Солтүстік Қазақстан облысында жағдай тұрақты болғанымен, өңірде 25 блок-бекет орнатылып, онда тәртіп сақшылары қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қаласының айналасына 5 бақылау-өткізу бекеті қойылды. Олар Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылының маңына, Солнечный кенті, Мамлютка, 2-ші Омбы айналма жолында және Шаховское ауылына бұрылатын жерге орнатылды. Сонымен қатар облыс аудандарында 20 бекет жұмыс істеп тұр. Облыс коменданты, облыстық Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Марат Төлебаевтың айтуынша, блок-бекетте 17 мыңнан астам автокөлік тексеріліп, маңызды себеппен облыс шекарасынан өтпек болған 451 көлікке өтуге рұқсат етілмеген. Айыртау ауданында тексерілген бір көліктен суық қару табылған. Тек автожолдар ғана емес, теміржолдар да бақылауда. Теміржол және әуекөлігімен келіп жатқан тұлғалар тексерілуде. Жалдамалы пәтерлер мен қонақүйлерді, өңірімізге келген азаматтарды түгел тексеруде. Естеріңізге салсақ, Қазақстан Президентінің Жарлығына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысында 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай енгізілді. Қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сағат 23.00-ден таңғы сағат 07.00-ге дейін коменданттық сағат енгізілді. Бұл кезеңде үйден шығуға, сондай-ақ көлік құралдарының жүруіне тыйым салынады. Облыс орталығына кіру және шығу шектелді. Алкоголь өнімдерін сату құқығынсыз көңіл көтеру, ойын-сауық орындары, дәмхана, мейрамхана, бардың жұмыс уақыты сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін шектелді. Сонымен қатар барлық сауда нүктелерінде спирттік ішімдіктер сатуға тыйым салынды. Жаппай іс-шараларды өткізу, фото және бейнежазба жүргізетін техникаларды пайдалану шектелді. Төтенше жағдай режимі кезеңінде бақылау-өткізу режимі және жеке бастарын куәландыратын құжаттарын тексеру, көлік құралдарын тексеру енгізілді. «Халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдардың қызметкерлері, медициналық көрсетілім бойынша кіретін және шығатын адамдар, стационарда емделудегі адамдардың шығуы, транзиттік жүк көлігі, жұмыс орнынан анықтама көрсеткен кезде жұмыс орнына баратын адамдардың көлігі, тұрғылықты жеріне баратын адамдарға шектеу қойылмайды. Жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер мен ереуілдер, сондай-ақ ойын-сауық, спорттық және басқа да іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. Сонымен қатар жол шетіндегі дәмханалардың да жұмысы тоқтатылды», – деді Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Байматов.
ЗАҢ БҰЗҒАНДАР ЖАЗАЛАНДЫ
Петропавлда төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 34 адам жауапкершілікке тартылды. Олардың басым бөлігі – коменданттық сағатты бұзғандар. Төрт тәртіп бұзушылық ішімдік сатуға қатысты болды. Барлық заңбұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Өңір полицейлері төтенше жағдайды бұзғаны үшін заңнамаға сәйкес айыппұл салу не 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза қарастырылатынын тұрғындардың естеріне салуда. Соған қарамастан Петропавлда төтенше жағдай режимі кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекеттер жасағаны үшін жергілікті пабликтің әкімшісі жауапқа тартылды. Оған сот шешімімен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 478-бабы бойынша 30 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза белгіленді. Ол Instagram әлеуметтік желісінде митингіге шақырған экстремистік ұйымның әрекеттерін насихаттайтын жазба орналастырған. Облыс коменданты хабарлағандай, 10 қаңтардағы жағдай бойынша төтенше жағдай кезеңінде полиция органына барлығы 255 адам жеткізілді, оның ішінде 72 адам төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін айыпты болған. Заңсыз митингке қатысқаны үшін 16 адам жауапкершілікке тартылды. Солтүстік Қазақстан облысында 5 қаңтар күні алаңға шыққандардың барлығы дерлік – 20-30 жас аралығындағы жұмыссыз жергілікті ер адамдар екені анықталды. Сондай-ақ заңнама бойынша жалған ақпарат тарату үшін де жаза қарастырылған. Жалған ақпарат таратқан азаматтар Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Құқықтық тәртіпті бұзуға, әлеуметтік және ұлтаралық алауыздықты тұтатуға алып келетін арандатушылық пікірлер үшін де ҚР заңнамасымен жауапкершілік көзделген. Төтенше жағдай режимі кезеңінде билік өкілінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбағаны үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаментінде саll-орталығының 61-25-42 телефоны жұмыс істеп тұр. Мұнда азаматтар төтенше жағдай режимі кезеңіндегі шектеу шаралары мәселелері бойынша жүгіне алады. Сондай-ақ полицейлер күдік тудыратын тұлғалар немесе фактілер, төтенше жағдай режимінің бұзушылықтары туралы 102 арнасына хабарлауды сұрайды. Сонымен қатар облыстық прокуратура да өңір тұрғындарына үндеу жолдады. Прокурорлар да біреулердің терроризм актісін жасау әрекеттері немесе ниеттері туралы білетін адамдардың барлығынан дереу қадағалау органына хабарлауды сұрап отыр. Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдай тұрақты және толық бақылауда. Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов: «Облысымызда лаңкестік қауіптің бетін қайтару үшін тиісті күштер мен ресурстар жеткілікті. Негізгі мемлекеттік органдар штаттық режимде жұмыс істеуде. Біздің міндет – облыстағы маңызды нысандардың жұмыс істеуін және тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету. Бізге облыс аумағында заңсыздыққа барғысы келетін кейбір адамдар туралы ақпарат келуде. Бұл әрекеттер қатаң жазаланып, заңды бұзғандар жауапқа тартылады. Жерлестеріме айтарым, бүгінгі жағдайға түсіністікпен қарау қажет. Бұл уақытша қиындықтар, оның барлығын бірігіп жеңеміз», – деді өз үндеуінде.ЖАҒДАЙ ҚАЛЫПТЫ
Бүгінде солтүстікқазақстандықтар интернеттің бұғатталғаны болмаса, қалыпты күн кешіп жатыр. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов кеше өткізген брифингте күн сайын интернет жұмысының ұзақтығы ұлғайтылатынын айтты. Қоғамдық көлік, денсаулық сақтау, білім беру ошақтары, сауда орталықтары, дәріханалар, дүкендер, басқа да тіршілікті қамтамасыз ету нысандары әдеттегідей жұмыс істеп тұр. Тек қолма-қол ақшасыз есеп айырысу мүмкіндігі шектеулі. Дегенмен қаладағы бірқатар супермаркет арнайы желі арқылы ақшасыз төлемдер қабылдауды жолға қойды. Банкоматтарға кезек азайды. Инкассаторлық көліктерге үнемі патрульдік полиция ілесіп жүреді. Облыс әкімінің айтуынша, барлық негізгі банкоматтарға ақша салынды. Халық банктің облыстағы бөлімшелері өз жұмысын бастады. Мемлекеттік органдар мен маңызды нысандар штаттық режимде жұмыс істеуде. Азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Облыстық және қалалық әкімдік ғимараттарын, банктерді, жылу-электр стансасы және басқа да стратегиялық нысандарды күзету күшейтілген. Облыс әкімі әлі де босаңсуға болмайтынын ескертті. «Қазір облыста ахуал тұрақты. Өңірде осы күндері зардап шеккендер болған жоқ. Мүлікке зиян келген жоқ. Жағдайға түсіністікпен қараған облыс тұрғындарына алғыс айтамын. Біздің облыста газ бағасы елде ең қымбат деген қате ақпарат тарауда. Монополияға қарсы агенттік тексерді. СҚО, Ақмола, Алматы, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарында баға бірдей. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Үндеуінде жағдай тұрақты өңірлерде төтенше жағдай кезең-кезеңімен алынады деп айтты. Біздің облыста алғашқылардың бірі болып төтенше жағдай алынады деп күтілуде», – деді облыс әкімі Құмар Іргебайұлы. Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек өткізген кеңесте сауда желілерінің өкілдері мен тауар өндірушілер интернеттің бұғатталуына байланысты кассалық аппараттардың жұмысында қиындықтар туындап отырғанына тоқталды. Кассалық аппараттар істен шыққандықтан, азық-түлік пен басқа да тауардың бағасын сараптау мүмкін емес. Сонымен қатар кәсіпкерлер жолаушылар автобусының қозғалысы нашарлағанына шағымданды. Салдарынан жұмысшылардың қатынауында, әсіресе коменданттық сағаттың басталуына дейін үйлеріне қайтаруда қиындық туындап отыр. Облыс әкімінің орынбасары автобустардың қозғалысы жуық арада қалпына келтірілетінін айтып сендірді. Сондай-ақ кәсіпкерлерді жүк көліктері мен сауда өкілдерінің блок-бекеттер арқылы өтуіне қатысты сұрақтар толғандырады. Бұл ретте қиындық туындаса, олар кәсіпкерлер палатасының call-орталығына хабарласа алатыны түсіндірілді. Бұл жиында қозғалған басты тақырып – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны қымбаттатпау мәселесі.Солтүстік Қазақстан облысы