Бибігүл Дәндіқарақызы: Бар ойым мұражайдағы ұлттық жәдігерлерді сақтап қалу болды

Бибігүл Дәндіқарақызы: Бар ойым мұражайдағы ұлттық жәдігерлерді сақтап қалу болды

5 қаңтар күні Алматыдағы Қазақстанның Мемлекеттік Орта­лық музейіне бүлікшілер шабуыл жасаған. Сол сәтте музей директорының орынбасары Бибігүл Дәндіқарақызы жұмыс орнында болды. Ол бес сағаттан аса қанды қол бүлік­шілермен бетпе-бет тұрып сөйлесуіне тура келгенін айтады. Нәтижесінде, арам пиғылды лаңкестердің музейдегі тарихи құнды жәдігерлерді қолды қылуынан аман алып қалуға қол жеткізген. Біз бүгін аталған оқиға қалай өрбігені және басқа да сауалдар төңірегінде кейіпкердің өзімен сұхбат жасадық.

 «Алтын адам» мен өзге де алтыннан жасалған бұйымдарды талап етті

– Алдымен оқиға жайлы айт­пас бұрын оқырмандарға өзіңіз жайлы айта кетсеңіз. Жалпы, бұл музейде қашаннан бері жұмыс істейсіз? – Осы Алматы қаласындағы Мем­лекеттік орталық музейде 2003 жылдан бері қызмет етемін. Мамандығым – тарихшы. Музей­дегі алғашқы еңбек жолымды қа­тардағы ғылыми қызметкер болып бастадым. 2013 жылдан бері музей директорының менеджменттік маркетинг жөніндегі орынбасары қызметіндемін. – Шабуылшылардың сіздің ме­ке­меге келе жатқанын қайдан есті­діңіз? – Біз сол күні орталық алаңда жаппай тәртіпсіздіктер болып жат­қан соң музейдің негізгі есігін жа­уып тастап отырғанбыз. Өзім бей­­некамера арқылы монитордан бақылап отыр­дым. Сол уақытта музейге таяу орналасқан жердегі ғи­ма­раттарға шабуыл жасалып, өр­теніп жатқанын көрдім. Бір кез­де сағат 15.30 шамасында бүлік­шілер арасынан бір топ адам Назарбаев көшесімен өрлеп, біздің музейге қарай келе жатқанын бай­қа­дым. Десе де, сол сәтте ішімде «дәл бізге келе қоймас» деген бір үміт те болды. Өкінішке қарай, ол үмі­тім ақталмады. Сағат 16.00 ша­ма­сында бір топ адам мекеменің артқы жақ­тағы есігін сындырып іш­ке кірді. Шамамен – 200-дей адам. – Олар кірген бетте нені талап етті? – Лаңкестер музейге кірген бет­те «Алтын адамды» және өзге де музейдегі алтын жәдігер заттардың қайда тұрғанын сұрады. Жүгіріп алдарынан шығып, бар даусыммен айқайлап, ештеңеге тиіс­пеуін өтіндім. Тұрғандардың бар­лығы – дерлік жастар. Олар ме­нің сөзіме тоқтамай, ғимарат­та­ғы электронды құрылғыларды қи­рата бастады. Арасында біреу­лері менің сөздерімді естіп, қал­ға­нына тоқтау салғандай болды. Оларға «Бұл заттардың бар­лығы – ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Сындырмаңыздаршы, бұ­ларды өртесек, біздің тари­хы­мызда ештеңе қалмайды. Ертеңгі күні сіздерге керек болады ғой» деген сөзім есімде. Олар менен бірден «Алтын адам­­ның» түпнұсқасы қайда?», «Алтын заттар қайда тұр?», «Қы­лыштар бар ма?» деп сұрай бас­тады. «Алтын адамның» түпнұсқа­сының бізде емес екенін айттым. Бұл уақытта музей залдарында негізгі жарық емес, кезекші жарық шамдары жанып тұрған. Соның көмегі тиді ме деп ойлаймын, кей­бір заттар қараңғыда анық көзде­ріне түсе қоймады-ау деймін. Сол сәтте музей туралы, музей­дің қазір және болашақта не үшін керек екенін тоқтамай айта бе­ріп­пін. Араларына кіріп, бірде орта­сына шығып, барынша сөздеріме иландыруға тырыстым. Тіпті, арасында тұрған біреуі мені «өлтіріп кетейік» деп, жан-жағындағыларға айтқан көрінеді. Мен мұны естімедім. Ол сөзді ме­німен бірге тұрған музей қызмет­керлері естіпті. Бір кезде ара­сын­дағы 20 шақтысы намаздарын оқуға кірісті. Сол кезде музейде ты­ныштық орнады. Құлшы­лық­та­рын жасаған соң барлығы сөзге тоқтай бастағандай болды. Ара­сындағы біреуіне бағына бастады. Шамамен 5 сағаттай уақыт өт­кен соң сырттан қара пальто ки­ген екі жігіт келді. Жақсы киін­ген, түзу адамдар сияқты көрінді.

Жараланған 15 сарбазды жертөледе тығып отырдық

– Олармен әңгіме қанша уа­қыт­қа созылды? Келгендер музейден қа­­лай және қай уақытта шығып кет­ті? – Артынан келген екі адам топ­ты басқарып жүргендермен сөй­лесіп, Алматы әуежайына бара­тын­дарын, біраз уақыттан соң қай­тып келетінін және музей ғи­мара­тын өздеріне штаб қылатын­дарын айтты. Біз үнсіз бас изеп, не де болса олардың тезірек кеткенін қа­ладық. Содан кейін барлығы біреуі­нің бұйрығымен сыртқа шық­ты. Бұл шамамен 21.00-ден ас­қан уақыт болатын. 200-дей шабуылшы музейде бол­ған уақытта ғимараттың қор сақ­­тайтын арнайы жертөлесінде жаралы әскери мамандар болған еді. – Жертөледегі әскерилер қай уа­­­­қытта келіп еді? – Әскерилер олардың алдында алаңнан жараланып келгендер болатын. Біздің музей алаңға өте жақын орналасқан ғой. Сондықтан басы жарылып, қолы сынған 15 сарбаз музей маңайында құлап жатты. Соларға алғашқы көмек көрсетпек болып ішке кіргізіп ал­ғанбыз. Оларды музейдің ең түпкі қоймасына жасырып қойғанбыз. Музейдегі 2 қызметкер жаралы­ларға білгендерінше, медициналық көмек жасады. Арасында қол-аяғына, көзі мен кеудесіне оқ ти­гендері де болды. Оларға қарап жы­ларман болдық. Шабуылдау­шылар бес сағаттай музейде болған кезде бункерде құқық қорғау ор­гандарының 15 адамы жаралы жатқанын білмеді. Біз де барынша білдірмеуге тырыстық. Араларында біреуі барынша тіміскілеп, сақтық танытып, бірдеңеге сезіктеніп жүр­генін байқадым. Оны да сөзге тартып, көңілін аулауға тырыстым. Бар ойым мұражайдағы жәдігер­лерді сақтап қалу болды.

Қорқынышты түс көргендей сезімде жүрмін

– Музейге келтірілген шығын көлемі анықталды ма? – Музейге келтірілген мате­риал­дық залал көлемі жақын күн­дері анықталатын болады. Ең бас­­тысы, Ұлттық мұраларымызға за­қым келмеді. Одан кейін қызметкерлеріміз екі күн бойы музейге қонып, ұлт­тық мұраларымызды сақтап қалды. – Қазіргі көңіл күйіңіз қалай? Үрей басылды ма? – Қазір бұрынғыша жұмыс­та­мын. Дәл осы уақытта директоры­мыз кезекті еңбек демалысында болғандықтан сол кісінің міндетін уақытша атқарушымын. Әйел адам болғандықтан маған дұрыс қарады ма, әлде музейдің киесі, бабалар рухы қолдады ма білмеймін, осы жағдайдан аман қалдым. Өмірімде мұндай қорқынышты жағдайға бірінші рет түстім. Шынымды айт­сам, шабуылшылармен бетпе-бет келгенде аса қорықпадым. Бірақ осы күндері бір қорқынышты түс көрген сияқты болып жүрмін. – Шабуылшылар сіздің денсау­лы­ғ­ыңызға залал тигізген жоқ па? – Құдайға шүкір, сол оқиғадан мекеменің ешқандай қызметкері зардап шекпеді. Біз ол күні алаңда толқу болып жатқандықтан, біраз қызметкерімізді жұмыстан ертерек босатып, үйіне қайтарып жіберген едік. Музейде бар-жоғы 7-8 қыз­мет­­кер болдық. Барлығымыз дін аман­быз. Барша отандастарыма ті­­лерім де амандық. Елімізде мұн­дай қиын сәт енді қайталана көр­ме­сін!  – Сұхбатыңызға рақмет!

 Алматы.

Сұхбатта kazmuseum.kz сайтындағы деректер пайдаланылды.