Шымкентте жедел жәрдем шақыратындар көбейді
Шымкентте жедел жәрдем шақыратындар көбейді
186
оқылды
Елімізде соңғы кезде індет жұқтырып жатқан адам­дар­дың саны күрт өскені белгілі. Үшінші мегаполис Шымкент қаласы да «қызыл аймақта», эпидахуал күрделенді. Мәліметтерге қарағанда, қа­лада бір күнде 370 адамнан КВИ анықталған. Оның 225-інің бел­гілері бар болса, 145-нің белгілері жоқ. 34 адам инфекциялық ста­ционарға жатқызылып, 336 жан үй бақылауына алыныпты. Қазір мамандандырылған инфек­ция­лық стационарлардағы 403 орын­ның жартысында науқастар ем алып жатыр. Ал жансақтау бө­лі­мінде 14 науқас ем қабылдап жатыр. Дегенмен қалада ревакцина­лаудан өткен азаматтар қарасы да аз емес. Соңғы мәліметтерге қа­ра­ғанда қалада 44 891 адам ревак­цинацияланған. Соған қарамас­тан жедел жәрдемге жүгінетіндер саны өсті. Шымкент қаласындағы жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Гүлнәр Құрманбекова эпидемиа­логиялық жағдайға бай­ланысты жедел жәрдем шақыр­тушылар саны көбейгенін айтты. «103 қыз­метіне күніне орташа есеппен 1900-2000 қоңырау келіп түсуде. Жедел жәрдем көмегіне жүгін­ген­дердің басым бөлігі ЖРВИ ин­фекциясымен ауыр­ғандар», – дейді ол. Жалпы, қалада бүгінде 100 же­дел жәрдем бригадасы тұрғын­дарға алғашқы медициналық кө­мек көрсетіп келеді. Станса то­лы­ғымен цифрлы жүйеге қо­сылған. Жедел жәрдем қоңырау­ларының барлығы біріктірілген автоматты жүйе арқылы қабыл­данып, ша­қыртуға баратын кө­лік­терде GPS-навигаторы орна­тылғанын атап өткен жөн. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов эпидахуалдың ба­рысын, дәрілік қоймалардың жағ­дайын көру үшін бірқатар дәрі-дәрмек қоймалары мен ме­ди­ц­ина­лық бұйым шығаратын мекеме­лерді аралады. Шаһар бас­шысы «НПО Зерде» және «Мед­сервис Плюс» ЖШС-ның көтерме қойма­ларын тексеріп, жоспарланған дә­рі­лік заттарды жеткізу және жи­нақтау бойынша резервтік қор­лармен қамтамасыз етілуіне көз жеткізді. Қалыпты жұмыс істеп тұрған НПО «Зерде» ЖШС-ның басшы­лығы қажетті дәрілер болмаған жағдайда дәріхана ұйымдары қорларын толықтырып жатқанын атап өтті. Ал бүгінде 300-ден ас­там фармацевтикалық компания­лардың өнімдерімен жұмыс іс­тейтін «Медсервис Плюс» ЖШС дистрибьюторлық компаниясы 4 000-нан астам медициналық фар­мацевтикалық өнімдердің кең ауқымын ұсынып отыр. Еліміздің 14 ірі қаласында филиалдары бар компания 500-ден астам дәрі­ха­налық желілермен келісім жасап, жеткілікті қорды қамтамасыз етіп қойыпты. Қала басшысы фарм­компания өкілдерін бірлесіп жұ­мыс істеуге шақырды.

Шымкент қаласы