Солтүстіктегі нұротандықтар блок-бекеттерге азық-түлік, бетперде, тұрмыстық тауарлар жеткізді

Солтүстіктегі нұротандықтар блок-бекеттерге азық-түлік, бетперде, тұрмыстық тауарлар жеткізді

Ел басына күн туған қиын кезеңде Nur Otan партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы да болған оқиғадан шет қалған жоқ. Облыстық және Петропавл қалалық филиалдарының қызметкерлері мен мүшелері бүліктен зардап шеккендерге қайырымдылық шарасы ретінде қан тапсырды. Осы күнге дейін 260-тан астам партия мүшесі қан тапсырды. Соның ішінде 20 шақтысы – партия қызметкерлері.

Партия филиалы жанындағы отбасы, әйелдер және балалар құқығын қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері  блок-бекеттерде күні-түні кезекшілік атқарған тәртіп сақшыларына азық-түлік, бетперде, тұрмыстық тауарлар жеткізіп берді. Nur Otan белсенділері, фракция мүшелері барлық деңгейдегі жедел штабтардың құрамында жұмыс істеуде.  Олар еңбек ұжымдары мен ұйымдарды аралап, елдегі жағдайды түсіндіруде. Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатындағы партия фракциясының мүшелері жедел топтардың құрамында Петропавл қаласында 5 қаңтар күні шеруге шыққан азаматтармен келіссөз жүргізуге қатысты. Фракция мүшелері Ерлан Тоқшылық пен Біржан Жалғасбаев дау-дамайды реттеу үшін жедел топтың құрамына кірді. Әлеуметтік желілерде де жұмыс қыза түсті. Партия белсенділері  интернет кеңістігінде азаматтарды арандатушылыққа бой алдырмауға, ел Президенті қабылдаған шешімдерді қолдауға шақыруда. Партияның облыстық және аумақтық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, партияның белсенді мүшелері, барлық деңгейдегі депутаттар әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларында қаза тапқандардың отбасыларына қолдау көрсету және төтенше жағдай режимі кезеңіндегі партияның қызметі туралы  жазбалар жариялады. Бүгінгі таңда 30 шақты жарияланым орналастырылды. Бастауыш партия ұйымдарының төрағалары жастар арасында рұқсат етілмеген шерулердің, экстремизм мен лаңкестіктің алдын алу мақсатында партия мүшелерімен, сондай-ақ М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттерімен кездесулер ұйымдастырды.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы.