Жаңа штамм Жамбыл жаққа да жетуі мүмкін
Жаңа штамм Жамбыл жаққа да жетуі мүмкін
307
оқылды
Елімізде соңғы күндері болған дүрбелең сананы сан-саққа жүгірткені жасырын емес. Өкінішке қарай, ел іші дүрлігіп жатқанда коронавирус індетінің жаңа «омикрон» штамын назардан шығарып алғандай болды. Дәл қазір кеселдің жаңа түрі елімізге жеткені жайлы медицина мамандары айтып дабыл қақты. Сондықтан бұл бейжай қарайтын мәселе емес. Жалпы, «омикрон» штамы бір­неше елден табылып, жұғу қау­пі жоғары екенін мамандар айтып отыр. Сондықтан Жамбыл об­лысы індеттің мутациялық түріне дайындық жұмыстарын бастап кетті. Облыстық Денсаулық сақ­тау басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, қазір «омикрон» шта­мы­ның жаңа толқынына қарсы дайындық шаралары бойынша төсек-орындар 3 сценарийге сәй­кес дайындалып жатыр екен. Бірінші жасыл сценарийге жалпы 1 200 инфекциялық, оның ішінде 145 реанимациялық төсек-орны да­йын тұр. Ал сары сценарийде қо­сымша 300 инфекциялық және 30 реанимациялық төсек-орын да­йындалуда. Қызыл сценарийге 1 260 инфекциялық және 126 реа­нимациялық төсек орны әзір­ленуде. Бұдан бөлек, «омикрон» штамының эпидемиологиялық жағдайы ушығар болса, резерв ретінде 2 000 инфекциялық, оның ішінде 200 реанимациялық төсек-орын дайындалатын болады. Жалпы, 3 сценарийге 783 дә­рі­гер, 1 566 орта буын қызмет­кер­лері және 1 566 кіші буын маман­дары жұмылдырылмақ. Қажет болған жағдайда қосымша дәрі­герлер тартылады. Жамбыл облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында, Жамбыл облыстық көпбейінді ауруха­на­сында, Жамбыл облыстық фти­зиопульмонологиялық орталы­ғында және қалалық көпбейінді ауруханасында кислородтық стан­салар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Облыс бойынша денсаулық сақтау нысандарын материалдық техникамен жабдықтау деңгейі 87,5 пайызды құрайды. Дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры бар және емдеу-диагностикалау хатта­ма­ларына сәйкес қосымша тап­сы­рыс жасалып отыр. – «Омикрон» штамына қа­тыс­ты медициналық-санита­рия­лық алғашқы көмек ұйым­да­ры­ның дайындығы күшейтілуде. Облыс бойынша барлығы 214 мобильді бригадалар жасақталған, қазір 164 бригада жұмыс атқарып жатыр. Әр бригадада арнайы оқудан өткен дәрігер мамандар бекітіліп жұмыс істемек. Эпи­демиологиялық жағдай ушығар болса, аудандық, қалалық әкімдік пен басқармалар тарапынан мобильді бригадаларды көлікпен қамтамасыз ету мәселесі де қа­рас­тырылып отыр, – дейді об­лыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев. Тағы бір айта кетерлігі, со­зылмалы аурулары бар пациент­терді, егде жастағы адамдарды қа­шықтан динамикалық бақы­лауды ұйымдастыру мақсатында барлық МСАК ұйымдарында си­туациялық орталықтардың жұ­мыстары күшейтілген. Емха­на­ларға «омикрон» штамына ұқсас шағымдармен қайырылған кезде арнайы фильтр кабинеттері жа­сақталған. Оны қажетті дәрі-дәр­мек пен жеке қорғаныш құрал­да­рымен қамту жұмыстары жүргі­зілмек. Бұдан бөлек, барлық стацио­нарлардың қабылдау бөлімше­лерінде триаж жүйесі енгізіліп, ПТР сынамалары жоқ науқас­тарды оқшаулағыштар қойылған. Медициналық ұйымдарда инфек­циялық қауіпсіздік және меди­ци­налық персоналды қорғау ша­ралары да назардан тыс қалмаған. Жұмылдырылатын инфекциялық стационарларда бейнебақылау жүйелері орнатылған. Осылайша, Жамбыл меди­цинасы «омикрон» жаңа штамына қарсы дайындықты күшейтті. Әрине, саулық – сақтықта! Сон­дықтан мұндай шаралардың пай­дасы болмаса, зияны тимейтіні анық. 13 қаңтардағы соңғы ақпа­рат­қа сүйенсек, облыста корона­вирус індетінің 21 739 жағдайы тір­кел­ген. Пневмониямен 8 339 адам ауыр­ған. Бір тәулікке шақ­қанда шамамен 69 тұрғын індет жұқ­ты­руда. Тәуліктік өсім – 0,09 пайыз. Десек те, осы таңға дейін 21 001 азамат кеселден сауығып шыққан. Бүгінде коронавирус індетінің ең көп жағдайы Тараз қаласында тіркеліп отыр. Одан бөлек, әс­керге шақырылған жастар ара­сында 125 індет жұқтыру дерегі тіркелген. Басқа облыстан келген сарбаздар арасында 99 дерек анықталған. Әрине, індеттен арылудың бір­ден-бір жолы вакцинация болса, бүгінде ревакцинациядан 42 863 адам өткен. Pfizer-дің 1 компонентін 25 907 адам сал­дырса, 2 компонентпен 7 961 аза­мат қамтылған. Оның ішінде 21 482 жасөспірім, 1 714 жүкті әйел және 2 711 бала емізетін ана егілген. Қорда 91 093 доза 1-ке­зе­ңіне және 109 039 доза 2-кезеңіне қалып отыр. Сондықтан бұқара өзі мен жақындарының ден­сау­лығын ойлап, ерте вакцина сал­дырғаны абзал.

Жамбыл облысы