Көптен бері көлік жүргізушілерінің көкейінде жүрген утилизациялық алым мәселесі Президенттің деңгейіне жетті. Енді сынға ұшырап жүрген «ӨМК операторы» («Оператор РОП») серіктестігінің бұл қызметі мемлекет құзіретіне берілмек. Ал әуелде экология мен экономиканы қатар қорғауы тиіс болған алымның алғашқы мақсаты өзгеруі мүмкін бе? Елімізде көлік бағасы арзандай ма?
Уақытында қабылданған шешім
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қалың ел болып күткен кешегі сөйлеген сөзінде көптеген өткір-өткір мәселелер көтерілді. Былайша айтқанда, жыл басынан бергі оқиғалардан соң елді серпілтіп тастаған жолдау болды десек қателеспеспіз. Соның ішінде утильалым проблемасы соңғы бес жылда ел көкейінде жүрген мәселенің бірі еді. Осы уақытқа дейін дау болып келген бұл жайт кейінгі уақытта әлеуметтік-экономикалық аядан саяси-қоғамдық сипатқа ойысып бара жатқан-ды. Бұл мәселеге осы жолы нүкте қойылды. «ӨКМ операторы» («Оператор РОП») деп аталатын компанияның қызметі кәсіпкерлер тарапынан ғана емес, тұтастай қоғам тарапынан көптеген сұрақ тудырып отыр. Тіпті, осы жекеменшік компанияға қарсы қандай да бір қоғамдық қозғалыстардың пайда болуына дейін жеткен. Үкіметке утильалымды тоқтатуды және оған «ӨКМ операторы» ЖШС-ның иелік етуіне қатысты шара қолдануды тапсырамын. Бұл іспен шетелдердегі сияқты мемлекеттік ұйым айналысуы тиіс. Ал алымдардың өздеріне келсек, олардың мөлшерлемесін қайта қарау қажет. Бұл мәселе бизнес және қоғам өкілдерімен конструктивті түрде талқылануы керек. Утильалым есебінен отандық автомобиль және ауыл шаруашылығы техникасын сатып алушыларға ваучерлер беру мәселесі қарастырылсын», – деді Президент. Осынау бірауыз сөзімен Президент утильалымға қарсы болып келгендердің бірден екі тілегін орындап отыр. Оның біріншісі – утильалымның көлеміне қатысты. Ол Еуропа елдерімен салыстырғанда орташа алғанда 25 есе көп болатын. Ал ол жақтағы өмір сапасы біздің елдегі өмірмен салыстырғанда айтарлықтай жақсы. Президент оның мөлшері қайта қаралатынын айтты. Бастамашыл топ утильалымның мөлшерін Еуропадағы бағаға дейін төмендетеміз деп құлшынып отыр. Екіншісі – утильалымның мөлшері қаншалықты аз болсын, көп болсын, сіз бен біздің салығымыз болып төленетін бұл ақша жекеменшік компанияның есепшотына түсіп жатты. Ал ол компания оның есебін берген жоқ. Ашылғаннан бергі 5 жылда «ӨКМ операторы» ЖШС шотына 650 млрд теңге түскен екен. Бұл қазіргі бағаммен 1,5 млрд доллар. Енді бұл қаржы мемлекет қазынасына түсетін болады. Сол арқылы оны пайдаланудың тиімділігі мен мақсатты жұмсалуы артатынына сенім мол.Алымға тіреліп тұрған мәселе көп
2016 жылдан бері елімізге әкелінетін көлік құралына салынатын утильалым көлемі автомобильдік қозғалтқыш көлемі мен түріне байланысты 460 мыңнан 14 миллион теңгеге дейінгі соманы құрайды. Мысалы, 2,5 литрлік моторы бар Toyota Camry седанын елге әкелу үшін 1 531 500 теңге утилизациялық алым төленеді. Ал 3,5 литрлік қозғалтқышы бар Toyota Camry үшін 3 522 450 теңге төлеуге тура келеді. Бұл – көліктің өз құнымен, кедендік рәсімдеу құнын қоспағандағы баға. Ал бұл сома Ресейде теңгемен алғанда 1 миллионға да жетпейді екен. Оған қоса, утильалымның көлемі елімізде айлық есептік көрсеткішке байланған. Сондықтан да жыл сайын өзгеріп отырады. Биыл 1 АЕК 3 063 теңгені құрайтынын ескерсек, базалық утильалым 153 150 теңге болуы тиіс екен. Сондықтан да олар алым мөлшерлемесін 100 мың теңгеге дейін төмендетуді ұсынып отыр. Бұл шашамен 200 еуро көлемінде болмақ. Ал былтыр 2 917 теңге болған болатын. Бұл Президент араласпағанда утильалым биыл тағы 5%-ға өседі деген сөз. Одан бөлек, мамандар утильалымды алып тастау қажет тұстардың бар екенін айтады. «Президент бірден екі қоянды бір оқпен атты деуге болады. Бірінші – утильалымды жеке компаниядан алып, мемлекеттік компанияға берді. Бұл – өте қуанарлық және құптарлық іс. Екінші мәселе – утилизациялық алымның ставкаларын қайта қарау керек деді. Мәселен, бұл сома Бельгияда 84-208 еуро айналасында болса, Норвегияда 45 еуро, Жапонияда 80 долларды құрайды. Сол сияқты бізде де 80-100 доллардың айналасында болу керек. Сонымен қатар жүк көліктеріне және ауыл шаруашылығы техникаларына қатысты утильалымды да алып тастау керек. Сонда бұл жергілікті автопарктің жаңаруына алып келеді. Әрі жүк тасымалындағы логистиканы кеш болмай тұрған кезде өз қолымызға алып алуға мүмкіндік бермек. Мәселен, 2020 жылдан бастап елімізде жүк көліктеріне арналған утильалым енгізілді. Негізінен, бұл алым сол салада өндіріс болған жағдайда ғана енгізіледі. Бізде ешқандай жүк көлігі құрастырылмайды. Бірақ ауадан ақша жасап, утильалым алынып келді. Соның кесірінен елімізде жүк көліктерінің паркі ескіріп кетті. Сол себепті де біз оны қайтадан жаңартпасақ, бұл мәселе азық-түлік қауіпсіздігі деген өте үлкен проблемаға тірелмек», – дейді сарапшы Нұраддин Садықов.Логистика бізде болуы керек
Беларусь сияқты тағы да басқа мемлекеттердің жүк көліктерін бізде уақытша тіркеуге мүмкіндік бар. Ал логистика саласында Беларусь автопаркі бізден 2,5 есе көп, Ресейдің автопаркі 7 есе көп екенін ескерсек, автожүк тасымалы нарығын олар бізден тартып алды деуге болады. Олар өздерінің көліктерін Қазақстанға уақытша тіркеуге қояды да, еліміздің аумағына кіріп, Қытайдан жүк тасиды. Осы мәселені қазір ескермесек, кейін тасымал бағасын бізде шетелдіктер қоятын болады екен. Былайша айтқанда, Батыс Қытай-Батыс Еуропа жолын қарызға батып біз салғанымызбен, қызығын Ресей, Беларусь, Литва, Латвия, Эстония сияқты басқа елдер көріп отыр. «2016 жылы бұл мәселе басталған кезде негізгі сылтау – экологиялық жағдайды жақсарту және автомобиль өндірісін қолдау. Бірақ бұл екі мақсаттың екеуі де орындалған жоқ. Сол жылдарға дейін бізде жылына 350-400 мың автокөлікке дейін кіргізіліп отырды. Утильалым енгізілгеннен бастап бұл көрсеткіш 10 есеге дейін азайып кетті. Автоөндіріс дамып кеткен жоқ. Біздегі автоқұрастырушылар көлікке деген ішкі сұраныстың 20%-ын да жаба алмайды. Бұл Ресейден, Армениядан және тағы да басқа елдерден ескі автокөліктерді көптеп алып келу жағдайына әкелді. Одан экологиялық ахуал керісінше нашарламаса, жақсара қоймады. Сондықтан да бұл қолдан жасалған кедергілер деуге әбден негіз бар», – дейді сарапшы Нұраддин Садықов. Маманның айтуынша, утильалымнан түбегейлі бас тарта алмайтынымыз анық. Бірақ оның бағасы қымбат болмауы тиіс. Қарапайым ғана мысал, Еуропа елдерінде орташа еңбекақы 8 000 еуро, ал утильалым кейбір автокөліктерге тегін, ал тегін емес 100 еуродан аспайды. Ал бізде ең төменгі жалақы 85 еуроның айналасында. Ал утильалым мөлшерін жоғарыда сөз еттік. Сондықтан да алым көлемі азаяр болса, онда әуелде айтылған екі шарт – экология мен автопромды қолдау өздігінен орындалар еді. Өйткені жылы жаңа тойота мен мерседестерге қолы жеткен халық, ескі көліктерден өздері-ақ бас тартады. «Елімізге соңғы бес жылда кіргізілген кез келген автокөлік бағасында оның бастапқы құнынан бөлек 15-25% аралығында утильалымның ақшасы отыр. Бұл әр автокөліктің жылына, қозғалтқышының көлеміне және тағы да басқа ерекшеліктеріне байланысты. Ал сома автокөлік бағасының ширегіне дейін құрайтынын ескерсек, қымбатшылық неден туындайтынын көруге болады. Соңғы бес жылда автокөлік бағасы 3,5 есе қымбаттап кетті. Статистикаға жүгінсек, зауыттан шыққанына 10 жылдан асқан автокөліктер саны елдегі автопарктің 70%-ын құрайды. Бұл оның экологияға қаншалықты зиян әкеліп жатқанын көрсетсе керек. Агротехникаларға да қатысты осыны айтуға болады. Өйткені бізде құрастырып жатырмыз деген техникалар – Беларусьтың Гомель қаласынан және Ресейден әкелініп жатқан тракторлар. Оны бізде қолдан жасалған «АгроСельМаш» деген компания жинап шығарғаны үшін табыс көріп отыр», – дейді маман. Сөз соңында, сарапшы маман утильалым туралы айтқан кезде оған балама ретінде жүретін «бастапқы тіркеу» дегенді де ұмытпау керегін айтады. Өйткені оның мөлшері де өте жоғары. Егер қайта қарап, оның да көлемін 100-200 долларға түсірер болса, бұл халыққа арналған көліктердің бағасының арзандауына ғана емес, орта және шағын бизнестің де дамуына, азық-түлік бағасының арзандауына, агросекторға тың серпін бермек.