Қалалар қашан қалпына келмек?
Қалалар қашан қалпына келмек?
Соңы бүлікке жалғасқан елдегі шерулердің экономикалық зардабы көпке дейін мемлекетке сызат боларын алдын ала болжаған едік. Осы күні лаңкестердің кесірінен ел үшін маңызы бар Алматы, Талдықорған, Шымкент, Қызылорда мен Тараз қаласындағы біраз ғимараттар қирап, бүлінген. Ал оны қалпына келтіру бір күнде біте салар іс емес. Қыруар қаржы мен ресурс шығын болып, еңбек күші қажет болады. Кемі 2 айсыз бұрынғыдай қалалардың көркем кейпін көре алмауымыз мүмкін.

Шаһарлар орнында шаң қала жаздады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүлінген, қираған, өртенген ғимараты көп қалаларды тез арада қалпына келтіру қажетін айтты. Дегенмен оның өзі қыруар қаржы мен ресурсты қажет ететіні айтпаса да белгілі. Қазір барлық өңірдегі шығынның түпкі нә­тижесі анықталып үлгерген жоқ. Дегенмен жағдайдың жақсы емес екені онсыз да анық. Мәселен, елдің оңтүстіктегі бас шаһары саналған Алматыда жүздеген көлік өртенді. Оның басым бөлігі мемлекеттік органдарға тиесілі. Дүкендер тоналды. Әрісі қару-жараққа дейін қолды болды. Жергілікті билікке қарасты ғи­мараттар өртеніп, қирады. Он­дағы техника мен мүліктер тағы бар. Ал Шымкентте шамамен 5 мыңнан астам адам қала әкім­дігінің ғимаратына шабуыл жа­саған. Лаңкестер мемлекеттік қыз­метшілерге, полиция қызмет­керлері мен әскерилерге қарсы күш қолданып, жәбір көрсетті. Жалпы, 50-ден астам әскерилер мен құқық қорғау қызметкерлері әртүрлі дәрежеде жарақат алған екен. Содырлар «Түркістан» сал­танат сарайына, Көрме орталы­ғына, Ж.Шанин атындағы акаде­миялық драма театрына, «Nur Otan» партиясының кеңсесіне және өзге де ғимараттарға шабуыл жасап, әртүрлі деңгейде зиян келтірген. Жаппай тәртіпсіздік кезінде 59 автокөлік пен 3 автобус қирап, кейбірі түгелдей өртеніп кеткен. Бүгінде Шымкентте конс­­титуциялық заңдылық қал­пына келтіріліп, жағдай тұрақтан­дырылды. Бірақ шығын орасан. Қызылорда да осыған ұқсас жағ­дай болды. Әкімдік ғимараты қирап, бас партия қызметкер­лерінің жұмыс орны күлге ай­налды. Ақтауда бұзақылар кө­лік­терді қиратты. Бұндай деректерді толассыз тізе беруге болады. Анығы – лаңкестердің залалы тимеген жер санаулы. Ал барлық шығынның нақты көлемі алдағы аптада ғана анықталуы мүмкін. Бірақ қираған қалалардың қал­пына келу процесі біраз уақытты алғалы отыр.

2 айда бәрі ретке келе ме?

Біздегі бүлінген қалалардың қанша уақытта қалыпқа келетінін болжамас бұрын, өзге елдерде болған оқиғаларды еске түсірген жөн болар. Мәселен, 2020 жыл­дың қазанында көрші Қырғыз Республикасында жал­пыұлттық көтеріліс белең алып, шерушілер мемлекет пен кәсіп­керлерге тиесілі біраз ғимарат пен мүлікті қиратқан болатын. Шеру ба­сылып, жағдай тұрақталғаннан кейін ең көп зардап шегіп, шы­ғынға ұшыраған Қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласы екені анықталды. Сол кезде көрші ел­дің бас қаласын түгелдей реттеп, қайта қалпына келтіру үшін 5 айға жуық уақыт кеткен екен. Ал бізде өзгені айтпағанда, ең көп бүлінген Алматы қаласы екенін білеміз. Ондағы хәлді түгелімен реттеуге қанша уақыт кетпек? Бұл са­уалдың жауабын құрылыс сала­сында жүрген мамандардан сұ­рап, білмек болдық. Кәсіптік ғи­мараттарды жоспарлаумен ай­налысатын Болат Өтебай мәсе­ленің тез шешілуі құрылысқа жауапты адамдарға байланысты екенін айтып отыр. қала қалпы – Қираған ғимараттардың көбі жеке кәсіпкерлерге тиесілі болуы мүмкін. Мысалы, бұл қа­тарға кафе, дәмхана, түрлі қызмет көрсететін орындарды қосамыз. Әдетте мұндай кәсіптік ғима­раттардың реконструк­циясын жасауға 45 күн немесе 2 ай уақыт кетеді. Бұл жай болжам ғана. Ал кәсіпкерлер құрылыс мате­риал­дарының сапасына көңіл бөлсе, жағдай басқа. Біреулер ғимаратты тек қалпына келтіре салуы мүм­кін, енді біреу жаңадан тұрғы­замын деп шешім қабылдауы мүмкін. Сондықтан нақтысын айту қиын, – дейді ол. Расында қираған тек жеке кәсіпкерлерге тиесілі нысандар ғана емес. Оңтүстік астанадағы әкімдік пен партияның, басқа мемлекеттік органдардың ғима­раты бүлінді. Құрылыс саласының маманы, архитектор Айдын Ақ­бай билікке тиесілі нысандарды қалпына келтіру көп уақыт алуы мүмкін екенін жасырмады. – Алдын ала болжам жасап, дөп басып айту қиын. Меніңше, екі түрлі нұсқа бар. Біріншіден, егер мемлекетке қарасты ғима­раттар қатты қираған болса, оны түзету ұзақ уақыт алады. Себебі қаржы бөлініп, істі атқаратын мердігерді табу үшін конкурс жарияланады. Ал олар қанша уа­қытқа созатыны тағы белгісіз. Екін­шіден, жеке кәсіптік ғима­раттар өз алдына, тек көшедегі бағдаршамдар құлап, аздаған зардап тиген болса, бәрі тез ретке келеді. Бірақ тарихи ескерткіш­тердің жайын зерттеу керек. Мұ­ның бәріне арнайы комиссия құрылып, өз алдына баға беретін болар, – дейді Ақбай. Біз пікірлескен мамандардың пікірі сан арнада болғанымен, болжамы бір. Бәрі де шамамен 2 айға жуық уақытта жағдай рет­те­летініне сенеді. Архитектор Шо­қан Матайбеков қымбат мүлік­терді есепке алмасақ, барлығы тез арада оңаларына дәмелі екен. – Шыны керек, неше ғимарат қирап, қанша шығын келгені жайлы қолымызда нақты дерек жоқ. Анығын білмейміз. Жеке­мен­шіктегі ғимараттар тез түзеле­тіні сөзсіз. Ал мемлекеттің менші­гіндегі дүниелерге келгенде әң­гіме басқа. Ақша қалай бөлінеді, тендер қалай іске асады деген сауалдар бар. Нақты жауап беру қиын. Бүлік болды, бірақ залал аса көп емес тәрізді. Бірақ те­леарналардың ғимараты бүлінді. Онда қымбат техникалар болуы мүмкін. Бұл да уақыт алады. Әй­теуір 1-2 айдың ішінде қала қал­пына келеді деп ойлаймын, – деді ол. Қайткен күнде де, Мемлекет басшысы айтқандай, жағдайдың тұрақтала бастағанына елдің де жұбанары сөзсіз. Себебі соңғы апта жұрттың тынышын алып, бейбіт күнді аңсайтын хәлге жет­кізгендей. Ендеше, осы оқиғадан сабақ ала отырып, мемлекет үшін бағалы қалалардың қайта қал­пына келгені қуанышты еселе­гендей болар еді.