Премьер-министрдің өкімімен Марат Бақытжанұлы Бекетаев Премьер-министрдің кеңесшісі болып тағайындалды. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Марат Бақытжанұлы Бекетаев 1977 жылы 29 тамызда қазіргі Түркістан облысында дүниеге келген. 1998 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін, 2000 жылы Лондон экономика және сасяи ғылымдар мектебін тәмамдаған. Еңбек жолын 2001 жылы «ҚР СІМ дипломатиялық өкілдіктермен жұмыс департаменті» РМК ұйымдық- хаттамалық бөлімінің ақпаратты өңдеу секторының меңгерушісі болып бастады. 2002 жылдан 2003 жылға дейін Алматы қалалық «Дипломатиялық корпусқа қызмет көрсету бойынша басқармасы» ЖАҚ ұйымдық-талдау бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді. 2003 жылдың тамыз айы мен желтоқсан айы аралығында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметті құқықтық қамтамасыз ету Департаментінің бөлім, басқарма бастығы қызметтерін атқарды. 2004 жылдың қаңтарынан қыркүйек айына дейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының кеңесшісі, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Ақпарат және тестілеу орталығы» ММ Директорының орынбасары лауазымында болды. 2004 жылдың қыркүйек айынан 2006 жылға дейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Еуразия мемлекеттік қызметшілерді оқыту орталығы» РМҚК директорының орынбасары, директоры болып қызмет атқарды. 2006 жылдан 2007 жылға дейін ҚР Премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі болып жұмыс істеді. 2007 жылы ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі қызметін атқарды. 2007 жылдан 2010 жылға дейін ҚР Әділет вице-министрі лауазымында болды. 2010 жылы – ҚР Әділет министрлігінің жауапты хатшысы болды. 2016 жылдан бастап Әділет министрі болған еді. 2011 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған.