Кәсіпкерлердің шығыны мол
Кәсіпкерлердің шығыны мол
Қаңтардың 4-нен 5-іне қараған түні басталған жаппай тәртіп­сіз­дік­тің салдарынан Алматы эко­но­ми­ка­сы едәуір зардап шекті. Жалпы, ел ау­мағындағы бизнес нысандарына келген зар­даптың 90 пайызға жуы­ғы осы мегаполиске тиесілі. «Ата­ме­кен» ҰКП берген мәліметінше, ел бойын­ша шығынның бүгінге дейінгі жал­пы сомасы 93,7 млрд теңгеден асты. Атап айтқанда, қалада 1 399 нысанда ор­­наласқан 1 237 субъек­ті зардап шеккен. Оның ішін­де 1 245 әртүрлі деңгейдегі сау­­да, 25 қоғамдық тамақтану орын­дары мен 37 қаржы секторы­мен қоса, 9 ло­гис­тика саласында­ғы нысандар.

Зардап пен залал

Тәртіптік құрылымдар мен өзге құ­қықтық органдар мен әс­керилер сынды қызметкерлер қаланың әр жерлерінде бо­лып жатқан террорлық әрекеттерге қар­сы күресіп жатқан сәтте мега­полис кө­шелерінде жаппай ұрлау мен ашық то­нау бірден белең алып кетті. Осындай «мүм­кіндік­ті» пайдаланғысы келген кей­бір тұрғындар әртүрлі жанармай бекеттері мен тұрмыстық техника сататын ірі дү­кен­дерді тапа-тал түсте ашық тонауға кіріс­ті. Мұн­дайды қазақ «жау жағадан ал­­ған­ша, бөрі етектен тартады» дейді. Жаппай морадерлік әрекеттер кезінде көп зардап шеккен орын­дардың бірі – қа­ладағы түрлі қар­жы ұйымдары. Олардың ішін­­де банк, ломбард пен валюта айыр­бас­тау орындары да бар. Мысалы, өз көзі­мізбен көрген қа­ладағы Төле би кө­шесінің бойында орналасқан бірнеше ны­санның қираған жағдайын айтуға бо­лады. Мәселен, бір ғана Момышұлы мен Сайын көше­лерінің арасында орналасқан екі банк бөлімшесі, 4 ломбард пен бір ақша айырбастау пункті және он шақты төлем қабылдау терми­налдары қаңтардың 5-інен 6-сына қараған бір түнде тонал­ған. Ақша айырбастау орнының өкілі сол күні пункте қомақты қар­жы болғанын айтты. Оның сөзінше, 12 мыңдай АҚШ дол­лары, 5 мыңдай Ресей рублі және бірнеше мың қырғыз бен өзбек валютасымен қоса бірнеше млн теңге болған. Қолды болған қар­жының жалпы құны теңгеге шақ­қанда шамамен 15 миллион­дай көрінеді. Қарақшылар то­налған нысандардағы бағалы заттарды алып қана қоймай, ны­санның іші-сыртын талқан­дап, кәсіпкер­лерді қосымша шығынға ұшы­рат­қан. Екі банктің де іші мен сыртында тұрған бан­комат­тарды тонап, өздерін қи­ратып кет­се, 4 лом­бардтың есік-тере­зесін сын­­ды­рып, әйнектерін ша­­ғып кет­кеніне куә бол­дық. Тағы бір куә болған оқиға – Райымбек пен Момышұлы кө­ше­лерінің қиылы­сын­дағы жа­нар­­май бекетінің тоналуы. Ұрлық 6 қаң­­тар күні түстен кейін басталды. Тонау­­шылардың алғашқы болып келген тобы бекеттегі шағын дү­кенді шамалы уа­­қыттың ғана ішін­де үптеп үл­герді. Арты­нан келгендер екі күн бойы арнайы жерас­тына көміл­ген алты цис­тернада сақтал­ған бен­­зин­ді тып-типыл етіп, тасып кетті.

Қалпына қалай келтіреді?

Қала басшылығы мен басқа да жауапты орындар бүлінген бизнес нысандарды қай­та қалпына келтіруге жұмыла кірісіп отыр. Оларға түрлі қоғамдық ұйым мен жекелеген тұрғындар да көмекке келді. Алма­ты­дағы тыныс-тіршілікті қалпына келтіру жө­ніндегі қалалық штаб құрылып, тәулік бойы жұмыс атқарып жатыр. Нәтижесінде, соңғы мәлімет бойынша мегаполисте бү­лін­ген ірі азық-түлік супермаркетінің 77-сі өз жұмысын қайта бастады. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың соңғы таратқан мәліметінше, Алматының тыныс-тіршілігін біртіндеп қалыпқа келтіру жұмыс­тары жалғасты. Әкімнің айтуынша, қаланың барлық ау­дандарында тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін көшеден 200 тоннадан астам қоқыс, ауладан 1 000 тоннадан астам түрлі тұрмыстық қалдық шы­ғарыл­ған. Қиын күндерде қаланың тіршілігін қамтамасыз ету жүйесі үзіліссіз жұмыс іс­те­генін, халықты сумен жабдық­тау, кәріз, газбен жабдықтау, жылу қызмет­тері­мен қамтамасыз ету штаттық режимде жүр­гізілгенін атап өтті. Қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз етумен қатар дәрі-дәрмекпен қамту және тұрғындардың жүріп-тұруы үшін көліктерге қажетті жанармайды қол­же­тімді қылу да алғашқы кезекке қойыл­ған. Осы орайда жоғарыда айтқан 80-ге жуық супермаркетке қоса  3 ірі азық-түлік базары, 111 дәріхана өз жұмысын атқаруға кіріс­кен. Олардың үшеуі тәулік бойы жұмыс істейді. 70-ке жуық жанармай құю стан­сасының жұмысы жолға қойылды. Қа­лада сұйы­тылған газ бағасы литріне 70 тең­ге деп бел­гіленген. Күні кеше Алматы кәсіпкерлер пала­та­сының өңірлік кеңесі қазақстандық жер қойнауын пайдаланушылар мен ірі кә­сіпкерлерді қираған шағын және орта бизнес нысандарын қалпына келтіру үшін қаржылай көмек көрсетіп, әріптестерін қолдауға шақырды. Осы орайда мегаполистегі зардап шеккен бизнесті қайта жандандыру мақсатында «Күшіміз бірлікте» бизнесті қолдау қоры құрылғанын хабарлады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алматылық бизнес өкілдерінің бастамасын қолдаған. Ал қор басшысы Максим Барышев қорға түскен барлық қаражат Алматы қаласы және басқа да аймақта зардап шеккен кәсіпкерлерге арнайы комиссияның шешімімен бөлінетінін мәлімдеді. Олар қорға қаржының түсуі мен бөлінуі ашық болатынына кепілдік беріп отыр. Бұл да қаладағы жаппай бүліншілік кезінде зардап шеккен бизнес нысандардың аяққа қайта тұрып кетуіне өз септігін тигізеді деп күті­ліп отыр. Сонымен қатар түрлі еріктілер жасағы­ның бастамасымен қала тұрғын­дарынан «Халық жасағы» тобы құрылған. Олар мегаполисте бүліктен аман қалған немесе бүлін­геннен кейін қалпына келтіруді күтіп тұрған нысандарды ерікті түрде күзетіп жүр.

Нан бағасы: тұрғындар 450 теңге десе, әкімдік 85 теңге деп отыр

Көптеген орта және шағын бизнес нысандарының бүлінуі бизнес иесіне шығын келуінен бөлек кейбір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің қымбаттауына әкелмек. Нақты шаралар атқарылып жатқанына қарамастан, мегаполистің кейбір аудандарында азық-түлік, оның ішінде нан бағасы шарықтап кеткен. Күні бүгін қала әкімдігінің БАҚ өкілдеріне арналған әлеуметтік желідегі тобына Медеу ауданында орналасқан шағын дүкендерде нан бағасы 250 теңгеден сатылып жатқаны туралы жазба пайда болды. Артынша тағы бір желі пайдаланушысы, «Нан бағасы біз жақта 350-450 теңге болып жатыр» деген жазба қалдырды. Тіпті, бір әріптесіміз өткен аптаның сенбі күні 10 дана тауық жұмыртқасын 850 теңгеге сатып алғанын жазды. Бірақ бұл деректерге байланысты әкімдік өкілдері әзірге ешқандай нақты жауап жазған жоқ. Олар тек Алматыдағы ірі үш нан зауыты тұрақты режимде жұмыс істеп тұрғаны жайлы ақпарат берумен шектелді. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, аталған 3 нан комбинаты тәулігіне шамамен 80 тонна әлеуметтік нан шығарып жатыр. Олардың бер­ген мәліметінше, осы өндірілген нанның бағасы бұрынғыша 80-85 теңге деңгейінде сақталып отырған көрінеді. Қорыта келгенде түйгеніміз, ас атасының бағасына қатысты ресми орын берген жауап пен қала ішіндегі дүкендердегі шынайы баға сәйкес келмейтінін байқадық.   Светлана ЕРМҰХАМЕТОВА, кәсіпкер: – Оқиғаның басы-қасында болмадым. Тауар­ларымды алуға 6-сы күні бір-ақ бар­дым. Жалпы шығын – 500 мыңдай. Сонда бу­ти­гі бар басқа қыздар өз тауарларын бір күн бұрын алып кеткен. Олар­дың айтуын­ша, есік айқара ашық болған. Есіктің құл­пын балтамен бұзып кірген секілді. Бутигім ба­­зардың кіреберісіндегі оң жағында ор­на­ласқан. Негізінен, бас киімдер сатамын. Со­ның біразын алып кетіпті. Евгений ДАИРОВ, кәсіпкер: – Әйнектің бәрін күл-талқан еткен. Кас­салық аппарат пен дү­кен ішіндегі тер­миналдарды сын­дырған. Кассаны сын­дырып, ішін­дегі ақшаны сыпырып әкет­кен. Сөрелерді бұзып, сындырған. Дүкен­нен азық-түлік емес, бүкіл арақ-шарапты алған. Содан артқы есіктен шығып кеткен. Сынған әйнектерді қосып есептегенде, шығын 600 мың теңгедей болды. Берік АХМЕТОВ, кәсіпкер: – Барлық бутиктің әйнегін сындырып, ішіне кіріп, сөрелерін қиратқан. Өздеріне керек заттарын алған. Біздің бутиктен сырт­киімдер мен аяқкиімдерді әкеткен. Шы­ғынымыз – шамамен 2 миллион теңге. Келтірілген залал есебін сау­­да орнының әкімшілігіне көр­сеттік. Бірақ оның өтелуі не өтел­меуі белгісіз. Бәрі уақыт еншісінде. Өйткені көрсеткен шығынның фикса­ция­сын сұрап жатыр. Ертең тоналғанға дейінгі ви­деоны да сұ­рауы мүмкін. Міне, осындай тыр­­­нақ астынан кір іздеушілер де көп. Сау­да орны тоналғанын естіп, сол жақ­қа тарт­тық. Бірақ баруын барып алып, кө­шеде бір по­лиция қызметкерін не патрульді көр­медік. Одан сайын үрейіміз қашты. Содан сын­ған, тоналған дүниемізді көрдік те, ама­нымызда үйге қай­туға асықтық. Бой­да­ғы үрей әлі кеткен жоқ.

Алматы қаласы