ билікке талап қояр сәт деп түсінді ме, жиналған топтың бас талабы орындалса да, олар тарқамай, соңынан саяси шарттар қоюға көшті. Бұл кезде елдің басқа қалалары мен облыс орталықтарында «Жа­ңаөзен ереуілшілерін қолдаймыз» деп орталық алаңдарға жиналған бастапқы бейбіт шеру кейін жа­п­пай тәртіпсіздікке, заңбұзушы­лық­қа ұласты. Нақтырақ айтсақ, әкімшілік ғимараттарды басып алып өртеу, полицейлерді соққыға жығу, олардың қызметтік көлік­теріне от қою, дүкендерді жаппай тонау, қирату, көшедегі кісілерді бүлікке қосыл деп қинау, бас тарт­қандарын тепкілеу, оқ ату, тағысын тағылар. Одан бөлек, Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, полицейлер мен әскерилердің киімін киіп, қала тұрғындарына, тәртіп сақшыларына оқ жаудырған жайттар да болған. Мәселен, Талдықорғандағы түрмеге арнайы жасақ (СОБР) киімінде келіп, есікті ашқызып, күзетшілерге ша­буыл жасаған. Яғни, адам басына келмейтін қылмыстың сан түрі жасалып, о бастағы газ бағасы, бей­біт адамдардың жиыны деген­нен түк те қалмады. Шығын аз емес. Мұндай бүлік, бассыздық Алматы, Қызылорда, Талдықорған, Тараз, Семей, Шым­кент, Ақтөбе қалаларында айрық­ша жауыздықпен орындалған. Қазіргі мәлімет бойынша, осы қақтығыстарда 16 полицей, бірне­ше армия сарбазы, Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің 7 қызметкері қаза тапты. Ал бүлікшілердің қо­лынан қанша бейбіт тұрғын көз жұмғаны белгісіз. Алайда содырлар атқан оқтан 2 бала қайтыс болып, 1 бала ауыр жарақат алғаны мәлім. Бұл кезде мұздай қаруланған полицей, армия жауынгерлері де өзін қорғау үшін бүлікшілерге қар­сы от ашқаны белгілі. Сондықтан қанша қылмыскердің өлгені де қазір белгісіз. Елге келтірілген материалдық шығынды есептеу қиын. Қазірдің өзінде республика бойынша 500-ге жуық көліктің өртелгені, оның 90 пайызға жуығы полициянікі екені анықталды. Бұдан бөлек, жедел жәрдем, өрт сөндіру көліктері де отқа оранған. Әкімдік, бизнес, мәдениет және өзге де ғимараттар ойрандалып жатыр. Бүлікшілер банкомат, супермаркет, дүкен, банк бөлімшесі, басқаларын то­наған. Тек бизнестің шығыны шамамен 93,7 млрд теңгені құрады. Бұл сома артуы мүмкін. Ал мем­лекеттік ғимараттардың шы­ғыны әлі белгісіз. Осы қылмыстарды жасаған 8 мыңдай «адам» ұсталды. Әлі де талайы құрықталар. Себебі біразы қала сыртындағы ауыл­дарға бас сауғалаған деген дерек бар. Оларды кісендеу үшін арнайы операциялар жалғасып жатыр. 300-ге жуығы ұрлаған затымен, қаруымен шекара аспақ болған жерінде ұсталды. елдігіміз Бүлікшілер кім еді? Бұл болған жайттардың қысқаша хроноло­гиясы, статистикасы. Енді басты сауалдарға жауап іздеп көрелік. Алматылықтар, өз қазағымыз жоғарыда тізбектелген қылмысқа қалайша барды? Мүмкін қылмысқа арандатушылар итермеледі ме? Ондай қылмысқа баруы әбден мүмкін. Алайда бастапқы бейбіт шеруге қатысқандар жиынды бү­лікке айналдырған бұзақы топ жайлы айтады. Олардың қолында жанармай толған бөтелке, арматур темір заттар болған. Президент тек Алматыға шетелде арнайы дайын­дықтан өткен 20 мың терроршының шабуылдағанын айтты. Мұны дәлелдейтін дерек жоқ емес. Оқ тиіп, ауруханаға түскендердің ара­сында арабша не басқа тілде сөйлейтіндер бар деседі. Бұдан бөлек, кейбір телеарналардың бейнетаспасына рация ұстап, бүлікшілерді бастап, жол көрсетіп, бағыт-бағдарын белгілеп отырған кураторлар түсіп қалған. Яғни, осы ақпаратты түйіндесек, бастапқыда алматылықтар жалпы жиынға бет алады. Олар Республика алаңына жиналады. Кейін бұзақы топ шерушілерді жаппай тәртіпсіздікке бастап кеткен. Қалғаны дүрмекке ілескен болар. Оның соңы адам өлтіру мен тонауға ұласқан. Бү­лікшілердің арасында өзіміздің де, шетелдің де азаматтары бар деген сөз. Көпшілігі көше төбелесі мен күресін, полицейлерге қарсы ар­палыс әдісін жақсы меңгерген. Өйткені дайындықтан өткен. Мұны бір деңіз. Енді бұл бүлікті кім ұйымдас­тырды, ол кімге керек болды деген сауалға тоқталайық. 8 қаңтар күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов және басқа да азаматтар ұсталғаны туралы хабарланды. Оларға мем­лекетке сатқындық жасау айыбы тағылды. Егер сотта оның айыбы дәлелденсе, бұл жаңалық біраз нәрсенің мән-жайын айқындай­тын сияқты. Егер бүліктің бас ұйымдастырушысы арнайы қыз­мет басшылығы болса, олардың көздегені не болды? Бұл сауалдың жауабын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының онлайн саммитінде Президент Қ.Тоқаев берді. Оның мәліметінше, бүлік­ші­лер елордаға шабуыл жасап, мем­лекеттік төңкеріс жасауды көз­деген. Тек ҰҚШҰ күштері елордаға жақындағанда содырлар ел аста­насын, Президент резиден­циясын шабуылдау ойынан бас тартқан. Президент пәрмені. Дәл қазір ҰҚШҰ әскерінің Қазақстан жеріне енгізілгеніне жұрттың басым бөлігі риза емес, өз наразылығын ашық жазып жатқандар да бар. Дегенмен Мемлекет басшысының бүгінгі сөзі көп нәрсені айшықтады. Егер ҰҚШҰ әскерінің ұшақтары елор­даға дер кезінде жетпегенде нағыз қанды қырғын ел астанасында болар ма еді. Ал оның салдары жай­лы ойлаудың өзі қиын. Бір сөзбен айтқанда, бүлік «авторлары» бір уақытта республиканың бар­лық өңірінде бүлік шығарып, астананы қоршап, Президентті қапыда қалдырып, қыспаққа алып, қызметінен бас тартуға мәжбүр еткісі келген шығар. Алайда елдің берекесін кетірген арам ойлылар­дың теріс ниеті жүзеге аспады. Президент табандылық танытып, өзінің конституциялық міндетін толық орындады. Өз уақытында батыл қадамдар жасады. Жағдай тұрақтала бастады. Ал енді шетелдік терроршылар елге қалай кіріп кетті деген сауалға тоқталсақ. Әрине, белгісіз. Бірақ Қазақстанның Грузиядағы елшісі қызметін атқарған Ермұхамет Ертісбаев елімізде содырларды дайындаған лагерь болғаны жө­нінде мәлімдеді. Бірақ ақпарат көзін жарияламады. Жалпы, шекараны бақылау Кеден комитеті мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметі жауапты. Жоғарыдағы деректерді ескерсек, содырлардың ел территориясына өтуіне ҰҚК көз жұмған сынды. Себеп, салдар, сабақ. Сонымен, еліміз тәуелсіз 30 жылда бұрын-соңды болмаған сынақты бастан кешірді. Билікті күшпен тартып алу мақсатында елге шабуыл жасалды, бейбіт митингті сылтау еткісі келді. Дегенмен азамат­тардың о баста алаңға шығуына да нақты себеп болғаны рас. Соңғы жылдары азық-түлік, дәрі-дәрмек, жанармай, пәтер, көлік бағасының күрт өсуі, жемқорлық деңгейінің азаймауы, қоғам табысының өс­пеуі сияқты мәселелер азаматтар­дың әлеуметтік жағдайын қиын­датқаны жасырын емес. Яғни, бүлікті жоспарлағандар осы фак­торларды ескергені және газ ба­ғасының кезекті рет өсуін триггер ретінде пайдаланғаны анықталды. Енді мұндай трагедия қайта­ланбауы үшін не істеу керек? Әдет­те мақалада автордың оқырманға ақыл-кеңес айтуы орынсыз. Алай­да бұл жолы пікір білдіруге газет ұстаған жандардан рұқсат сұрай­мыз. Үкімет бағаны бір деңгейде ұстау үшін үнемі мораторий жа­риялай алмайды, ұлттық компа­ния­ның есебінен бағаны төмен ұстауы да мүмкін емес. Бұл елімізді КСРО кезеңіндегі шығыны мол жоспарлы экономикаға кері кеті­реді. Сондықтан отандық өндірісті арттыруға және және бағаны нарықтың өзі реттеуге бағытталған күрделі экономикалық реформа қажет екені көрініп-ақ тұр. Бай мен кедей арасындағы алшақтықты кемітетін әлеуметтік өзгерістер де сұранып тұр. Жұртты жегідей же­ген жемқорлықтың көлемін күрт азайтатын кез де келді. Ел көке­йін­дегісін заңды жиындарда тәртіппен жеткізе алатындай, бірақ ол үшін жазаланбайтындай шынайы саяси реформа да қажет. Жалпы, жұрт­тың білім деңгейін, саяси сауатын, мәдениетін де арттыру қанша­лықты қажет екенін осы дүрбе­леңде түсіндік.