Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен отырыста сенаторлар елімізде болған оқиғаларға қатысты ойын айтты. Палата Спикері қаза тапқан құқық қорғау қызметкерлерінің және бейбіт тұрғындардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді. Содан соң депутаттар бірқатар мәселені қарады. Елімізде болған оқиғаларға қатысты пікір білдірген Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының уақытылы әрі жедел қабылдаған шешімдерінің арқасында қысқа мерзімде еліміздегі жағдай тұрақталып, мемлекетіміздің қауіпсіздігі қамтамасыз етілгенін айтты. «Жаңа жыл еліміз үшін үлкен сын сағатымен басталды. Біз тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең қатерлі кезеңмен бетпе-бет келдік. Шын мәнінде, мемлекеттілігімізге қауіп төнді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың дер кезінде қабылдаған нақты шешімдерінің арқасында қылмыстық әрекеттерге тегеурінді тойтарыс берілді. Осы жолда біздің тәртіп сақшылары мен әскерилеріміздің жанкешті іс-әрекеттерін ерекше атап өткен жөн», – деді Мәулен Әшімбаев. Сонымен қатар Палата Спикері жыл басында болған қайғылы оқиғалар елімізде жүйелі және шынайы өзгерістер қажет екенін көрсетіп бергенін айтты. Ол Мемлекет басшысы өз сөзінде осы мәселеге тоқталғанын да атап өтті. Сондай-ақ Сенат Төрағасы еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқанына назар аударды. Ол осы жолда Парламент Сенаты ел Президентінің барлық бастамасын қолдай отырып, оларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін қажетті жұмыстарды сапалы әрі уақытылы жүзеге асыруға тиіс екенін жеткізді. Отырыс барысында сенаторлар басқа қызметке ауысуына байланысты Қанат Мусинді Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босату туралы Президенттің ұсынымын қарады. Одан бөлек, депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келiсiмді ратификациялау туралы» заңды қарап, қабылдады. Бұл құжат Қазақстан мен АҚШ-тың әрбір авиакәсіпорнына біздің елдеріміз арасында кез келген бір немесе екі бағытта рейстерді жүзеге асыруға, бір әуекемесінің ұшуы шеңберінде рейстердің әртүрлі нөмірін біріктіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ елдер арасындағы әуе қатынасын жеңілдетуге бағытталған басқа да шаралар қарастырылған. Бұдан басқа, мұндай әуекемелерін кедендік баждар мен алымдардан босату көзделеді. «Бүгін қаралған Келісім Америка Құрама Штаттарымен тікелей әуе қатынасын ашуға бағытталған. Бұл екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды арттыруға, мемлекетіміздегі халықаралық авиарейстер санын көбейтуге мүмкіндік береді», – деді заң жөнінде пікірін білдірген Мәулен Әшімбаев.