Еліміздегі ең іргелі курортты аймақтың бірі Щучинск қаласында бірнеше шағынаудан әлі де болса орталықтандырылған жылуға қосылмаған. Өркениет көшінен қалыс қалған аудан тұрғындары жыл сайын көпқабатты үйге көмір тасып күнелтеді. Көшелерге жарық бағандары аттай үш жыл бұрын орнатылғанымен, әлі де қосылмаған. Мәселе жайлы аудан және облыс әкімдігіне талай шағымданған халықтың ащы жанайқайына жауап құрғақ уәдеден ары аспай келеді.
Көмір мен күлді тасумен күндері өтеді...
Тұрғындардың айтуынша, осыған дейін ауысқан бірнеше әкім жағдайды реттейтінін, жылу мен жарықтың қосылатынын, модульді қазандық арқылы жылу беріле бастайтынын айтып сендірген. Дегенмен қаладағы бірнеше мың түтін тұратын Горный, Ремзавод, ЩПЭС шағынаудандарында баяғы жартас бір жартас. Көше жарығының бағаналары сонау 2019 жылы қадалып, бюджет қоржынынан бөлінген қомақты қаражатпен жоба басталған. Алайда жұртшылықтың қуанышы су сепкендей басылған. Жарық та, жылу да шағынаудан тұрғындарына жетпей отыр. «Біз өркениеттен мүлде мақұрым қалдық десек те болады. Көпқабатты үйдің бесінші қабатына күн сайын көмір мен оның күлін тасумен күніміз өтеді. Орталықтандырылған жылу әлі жоқ. Ал осымен бірнеше рет ауысқан әкімдер уәдені үйіп-төккенімен, еш нәтиже болған жоқ. Жарық бағандары қойылғалы үш жыл өтсе де, әлі жарық жоқ. Көшелеріміз тас қараңғы. Жыл сайын көмір сатып алу кәдімгі майдан болады. Өйткені көмір жоқ. Келген көмір лезде таусылып қалады. Мәселені айтпаған жеріміз қалмады. Бірақ жергілікті биліктің назарын аудара алмай келеміз», – дейді Нарғыз Қасымова есімді Щучинск қаласының тұрғыны.Тендер кімдерге тиімді?
Тұрғындардың бірқатары үш жылдан бері жыры бітпей келе жатқан жарық мәселесінің жобасы мердігерлердің шеттен келгенінен деп есептейді. Сондай-ақ бұл жерде» тендерді жеңіп, қалтасын қалыңдатып тайып тұрды ма?» деген қауіптерін де жеткізді. «Щучинскте жарықты жалғайтын энергетиктер құрып қалды ма? Қостанайдан, Талдықорғаннан мердігерлерді шақырудың не қажеті бар? Егер мердігерлер өзімізден болса, жасаған кемшіліктері үшін жауап алып, бұзылған кемшін тұстарын дереу арада түзетуге болар еді. Ал істерін істеп, тайып тұрған бөтендерден қалай сұралады? Біреулерге тендердің тиімді болып тұрғаны анық», – дейді Галина Губайдуллина есімді қала тұрғыны. Бурабай ауданының әкімдігі бар кінә мердігер компаниялардың жауапсыздығының салдары екенін мойындады. Ведомствоның мәліметінше, 2019 жылдан бері қаланың 8 көшесіндегі көше жарығын орнату үшін төрт бірдей жоба жүзеге асырылған. Алайда арты сиырқұйымшақталып кеткен жобалар бүгінге дейін созбақталып келеді. «Щучинск қаласының аумағындағы сегіз көше, атап айтқанда Трудовая, Коммунистическая, Сейфуллин, Морозов, Шоссейная, Мичурин және Амангелді көшелерінде көше жарығының құрылысы 2019 жылы басталған. Тапсырыс беруші – Бурабай ауданының құрылыс бөлімі. Жобаны «Бурабай жобасы» ЖШС жүргізген. Мемлекеттік сатып алу порталында өткен конкурс қорытындысы бойынша Талдықорған қаласындағы «АВС электрик» компаниясымен келісімшарт жасалған. Бұдан кейін Қостанай қаласынан жеке кәсіпкер «В.Е.Перекальскиймен» субмердігер ретінде келісімшарт жасалған. Өткен жылы құрылыс жұмыстары аяқталған кезде мердігер компанияға авторлық қадағалау сарапшысы тарапынан бірқатар ескерту болған. Бірақ бүгінге дейін бұл ескертулер мен кемшіліктер жойылған жоқ», – дейді Бурабай аудандық әкімдігінен.Әкімдік бөлімі мен мердігер компания соттасқан
Әкімдіктің мәліметінше, мердігер ұйым жұмыстың қабылдануы бойынша ескертулерге құлақ аспай, керісінше тапсырыс берушіні сотқа берген. Ал ауданның құрылыс бөлімі ескертулерді жою және келісімшарт міндеттемелерін орындауға мәжбүрлеу туралы сотқа қарсы талап-арыз түсірген. Сот істі тапсырыс берушінің пайдасына шешкен. «Сот оң шешімін қабылдады. Заңды күшіне енгеннен кейін мердігер ұйымға қатысты санкциялар қолданылатын болады. Қазір пайдалануға беру туралы актінің болмауына байланысты бағаналары қағылған көше жарығын электрмен қамтудың ортақ желілеріне қосуды рәсімдеу мүмкін болмай отыр. Ал қаланы жылумен қамтуға келсек, Щучинск қаласында және Горный шағынауданы бойынша жылу желілерінің құрылысы жобасы жасалып жатыр. Мердігер ұйым Павлодар қаласынан. Қазір жылу желілерін төсейтін трассалар анықталды. Жобалық-сметалық құжаттамаларының бөлімдерін әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жобалау аяқталғаннан кейін желі құрылысына бюджеттік өтінім берілмек», – деп толықтырды Бурабай ауданы әкімдігінен.P.S. Әзірге істі соңына дейін жеткізбеген компаниямен дау әлі бітпеген. Ал қарапайым жұрт көпқабатты үйге көмір тасып, көше жарығынсыз қашанға дейін күнелтетіні әлі белгісіз. Істің ақ-қарасы алдағы уақытта анықталуы тиіс...
Ақмола облысы