Халыққа ең керегі – қауіпсіздікті сезіну
Халыққа ең керегі – қауіпсіздікті сезіну
359
оқылды
МақсұтбекМақсұтбек АЙТМАҒАНБЕТ,  «Әкелер одағының» төрағасы:

Халыққа ең керегі – қауіпсіздікті сезіну

– Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырым­дамасына көңілім толды. Өйткені Мемлекет басшысы халықтың көкіре­гінде,  ел ауызында талай уақыт айтылып жүрген нәрселерді ашық айтып, көтергеніне  ризамын. Бұлан былай барлық мәселе тек ашық айтылып, талқыланса екен. Сонымен қатар көтерілген мәселелер тез арада зерделеніп, нақты шешімдер қабылданса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазақта «халық айтса, қалт айтпайды» деген сөз бар, осыны ұмытпайық! Қазір ең басты мәселе – мемлекетіміздің қауіпсіздігі. Көріп отыр­ғанымыздай, өзге елдің қарулы күштеріне жүгініп отырмыз. Бұған мәжбүр болдық, оны түсініп, көзіміз жетіп отыр. Оның үстіне, бейбіт шеруге шыққандарды террористермен араластырмау керек. Себебі лаңкестер мен халыққа қарсы шыққан элементтер қолданылды. Нәтижесінде, он мыңға жуық адам қамауға алынды. Олардың ішіндегі бейбіт шеруге шыққандар да бар шығар. Міне, солар жазаға тартылып кетпесе екен. Ашық сот болуы тиіс. Ал террористерді соттау керек. Айтылған дүниенің ең ауқымдысы – еліміздің қауіпсіздік органда­рының реформасы. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ұлттық ұлан, әскер, полиция толығымен еліміздің тәуелсіздігін қорғауға әрдайым дайын болуы тиіс. Егер әрбір қазақстандық өзінің және отбасының қауіпсіз екенін сезбесе, өзге елге кете бастайды. Алдымен осы мәселені шешкен дұрыс, қал­ғаны уақытында жөнге келер. РасулРасул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:

Президент елдегі түйткілді мәселелерді шешуді тапсырды

– Бүгінгі күннің жаңалығы – Мемлекет бас­шы­сы алдағы басты міндеттерді жіктеп, Үкі­мет бас­шысы тағайындалды. Халық еліміз­дің жаңаруын күтіп отыр. Осыған орай Прези­дент барлық сала бойынша кемшілігін көрсетіп, түйткілді мәселелерді шешуді тапсырды. Ал жаңа Үкіметтің Мемлекет басшысының тапсырмасын қалай жүзеге асыратынын уақыт көрсетеді. Әрине, айтылған елдегі мәселелер бұған дейін де қозғалып жүр. Бірақ соны шешушілердің күш-жігері болмаған сыңайлы. Президент іске қол түре кірісіп, жігерлі болуды өзінен бастап отыр. Мемлекет басшысының сөзден іске көшу керегін баса айтқаны көңілге үміт ұялатады. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев біраз жайт пен кейбір құзырлы органдардың қызметін сынады. Расында, бейбіт шерудің арты жаппай тәртіпсіздікке айналды. Лаңкестік әрекеттің болғанын Президенттің өзі айтты, сонда лаңкестік әрекетке жол беріп, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, басқа да құзырлы органдар қайда қарады? Тәртіп сақшылары содырлармен күресті, олар қайдан келді? Шекара қызметі қайда? Сан мыңдаған сұрақ. Ендігі мақсат – осыдан сабақ алып, оның қай­талануына жол бермеу! ДинараДинара СӘДУАҚАСОВА, «Жас ұлан» бірыңғай балалар-  жасөспірімдер ұйымының жетекшісі:

Бейбіт мемлекетте өмір сүргіміз келеді

– Президент өз Үндеуінде түйткілді мәсе­лелерді қозғады. Еліміздің тәуелсіздігін баян­ды ету бағытында бірқатар реформаны жүзеге асыру­ды тапсырды. Бұл жаңалықты жасұлан­дықтар ыстық ықыласпен қабылдадық. Себебі отансүйгіштік тәрбиенің қазір маңы­зы бәрінен де жоғары болып тұр. Өз Отанын сүй­ген жастар ғана өз елін көр­кей­те алады. Қазақстан­дықтар митингке шыққанда өзінің бірлігін және аза­маттық сананың өскенін көрсетті. Халық жиналып, талап қоя алатынын көр­сетті. Билік те халықпен бейбіт диалог құра алатынын көрдік. Өкініштісі, бей­біт митингтің тәртіпсіздіктерге айналып кеткені. Шы­нымен, бір түн, бір мезет ішінде біздің тәуелсіз еліміздің егемендігіне қауіп төнді. Сол кезде елде төтенше жағдай жарияланғаннан бері жастарымыз полиция қызметкерлерімен бірге кезекшілікке, көшелерді патруль­деуге, қажет болған жағдайда блок-бекеттерге шығып көмектесіп жүр. Өйткені жасұландықтар негізі 18 жасқа дейінгі балалар. Сондықтан да бұл жағдайда балаларды волонтерлік қызметтерге тартпаймыз. Бірақ ұйым қызмет­кер­лері барынша көмек көрсетеді. Міне, күні кеше ғана бекетте тұрған адам­дарға ыстық шай апарып, донорлық қан тапсырып, қазір республикалық үйлестіру орталығында көмек көрсетіп, өзекті ақпараттарды жинауға қатысып жатырмыз. Осындайда мемлекетімізге көмек қолын созу – Отанын, елін, жерін сүйетін әр қазақстандықтың азаматтық парызы. Сыни кезеңдегі Президенттің барлық шешімін қолдаймын. Бәріміз бейбіт мемлекетте өмір сүргіміз келеді. Енді бұл ахуалдың елімізде қайталанбағанын қалаймын.