Жарыстар тұралап қалды...
Жарыстар тұралап қалды...
191
оқылды
Барыс жылы дүмпумен басталып, саяси өміріміздің астан-кестені шықты. Бұл жағдай өзге салалармен қатар ел спортына да кері әсерін тигізді. Қа­зақ­станда 19 қаңтарға дейін барлық бұқара­лық және спорттық іс-шаралар тоқта­тылды. Елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты шектеулер елдегі спорт­шылардың оқу-жаттығу жиын­дарының, ішкі біріншіліктегі жарыс­тардың өтуіне кедергісін келтіріп жатыр. Шетелде жүрген спортшылар оқу-жаттығуларын және халықаралық турнирлерге қатысуын жоспар бойынша жалғастыруда, оның ішінде Бейжің-2022 қысқы Олимпиадасына дайындық та бар. ҰОК жанынан құрылған арнайы штаб ұлттық федерациялармен тығыз байланыс орнатып, спортшылардың қауіпсіздігін үнемі бақылауда ұстап отыр. Одан бөлек қазіргі кезде көптеген қазақстандық клубтар Түркияда өтуі тиіс оқу-жаттығу жиынына ұша алмады. 7 қаңтарда олардың бірқатары шетелде болуы керек еді. Олардың арасында «Астана», «Қызыл-Жар», «Атырау» және «Ақтөбе» клубтары бар. 2021 жылғы ел чемпионы «Тобыл» да 2022 жылғы маусымға жоспарланған оқу-жаттығу жиынына кіріскен жоқ. Ресми түрде клуб жаңа маусымға дайындықты 8 қаңтарда Қостанайда бастауы керек болатын. Енді «Тобыл» елде жаттығу жиынын өткізбей-ақ аздаған үзілістен соң Түркияның Анталия қаласына барады. Қостанайлық клубтың нақты қай уақытта ОЖЖ-ға аттанатыны әлі анықталмады. «Кеншілер» де осы аптада оқу-жаттығу жиынын бастайды. 14 қаңтарда қарағандылық клуб шетелдік оқу-жаттығу жиынына қатысу үшін Түркияға аттанбақшы. «Ақтөбе» футбол клубы 2022 жылғы маусымға оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін 19 қаңтарда Түркияға ұшып баруды жоспарлап отыр. Олар әу баста 8 қаңтар күні Түркияның Анталия қаласына барып, Calista Luxury Resort қонақүйінде орналасуы керек еді. Бірақ соңғы сәтте ғана шетелге сапар кейінге шегерілді. «Тараз» футбол клубының да 2022 жылғы маусым алдындағы оқу-жаттығу жиыны жайлы жоспары белгілі болды.  «Тараз» жаттығу жиынын елімізде бастайды. Ал 20 қаңтарда Түркияға аттанады. Бірақ қазір команда ешқандай жаттығу өткізіп жатқан жоқ. Еліміздегі барлық футбол клубтары аздаған үзілістен соң қайта жаттығу жұмыстарына кіріседі. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының баспасөз хатшысы Ермұха­мед Мәулен хабарлады. – Елдегі жағдай қайтадан қалпына келе бастаған сыңайлы. Бір айдың ішінде бастапқы қалыпты жағдайда өмір сүре бастармыз. Ел футболында қазір барлығы тыныш. Клубтарымыз Түркияға кетуі тиіс еді, алайда шет елге ұшып шығуға 11 қаңтарға дейін рұқсат берілмеді. Сондай-ақ Қазақстан футзал құрамасы Украинамен жолдастық кездесу өткізіп, Еуропа чемпионатына баруы тиіс. Бразилияда демалыста жүрген Игитаның да елге келуі қиындап жатқанға ұқсайды. 7 қаңтар күні оқу-жаттығу жиынын бастауы тиіс командалар әзірге Қазақстанда, – дейді Ермұхамед Мәулен. Ал белгілі қазақстандық футболшы Давид Лория отандық футбол клубтарының басшыларын Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарына бармай, Қазақстанда ОЖЖ өткізуге шақырды. – Бүгінде мемлекет қаржыландыратын кәсіпқой спорт клубтарының басшыларының алдында тұрған міндет барлық мүмкін болатын шығындарды оңтайландыру болуы керек. Осы орайда маусымаралық кезеңде барлық кәсіпқой футбол клубтары бұрынғыдай шетелге ағылмай, өз елімізде жаттыққан дұрыс. Менің ойымша, бұл көптеген клубтың қаржы үнемдеуіне көп пайдасын тигізеді, – дейді Давид Лория. Алайда экс-футболшының бұл ұсынысына құлақ асатын клуб басшылығын көріп тұрғанымыз жоқ. Бірақ кейінгі екі-үш жылдықта кейбір отандық клубтар бірінші оқу-жаттығу жиынын өз елімізде өткізуді әдетке айналдырғанын айтпай кетуге болмас. Бұл да болса «Қайрат», «Тобыл» секілді жабық манежі, қысқы уақытта жаттығатын алаңы бар клубтардың қатары артып келе жатқанын көрсетеді. Қазір елімізде өзге де спорт түрлері бойынша өтетін біріншіліктер тұралап қалды. Қазақстан хоккей федерациясы республика­лық жарыстар ұйымдастыру бөлімі елде хоккейден барлық чемпионат уақытша тоқтатыл­ғанын мәлімдеді. Бұған әрине Қазақстанда 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай режимі жариялануы себеп болды. «Елдегі жағдай тұрақталып, ТЖ режимі алынғаннан кейін Jastar ProLigasy аясындағы матчтар жалғасады. Нақты мерзімдері кейін хабарланады», – делінген ҚХФ баспасөз қызметінің хабарламасында. Қорыта айтқанда, әзірге төтенше жағдай режимі аяқталғанша еліміздегі өту тиіс барлық спорттық іс-шаралар кейінге қалдырылды. Алдағы аптада елдегі жағдай қайтадан қалпына келе бастаса, спорттық жарыстар қайта жалғасын табады.