Құрметті отандастар!
Қаңтардың ызғарлы күндері егеменді еліміздің шаңырағын шайқалтты. Елдігімізді сақтап қалу мақсатында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың істеген әрбір нық қадамына ел-жұрт болып қолдау көрсеттік. Қазақстан машина жасаушылар одағы лаңкестіктен зардап шеккен барлық бейбіт тұрғынға және Отан алдындағы парызын орындау кезінде қаза тапқандардың отбасына көңіл айтады. «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» демекші, өткен күндерден сабақ алып, еліміз сыннан өтіп Президенттің бастауымен Конституцияға негізделген дара жолын жалғастырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде уақыт талабына сай жаңа мақсат пен міндеттер қойылды.Машина жасау саласында түпкі өнім түрлерін шығаруын жолға қою қажеттілігі ерекше аталып кетті. Әлеуметтік блокта Президент техникалық білім беру маныздылығын ерекше атап көрсетті. Елімізде кадрлар даярлау және сапалы білім алуға қол жеткізу мәселесі өткір тұр. Біз білікті кадрларды қажет ететін бірден бір саламыз. Білікті мамандарды даярлау арқылы саланы дамытудың маңыздылығы айдан анық. Қазақстан машина жасаушылар одағы алты жүзден астам машина жасау кәсіпорынын біріктіреді. Одақ мүшелері еліміздің тез арада бой түзеп, саяси және экономикалық тұрақты аймақ болуына еңбегін аямайды.Президент өндіруші және өңдеуші өнеркәсіптің импортқа тәуелділігі өткір мәселелердің бірі екенін атап өтті. 2020 жылы осы саладағы импорт 4 млрд АҚШ доллары болды. Одан арылу үшін, заманауи технологиялар бойынша сапалы материалдарды өндіруге мүмкіндік беретін жаңа өндірістерді салу немесе жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту керек.