Террорлық топтың елімізде салған ойраны жұртшылықтың есін алды. Бұл бүлік жамбылдықтарға да оңай соқпады. Дегенмен бүгінде өңірде жағдай тұрақталды. Ахуал арнайы құрылған жедел штабтың қатаң бақылауында. Қоғамдық тыныштықты сақтау бойынша жергілікті билік пен ерікті халықтың, қоғам белсенділерінің бірлескен әрекеті де жалғасады. Соның нәтижесінде бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстары қарқын алды. Бүгінде «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-ның 60 қызметкері тазалау жұмыстарына тартылып, осы таңға дейін 64 куб қоқыс шығарылған. Сондай-ақ өртке оранған көліктер қажетті орындарға жеткізіліп, бүлінген нысандардың аумағын тазалау жұмыстары жүргізілген. Бұған серіктестік тарапынан 4 техника жұмылдырылған. Алайда тазалық шаралары мұнымен шектелмек емес. Жағдай тұрақталғаннан бері базарлар сағат 17.00-ге дейін, дүкендер мен супермаркеттер 20.00-ге дейін, сауда орталықтары 19.00-ге дейін жұмыс істейді. Алайда сауда нүктелерінде 19 қаңтарға дейін алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынған. Бұдан бөлек, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен емханалар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Ал мектеп оқушыларына демалыс уақыты 17 қаңтарға дейін ұзартылды. Ал кешеден бастап қала аумағында 34 бағыттағы 222 автобус сағат 08.00-ден 21.00-ге дейін қатынайтын болды. Төлемақы TulparCard арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ теміржол бағыты бойынша барлық бағыт штаттық кестеге сәйкес жұмыс істейді. Бүгінде халықаралық «Әулие-Ата» әуежайынан «Тараз-Нұрсұлтан» бағыты бойынша күніне бір рейс (дүйсенбі, сейсенбі күндері сағат 9.30-да, ал қалған күндері сағат 18.45-те) қатынайды. Ал төтенше жағдайға байланысты «Тараз-Алматы» әуе бағыты тоқтатылған. Бұған дейін 11 қаңтардан бастап қаладағы балабақшалар жұмысын бастайтыны айтылған. Алайда төтенше жағдай режиміне сәйкес қала аумағындағы балабақшаларға балаларды қабылдау 17 қаңтарға шегеріліп отыр. Қала бойынша бүгінде 7 наубайхана жұмыс істеп тұр. Олар ЖК «Козин», ЖК «Бидай нан», «Тараз нан зауыты» ЖШС, ЖК «Касымов М.», «Надыров» ЖШС, ЖК «Шермухамедов» және ЖК «Ким В.В.». Шаһарда нан қажеттілігі тәулігіне 80 000 - 83 000 дананы құрайды. Тіркелген наубайханалар нанға деген қажеттілікті толығымен қамтып отыр. Қаладағы сауда орындарындағы нанның бөлшек бағасы 80-90 теңге аралығында сатылып жатыр, баға тұрақты. Қала бойынша наубайханаларда қазір 48 тонна жоғары сұрыпты ұн, 959 тонна бірінші сұрыпты ұн және «Ақ сарай» ЖШС 540 тонна бидай қалдығы бар. Таразда барлық коммуналдық мекеменің ғимаратында коммуналдық төлемдер қабылданады. Интернет жүйесі болмаған жағдайда «ТГЭС» мекемесі «Жамбыл Жарық сауда» Мира 5, «Жамбыл Су» Қазыбек би 136, «ҚазТрансГаз» Қойгелді 177», «Жамбыл жылу» Чехова 14, «ТЭЦ» Исатай Батыр 8 мекенжайлары бойынша төлемақы жүргізуге болады. Автокөлік және мал базарлары әзірге жұмыс істемейді. Облыстық жедел штаб берген соңғы ақпаратқа сүйенсек, Тараз қаласында жаппай тәртіпсіздік салдарынан 287 адам түрлі дене жарақатын алып, 42 адам ауруханаға жатқызылған. Жедел операциялардың нәтижесінде 295 күдікті ұсталып, 19-ы соттың шешімімен қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды. 114-іне әкімшілік іс қозғалып, 108 тұлға 15 тәулікке қамаққа алынса, 3-іне айыппұл салынып, 3-іне ескерту берілген. Бүгінде қылмыскерлерді ұстау, жедел іздестіру шаралары жалғасады. Облыс бойынша 29 блок-бекет жұмыс істесе, оның ішінде Тараз қаласының кіріс-шығыс қақпаларына 10 блок-бекет қойылған. Барлық көлік тексеріледі. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өткізген штаб отырысында да көп нәрсе айтылды. Аймақ басшысы, әсіресе шеруге мемлекеттік қызметшілердің де қатысқаны туралы ақпарат барына айрықша басымдық берді. Егер бұл ақпарат дәлелін тауып жатса, мемлекеттік қызметшілер жұмыстан қуылатынын Бердібек Машбекұлы шегелеп тұрып ескертті.
Жамбыл облысы