Вирустың елдегі екпіні қатты

вирус

Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады. Соңғы тәулікте коронавирусты жұқтырған­дар 2 мыңға жетті. Індет басталғалы ауырғандардың саны миллионнан асып жығылған. «Қызыл» аймақтағы Нұр-Сұлтан қаласының қата­рына Шымкент қосылды. Әлемде де жағдай мәз емес. «Омикронның» жылдам таралуы жағдайды ушық­тырып жіберген. Дәрігер тапшы, ау­руханаларда орын жоқ, дәріхана­ларда дәрі жетіспейді. 

Елімізде науқастардың басым бөлігі «дельта» штамын жұқтырған. Ал «оми­крон» әзірге Алматы, Нұр-Сұлтан және Ақтөбе қалаларынан анықталды. Ма­мандардың айтуынша, «омикрон» шта­мы­ның көбеюіне байланысты корона­вирус жұқтырғандар да артып жатыр. Рес­публикада эпидемиологиялық ахуал­ды бағалау матрицасы бойынша Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары «қызыл» аймақта. Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстары «сары» аймақта. Қал­ған Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан облыстары әзірге «жасыл» аймақта.

Мамандар «омикрон» штамы коро­на­в­ирустың алдыңғы түрлеріне қарағанда жеңіл өтетінін айтып жатыр. Ол тыныс алу жолдарының тек жоғары бөлігіне тарап, әдеттегі өкпе қабынуына әкел­мей­тін кө­рінеді. Бірақ қауіптің бәрі жылдам таралуда болып тұр.

– Қазір халық жаппай бүліктен соң есеңгіреп қалды. Бар назар қаңтар оқи­ғасына ауып, карантин талаптары ұмы­тыла бастады. Бірақ вирустың екпіні басылған жоқ. Әлеуметтік арақашықтық сақтап, бетперде тағу керек. Коронавирус неге өршіп кетті? Себебі халық қарапайым ережелерге салғырт қарайды. «Омикрон» кезінде әлсіздік, жүрек соғысының жиілігі байқалып, дене қызуы көтерілуі мүмкін. Алайда дәм мен иіс сезу жоғал­май­ды. Бас­ты белгілері: бас ауруы, мұрын­нан су ағу, түшкіру, тамақ ауыру және қатты әлсіздік. Аурудан қорғанудың басты жолы – вакцинация», – дейді вирусолог Гүлшара Мырзабекова.

Нұр-Сұлтанда індетке шалдық­қан­дарды емдеу үшін барлығы 7 стационар жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 51 реани­мациялық төсек қана бос. Оттегі ап­параттарында 18 науқас өте ауыр жағдайда жатыр. Ал республика бойынша 23 725 адам коронавируспен күресіп келеді, 188 адамның жағдайы ауыр, 67 науқастың жағдайы тіпті нашар, 47 нау­қас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.

«ОМИКРОН» ӘБІРГЕ САЛЫП ЖАТЫР

Әлемдегі жағдайға тоқталсақ, коро­навирустың «омикрон» штамы COVID-19-дың өзге түрлеріне қарағанда жылдам жұғатын болғандықтан, науқастар саны күрт артып, дерт меңдеп барады. Біраз елде ауруханада орын жоқ. ПТР-тест те жетіспей жатыр. Ұлыбритания ауруха­наларында бос орын болмағандықтан, жедел жәрдем көліктері сағаттап күтуге мәжбүр.

АҚШ-та да дәрігер жетіспей жатыр. «Омикронның» жылдам таралуы жағ­дайды ушықтырып жіберген. Қазір әрбір төртінші ауруханада кадр тапшылығы байқалады. Осыған байланысты кейбір мекемелер вирус жұқтырған, бірақ ауруы еш белгісіз өтіп жатқан дәрігерлерді жұ­мысқа шы­ғаруға мәжбүр. Ондай қыз­меткерлер тек коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдейді. Сонымен қатар біраз қызметкер вакцина салдырмағаны үшін жұмыстан шеттетілген. АҚШ вирус жұқтыру бойын­ша әлемде қазір бірінші орында тұр. Соңғы мәліметке сәйкес, науқас саны 60 мил­лион­нан асып кеткен. Көбі «омикрон» жұқ­тырған, бұл тізімде балалар да жетерлік.

Ал Қытай билігі Ючжоу қаласында локдаун енгізді. Бейжіңнен оңтүстік-ба­тысқа қарай 700 шақырым жерде ор­наласқан Ючжоу тұрғындарына қаладан шықпауға бұйрық берілді. Қаланың түрлі бөліктеріне арналған ережелер енгізілді: кейбір бөлігінде халыққа кіруге рұқсат берсе де, шығуға рұқсат жоқ. Ал басқа­лары екеуіне де рұқсат бермеді. Қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылды, тек жедел жәр­дем көлік­теріне ғана рұқсат бар. Барлық дүкен, ойын-сауық, демалыс орын­дары жабық. «Күнделікті тұрмысқа арналған тауар­лармен қамтамасыз ететін» кәсіпорындар ғана жұмыс істей алады.

вирус

Аустралияда да індет қайта дендеп барады. Өткен аптада ел ең тығыз қо­ныс­танған Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында 30 мыңнан аса науқас анықталып, 16-сы бұл дерттен көз жұмды. Бұл – індет басталғалы тіркелген ең жоғары көрсеткіш.

Жапонияда коронавирус жұқтырған­дар саны соңғы 3 айдың ішінде алғаш рет бір тәуліктің ішінде мыңнан асты. Соңғы рет ел астанасында 8 қазанда 135 адам коронавирус жұқтырған болатын. Өткен аптада Осака префектурасында 124 адам­ның індетке шалдыққаны хабарланды. Бұл өңірде 14 қазаннан бері алғаш рет 100-ден асып отыр. Токиода және Жапонияның басқа жерлерінде COVID-19 жұқтырғандар саны өсіп жатыр.

Италия жұртшылығын да дерт меңдеп тұр. Кейінгі тәулікте елде 60 мыңнан аса адам коронавирус жұқтырған. Әсіресе, балалар жиі ауырады. Әзірге мұнда «дельта» штамы басым. Науқастардың 79 пайызы осы дертті жұқтырғанымен, «омикрон» да белең алып келеді.

ВИРУС ТАҒЫ ТҮРЛЕНДІ

Кипрде коронавирустың жаңа түрі тіркелді. Ғалымдар оны «дельта» және «омикрон» штамдарының гибриді деп, «дельтакрон» атауын берген. Әзірге коро­навирустың жаңа түрі 25 адамға жұғып үлгеріпті. Жергілікті мамандардың зерттеу нәтижелері халықаралық деректер қорына енді жіберіледі. Сондықтан «дельта­кронның» басқа штамдармен са­лыс­тырғанда қаншалықты тез жұғаты­ны туралы нақты мәлімет әзірге жоқ. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 бойынша арнайы өкілі Дэвид Набарро болса, алдағы үш айда корона­вирусқа қатысты жағдай ушығады деп отыр. «Пандемия аяқталатын кезең жа­қын, бірақ оған әлі жеткен жоқпыз» деген ол әлем COVID-19-дың тағы бірнеше тол­қынына тап болады деп болжам жасады.

Қорыта айтқанда, арқаны кеңге са­луға болмайды. Жоғарыда келтірілген деректер індет басылмай, оның жаңа түр­лері пайда болып, тіпті өршіп бара жат­қанын көрсетеді. Карантин талап­тарының жаппай тәртіпсіздік тасасында қалып қойғаны болмаса, індеттің екпіні басылған жоқ. «Індетке қарсы күресті жалғастыру қажет» деген Президент бұл істі жаңа Үкімет алдындағы міндеттің бірі ретінде айқындап берді. Ал аурудан сақтану, карантин талаптарын сақтау, қоғамдық жауапкершілікті сезіну – әр адамның алдындағы басты міндет.

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.