Елімізде болған төтенше жағдайдан соң Ақтөбедегі ерікті жастардың және Jas Otan ЖҚ бастамасымен волонтерлық штаб құрылды. Олар әйелдер қауымдастығының жас кәсіпкерлерімен бірге өңір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында орнатылған үш блок бекеттегі 100-ден астам әскерилер мен полиция қызметкерлерін бірнеше күннен бері ыстық тамақпен қамтамасыз етуде. Осы күнге дейін 175 адамға ыстық тамақ таратылды. Бұл жұмыстар 19 қаңтарға дейін жалғасады.
Сондай-ақ облыста 7 (702) 986 20 85 нөмірі бойынша Call-орталық жұмыс істеп тұр. Байланыс орталығына келіп түскен арыз-шағымдар, ұсыныстар бойынша партияның бастауыш ұйым басшылары мен фракция депутаттары жұмыс істеп, еріктілер де көмек көрсетті. Жалпы елдегі жағдай орын алғанда партия активімен және партия жақтастарымен Ақтөбе қаласында тәртіпті сақтау мақсатында полицияға көмек көрсету үшін қоғамдық жасақтар құрылған болатын. «СНПС-«Ақтөбемұнайгаз» АҚ Жаңажол кен орынындағы жұмысшылардың наразылығы мен ереуіліне байланысты партияның Саяси кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихаттағы Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі Т.С.Есенғұлов («СНПС-«Ақтөбемұнайгаз» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары) түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жұмысшылардың жұмыс тоқтатпауына және қала көшелеріне шығуына жол бермеді. Осындай жұмысты облыстық мәслихаттағы фракция мүшесі, «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті А.Б. Есенжолов жүргізді. Ол «Самара-Шымкент» тас жолына шығып, пикет ұйымдастырған Хромтау ауданының кеншілерімен келіссөз жүргізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.