Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының қолдауымен жасотандықтар әскери қызметкерлерге пандемия кезінде қолданатын дәрі-дәрмек қобдишаларын үлестірді. Шара «Шымкент-Түркістан» тасжолындағы блок-бекеттерде қаланың қауіпсіздігін, тыныштығын және тұрақтылығын күзетуші азаматтардың ауруға қарсы иммунитетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Сонымен қатар коронавирус инфекциясының жаңа штамы «омикронның» өршуі мен бірқатар аймақтың «қызыл аймаққа» енуі де себеп болды. Медицина саласы мамандарының арнайы нұсқаулығымен жинақталған дәрі-дәрмек қобдишасы блок-бекеттер тұрған әскерилер мен мамандарға жеткізілді. «Jas Otan» Жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман арнайы дайындалған қобдишада вирусқа қарсы дәрі-дәрмектерден бөлек витаминдер мен қосымша пайдалануға қажетті гигиеналық заттардың барын айтты. – Қиын кезеңнен мұқалмай өту үшін алдымен денсаулық маңызды. Сол себепті Президентіміздің «Күшіміз бірлікте» ұранын алға тарта отырып, әскерилерге қолдау білдіруді жөн көрдік. Осындай игі іске атсалысқан партия мүшелері мен белсенділеріне алғысымды айтамын. Бұл жұмыстар жалғасатын болады, – деді Жансерік Жұман. Айта кетейік, жасотандықтар бұған дейін де блок-бекеттердегі әскери қызметкерлерге ыстық тамақ жеткізіп, демеу білдірген болатын.
Әбілмансұр ЖАСАН