Елімізде соңғы кезде індет жұқтырып жатқан адамдардың саны күрт өскені белгілі. Үшінші мегаполис Шымкент қаласы да «қызыл аймақта», эпидахуал күрделенді. Мәліметтерге қарағанда, қалада бір күнде 370 адамнан КВИ анықталған. Оның 225-інің белгілері бар болса, 145-нің белгілері жоқ. 34 адам инфекциялық стационарға жатқызылып, 336 жан үй бақылауына алыныпты. Қазір мамандандырылған инфекциялық стационарлардағы 403 орынның жартысында науқастар ем алып жатыр. Ал жансақтау бөлімінде 14 науқас ем қабылдап жатыр. Дегенмен қалада ревакциналаудан өткен азаматтар қарасы да аз емес. Соңғы мәліметтерге қарағанда қалада 44 891 адам ревакцинацияланған. Соған қарамастан жедел жәрдемге жүгінетіндер саны өсті. Шымкент қаласындағы жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Гүлнәр Құрманбекова эпидемиалогиялық жағдайға байланысты жедел жәрдем шақыртушылар саны көбейгенін айтты. «103 қызметіне күніне орташа есеппен 1900-2000 қоңырау келіп түсуде. Жедел жәрдем көмегіне жүгінгендердің басым бөлігі ЖРВИ инфекциясымен ауырғандар», – дейді ол. Жалпы, қалада бүгінде 100 жедел жәрдем бригадасы тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп келеді. Станса толығымен цифрлы жүйеге қосылған. Жедел жәрдем қоңырауларының барлығы біріктірілген автоматты жүйе арқылы қабылданып, шақыртуға баратын көліктерде GPS-навигаторы орнатылғанын атап өткен жөн. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов эпидахуалдың барысын, дәрілік қоймалардың жағдайын көру үшін бірқатар дәрі-дәрмек қоймалары мен медициналық бұйым шығаратын мекемелерді аралады. Шаһар басшысы «НПО Зерде» және «Медсервис Плюс» ЖШС-ның көтерме қоймаларын тексеріп, жоспарланған дәрілік заттарды жеткізу және жинақтау бойынша резервтік қорлармен қамтамасыз етілуіне көз жеткізді. Қалыпты жұмыс істеп тұрған НПО «Зерде» ЖШС-ның басшылығы қажетті дәрілер болмаған жағдайда дәріхана ұйымдары қорларын толықтырып жатқанын атап өтті. Ал бүгінде 300-ден астам фармацевтикалық компаниялардың өнімдерімен жұмыс істейтін «Медсервис Плюс» ЖШС дистрибьюторлық компаниясы 4 000-нан астам медициналық фармацевтикалық өнімдердің кең ауқымын ұсынып отыр. Еліміздің 14 ірі қаласында филиалдары бар компания 500-ден астам дәріханалық желілермен келісім жасап, жеткілікті қорды қамтамасыз етіп қойыпты. Қала басшысы фармкомпания өкілдерін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Шымкент қаласы