Партиялықтар блокпостарға көмір, отын, жылы төсеніш жеткізді
Партиялықтар блокпостарға көмір, отын, жылы төсеніш жеткізді
264
оқылды

Қызылорда облыстық Nur Otan партиясы мүшелері мен жақтастары өздерінің адал еңбектерімен, жеке қаражаттарымен бұзақылар қолымен бұзылған ғимараттарды қалпына келтіруге көмектесіп жатыр. Тәртіп сақшыларын ыстық тамақпен, жекелеген гигиеналық заттармен қамтамасыз етуде. Бұл жұмыстар барлық аудандардағы блок- бекеттерде жүргізілуде.

Қалалық мәслихаттағы фракция мүшелері қала сыртындағы 5 блок-бекеттермен байланысып, ондағы жағдайды білді. Күннің суытуына байланысты оларға көмір, отынның қажеттілігі анықталды. Депутаттық фракция мүшелері жұмылып, аз ғана уақыт ішінде блокпостарға көмір, отын, сонымен қатар жылы төсеніш жеткізді. Jas Otan ЖҚ белсенділері облыстағы жастармен бірлесіп, қала қақпаларына орнатылған блок-бекеттердегі әскери қызметшілерге ыстық тамақ жеткізу жұмыстарына атсалысуда. Nur Otan партиясы қашанда халықпен бірге болып, өзінің барлық күш-қуатын халықты қолдауға, елдікті сақтауға және тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағыттауда. Кешегі болған қиын-қыстау кезде де партияның барлық ресурстары Мемлекет басшысының елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмаларын орындауға жұмылдырылды.
Бейбіт шерулер болған уақытта облыстық  партия  филиалының төрағасы, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, барлық аудандық партия филиалдарының төрағалары, аудан әкімдері, партия ардагерлері мен белсенділері, фракция мүшелері халықтың ортасында болып, олардың ұсыныс тілектерін тыңдады. Ашуға булыққан халыққа басу айтып, елдің тыныштығын сақтауға шақырды.
Бұдан бөлек, Сексеуіл кенті, Қазалы ауданы мен Төретам кентінде теміржол бекеттерінің жабылуы салдарынан болған келеңсіздіктер кезінде «Теміржол» бастауыш партия филиалының төрағасы мен сол жерлердегі фракция мүшелері тұрып қалған поезд жолаушыларымен бірге болып, сабырлыққа шақырды. Жолаушыларға ыстық тамақ пен гигиеналық заттардың жеткізілуін үйлестіруге қатысты.  width= Сондай-ақ фракция мүшелерімен арнайы ұжымдарда (теміржолшылар, мұнайшылар, жұмыссыз жастар арасында) кездесулер өтіп, елдің тыныштығын сақтауға бағытталған ақпараттық жұмыстар жүргізілді. Мұндай жұмыстар партия белсенділері мен партия жанындағы қоғамдық кеңестер төрағаларымен әлеуметтік желілерде, жергілікті БАҚ–да жарияланды. Денсаулық сақтау саласындағы партияластарымыз шеру кезінде зардап шеккен тұрғындарға  медициналық қызмет көрсетіп ұжымды жұмылдыруда. «Теміржол», «Тұран» бастауыш партия филиалдарының мүшелері науқастарға донор болып қан тапсырды.