«Қайрат» қорғаушысы «Зенит» командасымен жаттығу өткізеді
«Қайрат» қорғаушысы «Зенит» командасымен жаттығу өткізеді

«Қайрат» футбол клубы мен Қазақстан құрамасының қорғаушысы Нұралы Әліп «Зенит» командасының оқу-жаттығу жиынына шақырту алды.

Алматылық клуб Сергей Семак жаттықтыратын ресейлік команданың оқу-жаттығу жиынына кеткен ойыншысына қатысты ресми мәлімдеме жасады. «Футболшы Санкт-Петербургке аттанып кетті.  Жаттығу жиындары 13 қаңтар мен 25 қаңтар аралығында БАӘ (Дубай) елінде өтеді. Біз саған сенеміз, Нұралы» делінген клуб жасаған мәлімдемеде. Нұралы Әліп – «Каспий» футбол клубының түлегі. «Қайратта» 2017 жылдан бері өнер көрсетіп жүр. Негізгі командада 77 матчқа қатысып, 4 гол соққан. «Қайратпен» бірге Нұралы бір мәрте ел чемпионы атанды, бұдан бөлек ҚПЛ-дың екі рет күміс және бір рет қола медалін жеңіп алды.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы сапында Әліп 12 ойын өткізді. Transfermarkt порталы 23 жастағы қорғаушыны 1,7 млн еуроға бағалап отыр.