57 адам қамалды
57 адам қамалды
Шымкент қаласында болған жаппай тәртіпсіздік сәтінен бастап 3 520 адам Полиция департаментіне жеткізілген. Қазір  261 құқықбұзушылық анықталған.  Ұсталған азаматтардың 223-і қамауға алынса, 19-на айыппұл салын­ған.  19 тәртіп бұзушыға  ескерту беру туралы шешім қабыл­даныпты. Полиция департаментінің мәліметі бойынша, барлық қозғалған қылмыстық істер бойынша жаппай тәртіпсіздік­тердің 57 қатысушысы абақтыға қамалған. Күдіктілерден 6 патроны бар калибрі 16 мм шолақ  мылтық,  9 мм жауынгерлік калибрге қайта жасалған 1 травма­тика­лық тапанша 5 патронымен, калибрі 7,62 мм 67 жауынгерлік патрон және калибрі 5,45 мм 3 жауынгерлік патрон, сондай-ақ тәртіпсіздіктер кезінде Алматы облысының «Аппорт» сауда орталығынан ұрланған 23 дана «Айфон 11-ПРО» маркалы және «Самсунг а-25» маркалы 3 телефон тәркіленген. Ал жаппай тәртіпсіздік кезінде Шымкентте қоғамдық қауіп­сіздікті қамтамасыз етуде полиция қызметкерлері арасынан 48 қызметкер әртүрлі жарақат алып, зақымданған  91 автокөліктің  8-і өртенген. Аймақта төтенше жағдай режимі жарияланған сәттен бастап комендаттық сағатты бұзғаны үшін 83 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып,  оның 47-і қамауға алынған. Сонымен бірге қаладағы 7 блок-бекетте жалпы  12 540 авто­көлік тексерілген. Тексеру нәти­жесінде тәртіпсіздікке қатысқан 8 адам ұсталып, көлікті қарау кезінде 1 газ тапаншасы тәркі­леніпті.

Шымкент қаласы