Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов Мемлекет басшысы қойған жаңа міндеттердің орындалуына тоқталды. Президент тапсырмасына сәйкес қызметін орындау кезінде қаза тапқан әскерилердің, құқық қорғау және арнаулы меморгандар қызметкерлерінің балаларына ЖОО, колледждерде оқуы үшін грант беруді қарастыратын норма қабылданбақ. «Кадр тапшылығы байқалатын және білім сапасында үлкен алшақтық бар өңірлерге үздік педагогтерді тарту қолға алынды. Президент тапсырмасы бойынша қолдау шараларының тиісті пакетінен тұратын, осы өңірлерге үздік педагогтерді тарту жөнінде арнайы бағдарламаны әзірлеп жатырмыз. Педагогтердің осы салаларда жұмыс істеуіне мүдделі болуы үшін біз жалақының арттыру коэффициентін белгілеу, тұрғын үй беру немесе оны жалға алу құнын өтеу, коммуналдық қызметтерді төлеу өтемақысы және өзге әлеуметтік қолдау шараларын ұсынамыз», – деді БҒМ басшысы. Мұндай әлеуметтік пакет арнайы рәсімнен өтіп, белгілі бір критерийлерге сәйкес келетін және белгілі бір мектептерге жұмысқа ауысатын мұғалімдерге беріледі. Нақты іске асыратын кейбір тетіктер әлі де талқыланатын көрінеді. Мемлекет басшысының бірқатар тапсырмасы жоғары білім беруді дамытуға қатысты болды. «Тағы бір бағыт – 5 шетелдік ЖОО филиалын ашу. Бұл шара отандық университеттер арасында бәсекелестікті арттыруға да мүмкіндік береді. Бұған дейін, 2021 жылдың қыркүйегінде De Montfort University Leicester британ университетінің филиалы ашылды. Ал М.Қозыбаев атындағы университетті Аризона университетіне сенімгерлік басқаруға беру мәселесі пысықталуда. Еліміздің батыс өңірлеріндегі жастардың жоғары білімге қол жеткізуін арттыру үшін онда 2 жетекші шетелдік техникалық университеттің филиалдары ашылады. Сондай-ақ Ресейдің үздік техникалық университетінің филиалын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде», – деді министр. Басқа әлемдік деңгейдегі университеттердің филиалын ашу бағытында жұмыс жалғасады.