Бар жақсымыз балаларға!
Бар жақсымыз балаларға!
231
оқылды
2022 жыл – Балалар жылы. Қа­зақта «Адам болатын бала алысқа қарайды» деген тәмсіл бар. Бала мықты болып өсуі үшін дұрыс тәрбие мен білім қажет. Президент жаңажылдық құттықтауында Ба­ла­лар жылы аясында түрлі мерекелік шаралар мен жиындар өткізу емес, балаларды қорғау мақса­тын­да денсаулығы мен білім сапасын арттыру, әлеуметтік қамсыздандыру басты міндет екенін айтқан еді. «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жал­пыұлттық міндетіміз. Мен Мемлекет бас­шысы ретінде өскелең ұрпақтың болаша­ғы­на баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың ара­сында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұш­қыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Балалар жылында атқарылатын игі шаралардың бірі – сауықтыру мәселесі. Саламатты өмір салтын құру. Елімізде ем-дом қажет ететін балалар өте көп. Биыл балаларды сауықтыру жылы деп атауға да негіз бар. Осы орайда Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин: «Мемлекет пен Ден­саулық сақтау саласы балаларға туа са­лы­сы­мен көңіл бөлуі керек. Скринингтен өт­кізу арқылы аурудың алдын алуға бо­латыны баршаға мәлім. Елімізде ДЦП, көз ауруы сияқты диагнозы бар балалар жет­кі­лікті. Мүмкіндігі шектеулі балалардың мүм­­­кіндігін шектемеу үшін жүйелі жұмыс істеу керек» деген еді. Уәкілдің айтуынша, олар­дың сапалы, талапқа сай білім алуы ма­ңыз­ды. Мәселен, өңірлерде үйірме жоқ. Ба­ла­ларға бақытты балалық пен болашақ сыйлау ата-ана мен мемлекеттік міндеті еке­ні айқын. Уәкіл алаңдаған мәселелер биыл орынды шешіліп, балалардың бола­шағы үшін маңызды шаралар атқарылғаны жөн. Педиатр дәрігер Жарқынай Алпысова Балалар жылын ерекше қолдайтын жан­ның бірі. Дәрігердің айтуынша: «Себебі бізге неше түрлі балалар келеді. Барлық ба­ланың ата-анасы перзентін 100 пайыз қам­туға, емделетін болса, емдетуге мүм­кіндігі бола бермейді. Қазіргі медициналық қызметтің бағасы клиникаларда өте қым­бат. Мемлекеттік емес мекемелерде емдеу үшін бітпейтін кезек екені барлығымызға белгілі. Сонымен қатар үнемі ем-дом қа­жет ететін балалар да бар. Олардың жағ­дайы тіптен ерекше. Осындай жағдай­дың барлығын ескере отырып, биылғы Балалар жылында барлық балаларға ме­дициналық көмектің барлық түрін қарас­тырсақ, құба-құп болар еді», – дейді. Соңғы жылдары аутизммен ауыратын, сал ауруына шалдыққан балалардың қа­тары артқан. Олардың да әрқайсысына ерек­ше күтім керек. Ем-домы үшін ана­ла­ры шырылдап, арнайы мекемелерді іздеп, табанынан таусылып жүр. Бұл жағдайда мұн­дай балаларға қажеті – тегін меди­ци­налық көмек. Сол себепті де Балалар жы­лында оларға арнап медициналық кө­мектің түр-түрін қарастырсақ, құба-құп болар еді. Әсем Мейірманқызы – балаларға ар­нап, түрлі үйірме ашып жүрген білікті ма­манның бірі. Ол: «Бала мектептен кейін қай­да барады? Көп бала селтеңдеп бос жү­ріп, уақытын текке өткізеді. Оның ор­нына өзіне қажетті үйірмеге барып, спорт­тық гимнастиканы, актерлік шеберлікті үйреніп өссе, нұр үстіне нұр. Балалар домбыра үйреніп, халық биі, актерлік шеберлік, хореография, спорттық гимнас­тика, сурет және тағы басқа үйір­мелерге қатысып, саламатты өмір салтын құрса, жақсы емес пе? Осы арқылы біз ба­лалар­дың келешегіне айрықша үлес қосып келеміз», – дейді маман. Ал балалар психологі Әсем Жол­таева­н­ың айтуынша, қазіргі балалардың ой-та­нымы, түсінігі, болмысы басқа. «Қазір ба­лалардың көбі робототехникаға ерекше қы­зығады. Мен – педагогпін. Өмірге бала әке­ліп, соның күтімімен үйде отырған жыл­дары «Балалар неге қызығады? Олар­ды қайтсем дамытамын?» деген ой болды. Сосын осы тақырыпта біраз ізденіп көрдім. Осылайша, өз балаларым арқылы өзге балалардың да арманына қанат қақ­тыруды жөн көрдім. Міне, биыл жетінші жыл, робототехникамен айналысамын. Арнайы орталық ашып, балалардың са­бақ­тан тыс уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуі үшін жақсы мүмкіндік беріп отырмын. Бұрын ата-аналар балаларын өздері жетектеп әкелетін. Қазір, керісінше балалар ата-ана­сын алып келеді. «Мен осындай жерге келгім келеді, досым не құрбым робото­техниканы меңгеріп жүр» деп балалардың өзі ынталанады. Бұл – біз үшін үлкен же­тіс­тік. Президентіміз биылғы жылды Ба­ла­лар жылы деп жариялады. Ендеше бар­лық ата-анаға айтарым – баланы оқы­ту, ден­саулығын қадағалау, әлеуметтік жағдайын жасау аздық етеді. Баланың жарқын бо­лашағы үшін оның қызығу­шы­лығын одан әрі жетілдіру де маңызды. Сон­дықтан бұл жылды балалармен сыр­ласу жылы деуімізге де болады», – дейді психолог. Биыл атқарылатын тағы бір ізгі дүние­нің бірі – балалар әдебиетін дамыту. Ауыл­дық мектеп кітапханаларында балаларға арналған әдебиеттер жеткіліксіз. Интернет және гаджет ғасырында балалар кітап ту­ралы ұмытпауы тиіс. Балалар әдебиетін да­мытудың жолы – балалар драматургия­сы, балалар прозасы, балалар поэзиясына арнап түрлі бәйге ұйымдастыру. Қуыршақ театрларына балаларға арналған репер­туарды көбейту. Ұлттық мультфильмдер шығару ісінде жекеменшік компанияларды қаржылай қолдау тетіктерін қарастыру. Жергілікті әкімдіктер тарапынан кітап­ханаларды жаңа кітаптармен толықтырған жөн. Жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін электрон­ды оқулықтарды енгізу қажет. Мұндай кітаптар қолдануға өте тиімді, барынша ыңғайлы, қазіргі заман талабына сай болары сөзсіз. Қазір балалардың дені YouTube арна­сына тәуелді. Балалар YouTube-тан не кө­ріп отыр? Қазақша сапалы контент бар ма? Балаларға арналған анимациялық фильм­дер, түрлі ойын, қажетті контенттер жоқтың қасы. Осы олқылықтың орнын толтырудың уақыты келген сияқты. Бала­лар жылында қолға алынатын негізгі игі шаралардың бірі осы болмақ. Деректерге қарасақ, елімізде 6 млн 109 мың бала бар екен. Олардың әрқайсысы білім алуға, тегін медициналық көмек алу­ға құқылы. Әрбір бала ой-пікір, ар-ождан және дін еркіндігіне құқығы бар. Өзі қала­ған спорт түрімен шұғылдануға, тынығуға және мәдени демалуына да мүмкіндік берілуі тиіс.

Айым БЕКТҰР