Кедей отбасылар ID картаға таңылады
Кедей отбасылар ID картаға таңылады
177
оқылды
«Бала асырауға ақша жоқ» деп арызданған кейбір аз қам­тылған отбасылар мемлекеттен көмек қаржы ала сала, ауқат­тыларға арналған қымбат смартфон, Iphone алуға жү­гір­ген. Үкімет басшысының орынбасары Б.Сапарбаев аза­мат­тарды ел қаржысын рәсуа етпей, ұқыппен, ұтымды жұм­сауға шақырды. Мемлекеттен тегін демеуқар­жы алу үшін азаматтардың алаяқ­тыққа баруы жаппай белең алған. Вице-премьердің мәліметінше, еліміз бойынша 75 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін өз табыстарын жасырған. Олар заң­сыз алған жарты миллиард теңге бюджет қаржысын кері қай­тарды. Бірақ бұл шағын бөлігі ғана. Мәжіліс депутаттарының мәлі­метінше, АӘК бойынша Қа­зақстанда жалпы ауқымы 2,4 мил­лиард теңге артық төлен­ген. Олар бұл мәселені ауыл-ай­мақтағы кездесулер кезінде тұрғындар көтергенін білдірді. Әр ауданда АӘК-ті артық алған 100-200 адамды табуға болады екен. Бұл әлеуметтік наразылықты тудырып отырған көрінеді. Өйткені көпте­ген шын мұқтаж адамдар бұл көмекке қол жеткізе алмаған. Үкімет жетекшісінің орынба­сары барлық қазақстандық заңға бағынуы тиіс екеніне екпін түсірді. – Заң бұзғандар тиісті жауап­кершілікке тартылады. Өкінішке қарай, мұндай фактілер кездесті. Біз тексердік, 75 мың отбасы та­быс­тарын жасырып қалған. Бү­гінде олар шамамен 500 мил­лион теңгесін бюджетке қайтарды. Егер отбасы ақшаны өз еркімен қай­­тар­са, онда ешқандай проб­лема бол­­­майды. Ал егер бас тартса, он­­да сот арқылы міндеттейтін бо­ла­­мыз, – деп нықтады Б.Сапарбаев. Бердібек Машбекұлы кедей отбасыларға берілетін әлеуметтік ID картасын енгізуге қатысты пи­лоттық жоба жайында әңгімеледі. «Жоба өткен жылы қолға алынды. Жуықта АӘК арнайы ID карта арқылы ғана беріледі. Бүгінде бұл карта жобасы Ақтөбе, Атырау, Павлодар облыстарында және Алматыда іске қосылды. Енді оны Қостанай мен Маңғыстау қала­ларында да жүзеге асырамыз. Бар­лығы әлеуметтік карта арқылы жүр­гізіледі. Мен Магнум супер­мар­кетіне арнайы соқтым, онда бар­лық әлеуметтік жиынтық ар­найы карта арқылы берілетін бо­лады. Балаларға берілетін ол тауар­ларды жергілікті атқарушы билік сатып алады. Үкімет қаулысы­на сәйкес, өнімдер бір көз­ден алы­нады. Тауарды сақтау­мен тендерде жеңген сауда ұйымы айналысады. Ал жеткізу жергілікті органдарға жүктелген», – деді Б.Сапарбаев. Ол аз қамтылған отбасыларға көмекті не себепті азық-түлік және басқа да тауармен, жөргек секілді гигиена заттарымен беру шешімі қабылданғанын түсіндірді: «Біз осының алдында көптеген елдің тәжірибесін зерделедік. Мұндай көмек түрі Еуропа мен Азияның ірі елдерінде бар. Содан ақшалай емес, өніммен беруге ұйғардық. Себебі бұдан бұрын ақшалай төленген АӘК ақшасын бөтен мақсаттарға пайдаланғандар бар: кредитін өтеген, қымбат ұялы телефон сатып алған. Ал біздің мақсатымыз – мемлекет ақшасы балалардың мұқтажына ғана жұмсалуы қажет», – деді ол. Премьер-Министрдің орын­басары «кепілдендірілген әлеуметтік топтама» аясында азық-түлік және тұрмыстық хи­мия өнімдері жиынтығын жер­гілікті әкімдіктер алдағы ақ­пан айынан беріле бастайтынын хабар­лады.   Еркін ЕРДЕН