Мәдениет министрі не тындырып еді?
Мәдениет министрі не тындырып еді?
429
оқылды
Жаңадан тағайындалған Үкімет құрамына Ақтоты Райымқұлова кірмеді. Мәдениет пен спортқа бас-көз болатын мекемені екі жарым жыл басқарған экс-министрдің осы мерзім ішінде қандай әрекетімен немесе сөзімен есте қалғанын көпшілік бірден есіне түсіре алмауы мүмкін. Дегенмен бұрынғы министрдің кезінде де атқарылған тәуір істер мен жүзеге аспаған жобалар болғаны рас. Еске түсіріп көрсек.

Фестиваль-думан заманы артта қалды

2014 жылы Мәдениет министр­лігінің тізгінін Арыстанбек Мұхамедиұлы ұста­ды. Ол филармония, оркестр, мәдени бағ­дарламалар, Ұлттық өнер ака­демиясы секілді мәдениеттің түрлі секто­рын­да тә­жірибе жинаған, өне бойына са­ла­ның иісі сіңген өз адамы саналатын. Де­мек, мә­дениетті бір көтерсе, сол көтере­тіндей бол­ған. Үміт ақталмады. Саланы бес жыл басқарып, әр реформаның пұшпағын бір ұстап, ірі нәтиже шығара алмаған, басы түрлі дауға шатылған А.Мұхамедиұлы 2019 жылы орынтағынан ауып қалды. 2019 жылғы 17 маусымда жаңа Прези­дент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен «Мәдениет және спорт министрі» лауазымына Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, ком­позитор, оған дейін салада вице-министр болған Ақтоты Райымқұлова тағайындалды. Атап өтер жайт, А.Мұхамедиұлы мәде­ниет саласында билік еткен тұс – сан алуан фестивальдар, сән-салтанатты рәсімдер, аса қымбат жобалар дәуірі болыпты. Мы­салы, 2015 жылы министрдің бастамасымен «Қа­зақ елі» атты 10 сериялы тарихи-драма­лық телехикая түсіру қолға алынды. Ми­нистрдің өзі «Алмас қылыш», «Алтын тақ» көркем фильмдерінің, «Қазақ хандығына 550 жыл» деректі фильмінің, «Қазақ елі» мульт­фильмдерінің және басқасының көркем жетекшісі, «Қазақ хандығына 550 жыл» гала-спектаклінің, «Опералия Пла­сидо Доминго» халықаралық вокалистер кон­курсының авторы және режиссері болды. А.Мұхамедиұлы сондай-ақ «Қазақ­стан – Еуразия жүрегі» халықаралық кон­курсының, «Песня без границ» халық­ара­лық фестивалінің, «Елім менің», «Тәуел­сіз­дік толғауы» конкурстарының ұйымдас­тырушысы болды. Министрлік Voice of Astana эстрадалық музыканың халықаралық конкурсын, «Еуразия» халықаралық кино­фестивалін және басқасын жыл сайын дүрілдетіп өткізіп, шетелден және Ресейден аты «жұлдыз», заты арзанқол актерлер мен әншілерді шақырып, алдына қызыл қалы кілем төсеп, әлек-шәлек болды. Франция­ның Notre Dame de Paris мюзиклін қазақ­шалап бір рет көрсету үшін қыруар шығын шығарды. Сол кездегі қаптаған той-то­малақтың толық тізімі тым ұзын. Бұл бюджет ақшасын министрлік аяу­сыз шашқан кезең еді. Саладағы билік ба­сына А.Райымқұлова келгеннен кейін ахуал өз­герді. Жаңа министр қарапайымдылық та­нытты. Үкімет пен Парламент мәдениет са­ласына бөлінетін қаражатты көп қыс­қартып тастады. Алдыңғы министр тұсын­да іргесі қаланған халықаралық кино­­­фес­ти­вальдар мен конкурстарды өткізу тоқтатылды. Өзгермеске шара да жоқ еді: әлемде коронавирус пандемиясы басталды. Мы­салы, 2018 жылы Қазақстанда «мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік» саласына 149,4 миллиард теңге жұмса­лыпты. Бұл – министрліктің өз шығын­дарының сыртындағысы! Ал 2020 жылғы екі айда бұл бюджеттік бағдарлама шығыны 74,1 миллиард, 2021 жылы 65,4 миллиард теңгеге дейін азайтылыпты.

Өзі де, жетістігі де қарапайым министр

«А.Райымқұлова тұсында мәдениет саласы нендей жетістікке жетті?» деген сауалға сарапшылар да жауап табуға қи­налады. Оның қорғауымен 2019 жылдың 26 желтоқсанында «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану ту­ра­лы» жаңа заң қабылданды. Оның мақсаты – тарихи-мәдени мұра объектілерін жаң­ғырту, сақтау және танымал ету. Бұл ата-бабадан мұраға қалған тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғап, пайдалану шара­ларын біршама күшейтті. Оларды сақтау­дың жаңа тәсілдемесі мен тың тетіктері енгізілген. Мәдениет және архив ұйымдары қыз­меткерлерінің жалақысы 50%, ал өңірлік ұйымдар қызметкерлері үшін 35%-ға артты. Бұл қызметкерлердің жалақысын 2025 жылға дейін 20%-ға жыл сайын арттыру көзделген. 2021 жылғы 1 мамырда Қазақстанда алғаш рет балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс іске қосылды. Оны қаржыландыруға жергілікті бюджеттер жауапты. Бұл Artsport.edu.kz порталы ар­қылы шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын халыққа қолжетімді етуге біршама ықпал етті. Бүгінде 4-17 жастағы 283 мыңнан астам бала тегін қатысады: 150 мыңға жуығы – спорт, 133 мыңнан астамы шығармашылық бойынша. Ата-баба аңсаған азаттықтың мерейлі межесін лайықты атап өту де А.Райым­құ­лованың еншісіне түсіпті. Дегенмен сарап­шылар тәуелсіздік тойы жетім қыздың то­йындай болып, ізгі жобаларымен, игі­лікті бастамаларымен ел есінде қалмаға­нын айтады. Министрліктің мәліметінше, былтыр 30 жылдықты мерекелеу бойынша республикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес, 46 мыңға жуық қоғамдық маңыз­ды, ауқымды, жаңа жобалар өткізілді: мәдениет саласында – 45 000, спорт са­ласында – 500, туризм саласында 100-ге жуық іс-шара. 2020 жылы ел тарихында алғаш рет жаңа мереке – «22 желтоқсан – Архивші күні» пайда болды. 2021 жылы «Электронды құжаттардың бірыңғай архиві» («Е-Архив») ақпараттық жүйесі қолданысқа берілді. Е-Архивке 223 мемархив, 421 аумақтық меморган, 60 орталық және 870 жергілікті атқарушы орган қосылған.

Министрдің тісі батпаған істер

Бір маңызды жайт назар аудартады: 2022 жылдың алғашқы күндерінде еліміздің көптеген өңірінде наразылық акциялары бұрқ ете қалғанда ең алдымен зиялы, шығармашылық қауым, мәдениет пен өнер адамдары халықтың алдына шығып, елге басу айтуы қажет еді. Бұқараны сабырға шақырған жекелеген өкілдерін айтпағанда, әнші, ақын, жазушылардың бір бөлігі бас көтерулер мен қарсылықты қолдады, қалғандары бас бұғып қалды. Наразылық шаралары жаппай тәртіпсіздіктер мен лаңкестік актілерге ұласқанда да олар тым-тырыс, тығылып отырды. Тек Мемлекет басшысының пәрмені мен тегеурінді шаралары арқасында республикадағы жағдай бақылауға алынып, ахуал тұрақтала бастағанда, яғни 8 қаңтарда мәдениет ведомствосына (МСМ) кенет жан бітіп, «Мәдениет, спорт, туризм саласының қызметкерлері ел Президенті Қ.Тоқаевтың ұстанған бағытын қолдайтынын білдірді» деген мәлімдеме таратты. Ақтоты Райым­құлова ең керекті кезде, алмағайып шақта мәдениет, өнер, шығармашылық, туризм және спорт қоғамдастығын Тоқаевтың ай­наласына топтастырып, жұмылдыра ал­ма­ды. Сарапшылар оның ең үлкен қателігін де осыдан көреді. Елге сыйлы, сөзі өтімді осы топтардың әлеуетін, қуат-энергиясын, синергиясын Президент бастамалары мен реформаларын қолдауға бағыттау ісін енді идеология саласының бір білгірі, жаңа Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев жүзеге асыратын болады. Қазақ елінің тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған тарихи бастамалардың бірі – Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен қазақ тілін кириллицадан латын графика­сына көшіру болатын. Латынша қазақ алфавитін жасау және енгізу жұмысына басшылық ету МСМ-ге жүктелді. Меморган төрт жылдан бері «тер төгіп келеді», бірақ министрліктің де, Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық коммисия мүшелерінің де жұмыс нәтижесі елдің және ел басшылығының көңілінен шықпады. Ақыр соңында латын әліппесіне көшу белгісіз мерзімге тоқтатылды. Мәдениет министрлігі мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту, оның мәртебесін этносаралық қарым-қатынас тіліне дейін көтеру саласында өнімді нәтижеге қол жеткізе алмады. Тілдерді дамытудың жаңа бағдарламасын да әзірлей алмаған: бұл сала ұлттық жоба форматына ауыса алмай қал­ды. Сарапшылар мен халықтың қатаң сы­нынан кейін Мемлекет басшысының тап­сырмасымен тілдерді дамыту саласы был­тыр Мәдениет және спорт министрлігінен алып қойылып, БҒМ-ге берілді.

Мәдениеті ақсаған ел

А.Райымқұлова министр орынтағына отыра сала одақтарға сүйенуге, соларды тірек етуге тырысты. Қазақстанда бүгінде Жазушылар одағы, Суретшілер одағы, Кинематографистер одағы сияқты жалпы саны 17 республикалық шығармашылық одақ жұмыс істейді. Ақтоты Рахметоллақызы Үкіметтің, Парламент жиындарында мем­лекет қаржылай көмектеспесе, бұл одақ­тар­дың нарық жағдайында қызмет атқармақ түгіл аман қалуы қиын болатынын қайта­лаумен болды. Ақыры 2020 жылы алғаш рет одақтардың жобаларын жүзеге асыруға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс берілді: министр ханымға бюджеттік 257 млн тең­геге олардың 27 жобасын қаржылай қол­дау­ға рұқсат етілді. Арты не болды? Бірін­шіден, одақтар бұл соманы қомсынған. Екін­шіден, әлеуметтік тапсырыстың күр­делі критерийлеріне сай болу, қаптаған есеп тапсыру секілді талаптарды қиынсынған. Себебі ол конкурстарға одақтар өзі ғана қатысып, мемтапсырысты жеке жәукем­дегісі келеді, ал заңнама ол сатып алуларда барлық ҮЕҰ-ға бақ сынауға мүмкіндік береді. Содан одақтардың қатысуға ынта-ықылас танытпауы, тәжірибесінің жоқтығы кесірінен конкурстар жаппай «өтпеді» деп танылды. Қаражат пандемия аясында қыс­қартуға ілігіп, мембюджетке қайтарылды. Осыдан кейін министр түсініктеме жұ­мыс­тарын жүргізсе керек, келесі 2021 жылы шығармашылық одақтардың 7 жобасы 46,6 миллион теңгеге осы тапсырыс аясында қаржыландырылды. Одан елге не пайда келді? Министрлік дерегінше, одақтар бюджеттік миллиондарға әдеби курстар, семинарлар өткізген, жас айтыскер ақын­дар, кинематографистер, театр ісінің ма­мандары, жас орындаушылар мен сазгерлер үшін шеберлік сабақтарын, суретшілер үшін арт-симпозиум ұйымдастырған. Тәбет ас үстінде келеді деген, осыдан кейін министр одақтарды қаржыландыру көлемін жарты миллиард (500 млн) теңгеге дейін күрт арттыруды сұрап, бюджеттік өтінім берді. Ұсыныс Қаржы министрлігінің қарауында жатып қалды. Шығармашылық одақтарды бюджеттен қаржыландыруға көшу, сондай-ақ өзге ҮЕҰ-ларсыз, одақ­тар­ды «адресті» қолдау үшін оларға «сала­лық мемлекеттік гранттар тағайындау» жөніндегі А.Райымқұлованың бастамасы әзірге «ауада ілініп тұр». Жаңа министрдің оны ары қарай жүзеге асырар-асырмасы әзірге белгісіз. 2021 жыл «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланды. Балалар әдебиетінің ілгері озып, жаңа даму белесіне шыққаны да байқалмайды. Мәдениет саласы кейінгі жылдары коррупциялық дау-жанжалдардан арыла алар емес. Әсіресе, кино түсіруге бөлінген миллиардтардың талан-тараж болуы, бюджет қаражатын мүйізі қарағайдай, беделді режиссерлердің өзара ханталапайға салуы, жас дарындардың қолдаудан тыс қалуы, ел қаражатына сапасыз фильмдердің түсірілуі жұрттың зығырданын қайнатты. Ми­нистрдің орынбасары Сәкен Мұсай­бековті былтыр Антикорр пара алғаны үшін ұстады. 15 шілдеде Алматының Түрксіб ау­дандық соты оны алаяқтығы үшін ғана сот­тады: 62 миллион теңге айыппұл арқалатты. Министрліктің жауап беретін басқа салалары – спорт та, туризм де былық пен жемқорлық батпағына батып барады. Туризм саласы пандемия заманында толық тоқырауға ұшырады. Туристік бизнеске де, қарапайым азаматтарға да пайдалы және ел ішіндегі демалысты қолжетімді және ыңғайлы ететін Kids Go Free бағдарламасы сол бойы жүзеге аспады. Жаңа министрге мұраға қалған бұл тетік іске асса, елдегі от­басылық демалыс 30%-ға дейін арзандамақ.

Токиодағы сәтсіздік

2021 жылғы Токиода өткен XXXII жазғы Олимпиадада Қазақстан «тарихи жеңіліске» ұшырап, тұңғыш рет көш соңындағы 83-орын­ға құлдырады. Бұл былтыр жан­күйерлердің жаппай наразылығын туғызды, қазақстандықтардың рухының түсіп, күй­зелуіне «сүбелі үлес» қосты. Тура 21 күннен кейін, 4 ақпанда Қытайдың Бейжіңінде қысқы Олимпиада ашылады. Оны лайықты өткізу Дәурен Абаевтың еншісіне тиді. Қалай болғанда да, бұл салалардың бәрінде жылдар бойы шешілмей қор­да­ланған мәселелер жетерлік. Бейберекет­сіздіктер кезінде кейбір «ереуілшінің», радикалды топтардың бүлігі мен былығы, жаппай тонау көріністері бейнеленген видеолар жаһанға тарап, әлемге қазақ­стан­дықтарды әдепсіз, мәдениетсіз етіп көрсет­кені құпия емес. Ендеше «Жаһандық әлем­дегі заманауи қазақстандық мәдениет» және басқа да бедел-имидждік жобаларды қайта қолға алып, өрістете түсу қажет болатынға ұқсайды.