– Өздеріңізге мәлім, Алматы – менің туған қалам. Осында дүниеге келдім, оқыдым. Алдымызда қысқа мерзім ішінде қаланы қалпына келтіру міндеті тұр. Бұл – менің Президент ретінде және еліміздің азаматы ретінде парызым. Қаланың қалпына келетініне еш күмән жоқ. Үкіметтің алдында қаланың келбетін бұрынғыдан да жақсарту міндеті тұр. Бұл өте үлкен жұмыс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысы алда ҰҚШҰ бірлескен бітімгерлік контингентінің бөлімшелерін қайтару жұмыстары жүргізілетінін айтты.
– Ертең ҰҚШҰ бірлескен бітімгерлік контингентін елден шығару жұмыстары басталады. Мен тиісті мемлекеттердің басшыларымен сөйлестім. Осы сәтті пайдаланып, осы бірнеше күнде жүргізген ауқымды жұмыстары үшін контингенттің басшылығына алғыс айтамын. ҰҚШҰ бітімгерлік контингентінің Қазақстанға, соның ішінде Алматыға келгені жалпы еліміздегі жағдайды тұрақтандыруда үлкен рөл атқарды. Бұл әрекеттердің лаңкестер мен содырлардың агрессиясын қайтаруда үлкен психологиялық маңызы болғаны сөзсіз. Миссия өте сәтті өтті. Менің әріптестеріме Ұйымға мүше елдердің басшыларына үлкен алғыс білдіремін, – деді Президент.Жедел штаб отырысының қорытындысы бойынша, Үкіметтік комиссия мен жергілікті әкімдіктер бірлесіп қысқа мерзім ішінде барлық аймақтағы нысандарды қалпына келтіруге, үздіксіз транспорт жұмысын қамтамасыз етуге, азық-түлікпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ шағын және орта бизнес нысандарының жұмысын жандандыруға күш салу тапсырылды.