Құқық қорғау саласын реформалау еліміз егемендік алғаннан бастап күн тәртібінен түскен емес. Осы уақытқа дейін азаматтардың құқығын қамтамасыз ететін ішкі істер саласына жаңа басшы келген сайын жаңа реформа жасалып та келеді. Күні кеше Мемлекет басшысы елдегі соңғы болған жағдайдан кейін құрылымның жұмысын қайта қарау туралы тағы тапсырма берді. 90-жылдардың аяғында ІІМ-нің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық-құқықтық статистиканы қалыптастыру, криминалистикалық сараптамаларды жүргізу, экономикалық қылмыстарға қарсы күрес, қылмыстық-атқару жүйесі, халықты құжаттандыру және тіркеу сияқты міндеттері басқа мемлекеттік органдардың қарамағына берілді. Келесі кезекте заңнамалық тұрғыдан жетілдіру жұмыстары қолға алынды. Қылмыстық процесті оңайлатуды, тергеуге дейінгі тексеруді қысқартуды көздейтін қылмыстық сот ісін жүргізудің жаңа моделі енгізілді.
Тазарту жұмысы жүрді
Соңғы бірер жылдың өзінде ішкі істер саласында толықтай реформа жүрмесе де, құрылымдық сипатта біраз өзгерістер енгенін жоққа шығаруға болмайды. Штат саны қысқарды, өзіне тән емес қызметтер алып тасталды, фронт-кеңселер ашылып, департамент бастықтарының халықпен тікелей байланысқа шығуы секілді оң өзгерістер бар. Мысалы, 2012 жылы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау өтті. Ауқымды тазартудан соң қызметіне лайықтылар мен лайықсыздар сараланып, сынақтың нәтижелері кімнің кім екенін анықтап берген. Осылайша, құқық қорғау саласында қызмет етіп жүрген қызметкерлердің біліктілігіне қатысты даулы мәселелер заңмен бекітіліп, бірнеше айдың өзінде кәсібилігін дәлелдей алмағандардан құқық қорғау органдары түбегейлі тазаланып қалды. Сол жылы 207 қызметкер ішкі істер органдарынан қызметтен босатылуға ұсынылса, аттестациялау алдында және оны өткізу барысында 117 қызметкер ішкі істер органдары қызметтерінен шығуына байланысты аттестаттаудан өтуден бас тартқан. Жалпы, 2019 жылдан бастап, «Полицияның сервистік моделіне» көшу туралы нақты міндеттер қойылды. Қазір құқық қорғау саласында заман талабына сай бейнебақылау жүйесін қолдану кең өріс алып келеді. Әсіресе, қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында бейнебақылау жүйесі белсенді түрде енгізілді. Қала көшелерінде тәулік бойы қызмет атқаратын полицияның кешенді күштерін басқару үшін барлық облыс орталықтарында жедел басқару орталықтары құрылды. Бірақ бейнебақылау санын арттыру күштік құрылымдардың жұмысына толыққанды баға бермейтінін соңғы жағдайлар дәлелдеп бергендей болды. Өйткені бейбіт митингімен басталып, соңы террористік топтардың шабуылына ұласқан ұрыста көптеген полиция және Ұлттық ұлан сарбаздарынан көз жазып, ауыр жарақат алды.Әскери дайындық төмен болды ма?
Мемлекетімізге қатер төндірген халықаралық террорлық топтар мен діни экстремистік ұйымдардың шабуылына тойтарыс бергеніне қарамастан, күштік құрылымдардың әскери дайындығына әлеуметтік желіде әркім өздігінше баға бере бастады. Қауіп-қатерге дайын еместігін, төтенше жағдайда әскери дайындығы жетіспеді дегендер де жетерлік. Дегенмен күні кеше Мемлекет басшысы құқық қорғау саласындағы кемшіліктерге қарамастан, елдің қауіпсіздігіне қатер төнген уақытта ІІМ-нің арнайы күштері жауынгерлерінің террористік агрессияға тойтарыс берудегі ерлігін ерекше атап өтті. Мысалы, Президент Алматыда полицейлердің шағын тобы екі түн қатарынан Полиция департаментінің ғимаратын басып алуға тырысқан бандиттердің шабуылын тоқтатқанын жеткізді. Мемлекет басшысы алдағы уақытта Қарулы Күштер, құқық қорғау құрылымдары, Ұлттық қауіпсіздік, сыртқы барлау органдарының жұмысын қайта құру міндеті тұрғанын жеткізді. Ендігі жерде олардың барлығы бір мақсат – азаматтарымызды, конституциялық құрылысты және егемендікті кез келген сипаттағы және ауқымдағы қауіп-қатерден барынша тиімді қорғау үшін үйлесімді жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан бірінші – құқық қорғау жүйесін реформалауға шұғыл түзетулер енгізіп, жаппай террорлық шабуылдарға қарсы тұруға дайын болуы қажет. Күш құрылымдарының қолбасшылығы дереу жауынгерлік дағдыларды дамытуға, қорғаныс пен шабуылдың тиімді құралдарымен жабдықтауға кіріседі. Екіншіден, Ұлттық ұланды сандық және сапалық жағынан нығайту. Өңірлерде оның жаңа бөлімшелерін қалыптастыру және жұмыс істеп тұрғандарын күшейту, көліктік және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін шешу қажет болады.Тікелей миссия күткендей болмады
Заң ғылымдарының докторы Марат Қоғамовтың пайымдауынша, ел Президентінің тапсырмасы – өз деңгейіне, мәніне және саяси-құқықтық пәрменіне қарай, қоғам мен мемлекеттің тыныс-тіршілігінің қазіргі жағдайындағы шұғыл, өткір және қисынды жолдау. Онда қазақстандық нұсқада көрініс берген терроризмнің жантүршігерлік салдарының алдын алу үшін елде кейінге қалдырмай іске асыру қажет жедел, перспективалық қадамдар мен шаралар жария етілді. «Бұл оқиғалар біздің армиямыздың, елдің басқа да әскери мемлекеттік органдарының нақты қабілетін айқындап берді. Олардың барлығы өздерінің тікелей миссиясының күткен биігінен табыла алмады. Оның әртүрлі себебі бар. Жалпы айтқанда, хабарсыз болды, дайын болмады, оқиғалардың белгілі бір кезеңінде террористерге жедел және кәсіби түрде қарсы тұра алмады. Ал бүгінде Ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің ұлттық мүддесін қорғау олардың жоғары ұйымдастырушылық деңгейімен тікелей байланысты емес пе?», – дейді профессор Марат Қоғамов.Мемлекет қорғауы маңызды
Запастағы полиция полковнигі Болат Қаженов құқық қорғау органдары мен Ұлттық ұлан қызметкерлерінің әскери дайындығы аз болмағанын айтады. Керісінше, халықаралық террористер мен экстремистерге қарсы күресу кезінде анттарына адалдық танытты, қазір де күресіп жатыр. Оның ойынша, олар өздерінде бар құзыретті пайдаланып, барлық әскери дайындығын көрсетті. «Президент өз тапсырмасында олардың әскери дайындықтарын ары қарай көтеру, жауынгерлік оқу-жаттығу санын көбейтіп, арнайы бөлімдер құру керегін айтты. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқықтық жағынан қорғалуға қатысты мәселені көтерді. Себебі полицейлер қоғамдық тыныштықты күзетуге шыққанда, қылмысқа қарсы күрес жүргізген кезде өзінің мемлекеттің қорғауында екенін анық білуі керек. Қазақстанда болған бұдан бұрынғы митингілерде қоғам арасында күштік құрылымдарға қатысты теріс пікір қалыптастырды. Бірақ олар өздерінің міндетін атқарып жатыр. Бүгін Президенттің көтерген мәселесі де сол, яғни өз міндетін атқарып жатқан қызметкерлердің ар-намысына тимеу үшін құқықтық статусын көтеру маңызды. Бұзақылар бүгін олардың ар-намысына тие алатын болса, ертең оларда полицейлерге шабуыл жасауға да болады екен ғой деген түсінік қалыптасады. Сол үшін құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қастандық жасағандарға қарсы қылмыстық қудалау болғаны жөн», – дейді Болат Қойшыбекұлы. Оның айтуынша, қазір ішкі істер саласы мен Ұлттық ұлан қызметкерлері әскери дайындықтан үнемі өтеді. Жоспарлы түрде жыл сайын әскери және теориялық жағынан сынақ тапсырады. Сондықтан олардың әскери дайындығы төмен емес. «Бірақ бізде төтенше жағдай кезінде жедел әрекет жасайтын арнайы дайындалған жеке бөлімдер ашу керектігі қозғалып отыр. Әскер санын көбейтіп, арнайы бөлімдер ашудың маңызды екенін уақыт талап етіп отыр. Қазіргідей қауіп-қатер артқан уақытта бірінші қауіппен бетпе-бет келетін күштік құрылымдардың санын арттыру мемлекетке артық салмақ салмайды», – деді Болат Қаженов. Осы салада талай жыл қызмет еткен ол әскери дайындықтан бөлек, күштік құрылымдардың қызметкерлерін моральдық және патриоттық тұрғыда тәрбиелеу маңыздылығы басым екенін жеткізді.