Елімізде соңғы күндері болған дүрбелең сананы сан-саққа жүгірткені жасырын емес. Өкінішке қарай, ел іші дүрлігіп жатқанда коронавирус індетінің жаңа «омикрон» штамын назардан шығарып алғандай болды. Дәл қазір кеселдің жаңа түрі елімізге жеткені жайлы медицина мамандары айтып дабыл қақты. Сондықтан бұл бейжай қарайтын мәселе емес. Жалпы, «омикрон» штамы бірнеше елден табылып, жұғу қаупі жоғары екенін мамандар айтып отыр. Сондықтан Жамбыл облысы індеттің мутациялық түріне дайындық жұмыстарын бастап кетті. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, қазір «омикрон» штамының жаңа толқынына қарсы дайындық шаралары бойынша төсек-орындар 3 сценарийге сәйкес дайындалып жатыр екен. Бірінші жасыл сценарийге жалпы 1 200 инфекциялық, оның ішінде 145 реанимациялық төсек-орны дайын тұр. Ал сары сценарийде қосымша 300 инфекциялық және 30 реанимациялық төсек-орын дайындалуда. Қызыл сценарийге 1 260 инфекциялық және 126 реанимациялық төсек орны әзірленуде. Бұдан бөлек, «омикрон» штамының эпидемиологиялық жағдайы ушығар болса, резерв ретінде 2 000 инфекциялық, оның ішінде 200 реанимациялық төсек-орын дайындалатын болады. Жалпы, 3 сценарийге 783 дәрігер, 1 566 орта буын қызметкерлері және 1 566 кіші буын мамандары жұмылдырылмақ. Қажет болған жағдайда қосымша дәрігерлер тартылады. Жамбыл облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында, Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында, Жамбыл облыстық фтизиопульмонологиялық орталығында және қалалық көпбейінді ауруханасында кислородтық стансалар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Облыс бойынша денсаулық сақтау нысандарын материалдық техникамен жабдықтау деңгейі 87,5 пайызды құрайды. Дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры бар және емдеу-диагностикалау хаттамаларына сәйкес қосымша тапсырыс жасалып отыр. – «Омикрон» штамына қатысты медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының дайындығы күшейтілуде. Облыс бойынша барлығы 214 мобильді бригадалар жасақталған, қазір 164 бригада жұмыс атқарып жатыр. Әр бригадада арнайы оқудан өткен дәрігер мамандар бекітіліп жұмыс істемек. Эпидемиологиялық жағдай ушығар болса, аудандық, қалалық әкімдік пен басқармалар тарапынан мобильді бригадаларды көлікпен қамтамасыз ету мәселесі де қарастырылып отыр, – дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев. Тағы бір айта кетерлігі, созылмалы аурулары бар пациенттерді, егде жастағы адамдарды қашықтан динамикалық бақылауды ұйымдастыру мақсатында барлық МСАК ұйымдарында ситуациялық орталықтардың жұмыстары күшейтілген. Емханаларға «омикрон» штамына ұқсас шағымдармен қайырылған кезде арнайы фильтр кабинеттері жасақталған. Оны қажетті дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныш құралдарымен қамту жұмыстары жүргізілмек. Бұдан бөлек, барлық стационарлардың қабылдау бөлімшелерінде триаж жүйесі енгізіліп, ПТР сынамалары жоқ науқастарды оқшаулағыштар қойылған. Медициналық ұйымдарда инфекциялық қауіпсіздік және медициналық персоналды қорғау шаралары да назардан тыс қалмаған. Жұмылдырылатын инфекциялық стационарларда бейнебақылау жүйелері орнатылған. Осылайша, Жамбыл медицинасы «омикрон» жаңа штамына қарсы дайындықты күшейтті. Әрине, саулық – сақтықта! Сондықтан мұндай шаралардың пайдасы болмаса, зияны тимейтіні анық. 13 қаңтардағы соңғы ақпаратқа сүйенсек, облыста коронавирус індетінің 21 739 жағдайы тіркелген. Пневмониямен 8 339 адам ауырған. Бір тәулікке шаққанда шамамен 69 тұрғын індет жұқтыруда. Тәуліктік өсім – 0,09 пайыз. Десек те, осы таңға дейін 21 001 азамат кеселден сауығып шыққан. Бүгінде коронавирус індетінің ең көп жағдайы Тараз қаласында тіркеліп отыр. Одан бөлек, әскерге шақырылған жастар арасында 125 індет жұқтыру дерегі тіркелген. Басқа облыстан келген сарбаздар арасында 99 дерек анықталған. Әрине, індеттен арылудың бірден-бір жолы вакцинация болса, бүгінде ревакцинациядан 42 863 адам өткен. Pfizer-дің 1 компонентін 25 907 адам салдырса, 2 компонентпен 7 961 азамат қамтылған. Оның ішінде 21 482 жасөспірім, 1 714 жүкті әйел және 2 711 бала емізетін ана егілген. Қорда 91 093 доза 1-кезеңіне және 109 039 доза 2-кезеңіне қалып отыр. Сондықтан бұқара өзі мен жақындарының денсаулығын ойлап, ерте вакцина салдырғаны абзал.
Жамбыл облысы