– Еліміздегі қайғылы жағдай қабырғамызды қайыстырды. Соның салдарынан қаншама отандасымыз қаза тапты. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 10 қаңтарын жалпыұлттық аза тұту күні деп жария етті. Отан алдында қызметтік борышын орындау кезінде террористтер қолынан қаза тапқан жақындарынан айырылған барлық отбасыларға қайғырып көңіл айтамын. Барыс жылының алғашқы күндерінен бастап халқымыздың басына түскен үлкен сынның құрбандары, мемлекеттілігімізді сақтап қалу жолында жаны қиылған тәртіп сақшыларын мәңгі есте сақтаймыз. Террорлық әрекеттердің алдын алуда жанкештілік көрсеткен сарбаздарды тәрбиелеген ата-аналарына, туған-туыстарына, отбасыларына шексіз алғыс айтамын. Еліміз үшін бұл қаралы күндерде барша қазақстандықтарды, әсіресе жастарды, провокацияларға шалдықпай, заң және қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырамын. Еліміз үшін бұл күрделі кезеңде Президент, Жоғарғы бас қолбасшы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзіне толық жауапкершілікті алып, іштен және сыртта дайындалған диструктивті күштер тарапынан террористтік агрессияны тоқтатты. Барлығымыз білетіндей, бүгін елдің барлық өңірлеріндегі жағдай Президенттің жеке бақылауында тұр. Біз, Қазақстан азаматтары ретінде Мемлекет басшысының төңірегіне жұдырықтай бірігіп, тез арада тәртіптің қалпына келуі мен бейбіт өмірге оралуына қолдау көрсетуіміз қажет. Осы қаралы күндер артта қалып, Қазақстанда халықтың әрі қарай экономикалық жағдайы одан әрі дамып, жаңа кезең басталуына кәміл сенемін.
Фахриддин ҚАРАТАЕВ, Мәжіліс депутаты