Дүйім жұртты дүр сілкіндірген террорлық акті жамбылдықтардың да жүрегін шайлықтырды. Бейбіт түрде басталған шерудің арты қанды қақтығысқа ұласып, ғимараттар отқа оранып, әлеуметтік нысандар тоналып, адам шығыны болады деп кім ойлаған? Тараз шаһарындағы шеруге 5 қаңтар күні мыңнан аса адам бейбіт түрде қатысқанымен, ертесінен бүлікшілер ойран салып, жағдай бақылаудан шығып кетті. Террористер бір түнде облыс әкімдігі, Полиция департаменті мен «Nur Otan» партиясы өңірлік филиалының ғимаратын өртеп жіберді. 7 қаңтар күні де қала түні тыныш болған жоқ. Әр тұстан қару үні естіліп, елдің есін шығарды. Интернет желісі бұғатталғаннан кейін бұқара арасында әртүрлі әңгіме желдей есті. Алайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үндеуінен кейін жергілікті билік батыл қадамдарды қолға алып, шаһар көлемінде антитеррорлық актіні бастап кетті. Негізі, террористермен болған алғашқы қақтығыстан кейін тәртіп сақшылары қызметтік киімдері мен көліктерін ауыстыруына тура келді. Сондай-ақ құзырлы органдар мемлекеттік нөмірлерін тұтастай шешті. Себебі бүлікшілер дәл осы мемлекеттік нөмірмен жүрген көліктерге шабуыл ұйымдастырған болатын. Ал әскерилер күшейтілген режимге көшіп, қаланы бүлікшілерден тазалауға кірісті. Соның арқасында шаһардың негізгі аймақтары бақылауға алынып, ахуал біртіндеп тұрақтала бастады. Әскерилердің күшімен он шақты қарулы адамның көзі жойылып, 269 бүлікші ұсталды. Сондай-ақ әкімдік ғимаратын өртеген белсенді 4 адам құрықталып, олардан 2 «Калашников» автоматы тәркіленді. 20 қылмыстық, 104 әкімшілік іс қозғалды. Қаруланған топқа қарсы полиция, ҰҚК департаменттері мен «Оңтүстік» әскери қолбасшылығының 2 000-нан астам қызметкері мен 100-ден астам арнайы техникасы жұмылдырылған. Алайда қақтығыс кезінде 7 полицей жарақат алса, 2 сақшыға оқ тиіп, ажал құшты. Олардың ішінде 6 қаңтар түні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментін басып алмақ болған лаңкестерге тойтарыс берген ҰҚК облыстық департаментінің Террорға қарсы орталық бөлімінің басшысы, ұлттық қауіпсіздік подполковнигі Дастан Әділбай да бар. Қақтығыс кезінде ол ауыр жарақаттанып, ауруханада көз жұмды. Террористермен текетірес кезінде 100-ден астам қызметтік көлік қираған. 283 адам дәрігерлер көмегіне жүгінсе, оның 38-і ауруханада жатыр. Бүгінде қылмыскерлерді ұстау, жедел іздестіру шаралары жалғасуда. Облыс бойынша 33 блок-бекет қойылса, оның ішінде Тараз қаласының кіріс-шығыс қақпасында 11 блок-бекет жұмыс істеп тұр. Барлық көліктер тексерілуде. Бүгінде блок-бекеттерге 4 рет шабуыл жасалса, бекеттен заңсыз өтпек болған адамдар да құрықталған. Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері Тараз қаласында коменданттық сағат 19.00-ден басталса, осы күнге дейін 80 адам ұсталды деген ақпар бар. Олардың барлығы 15 тәулікке қамаққа алынған. Осы тұста айта кетерлігі, блок-бекеттерде шетел мен басқа өңірлерден келген көліктер де анықталуда. Қаланың өзіне келер болсақ, ықшамаудандар жеке-жеке бақылауға алынып жатыр. Сағат 19.00-ден кейін жүрген көліктерге тінту жүргізіліп, жүргізушілер мен жолаушылардың жеке бастары жіті тексерілуде. Сондай-ақ теміржол бекеті, әуежай, әскери қоймалар мен «Әмір және Д» дәріханалары әскерилердің қорғауына алынған. Маңызды стратегиялық нысан болған Қордай ауданы Отар әскери қалашығындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының қауіпсіздігі де арнайы жасақтың бақылауында. Теміржол вокзалында сағат 23.00-ден кейін пойыздан түсетін жолаушылар үшін арнайы кезекші автобустар тасымалы ұйымдастырылған. Қоғамдық тыныштықты сақтау бойынша жергілікті билік пен еріктілердің бірлескен жұмысы да жолға қойылған. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ел басына күн туған сәтте Тараз қаласындағы жанар-жағармай құю бекеттері, коммуналдық нысандар, ірі сауда орындары мен әлеуметтік дүкендерді аралап, баға тұрақтылығын бақылап қайтты. Жанар-жағармай бекеттері қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Мұнда 92 маркалы бензин – 179 теңге, 95 маркалы – 208 теңге, дизель отыны 230 теңгеден сатылуда. Ал қала бойынша газ – 60, аудандарда 65 теңгеден өткерілуде. Сауда орындарындағы азық-түлік қоры жеткілікті. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағалары да шекті деңгейден аспайды. Аймақ басшысы Бердібек Машбекұлы егер азық-түлік бағасы негізсіз өсетін болса, ондай сауда орындарының иелері қатаң жазаланатынын ескертті. Бұдан бөлек, төтенше жағдай кезінде халықтың жарыққа төлем жасай алмай жатқаны да өзекті мәселе болып туындаған. Облыс әкімі бұл түйткілді де біржақты шешіп, 10 қаңтардан бастап екінші деңгейлі банктердің банкоматтары қолма-қол ақшаға толтырыла бастады. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік және коммуналдық қызметтер штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Негізі, Тараз қаласындағы террорлық актіде зақымданған әлеуметтік нысандар жоқ. Десек те, өртенген ғимараттар мен қала көшелерін қоқыстан тазарту жұмыстары басталып кетті. Келтірілген шығын есептелуде. Апта басында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев халыққа тағы бір Үндеуін жолдады. Онда аймақ басшысы өңірде жағдай тұрақталғанымен, қауіп тұтастай сейілмегенін ескертті. Жаңа шектеу бойынша сағат 23.00-ден таңғы 07.00-ге дейін енгізілген коменданттық сағат талаптарын қатаң сақтауға бұқараны шақырды. Бұдан бөлек, аймақ басшысы халыққа қандай да болмасын күдіктілерді байқаса 102 нөміріне хабарласуға, ал қолдарында қарулары болса өз еркімен жауапты органдарға өткізуге үндеді.
Жамбыл облысы