4-5 қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде Шығыс Қазақстанда бірнеше ғимарат зақымданған еді. Облыстық кәсіпкерлер палатасының берген мәліметтеріне сүйенсек, Өскеменде 6 сауда нысаны, Семей қаласында қонақүй бүлініп, материалдық шығын келген. Облыстық кәсіпкерлер палатасы Семей филиалының директоры Әлия Жүрсімбаеваның айтуынша, қазір екі жеке кәсіпкер келтірілген шығындарды өтеу туралы өтініш беріпті. «7 қаңтар күні Восточный кентінде орналасқан шағын қонақүйдің иесі бізге хабарласты. Оның айтуынша, бүлікшілер ғимараттың терезелерін, кіреберіс және ішкі есіктерді, жиһаздарды сындырып, бәрін тонаған. Ал 10 қаңтар күні қалалық әкімдік ғимаратында орналасқан асхананы жалға алушылар қоңырау шалды. Дәл осы шағын кәсіпкерлік нысаны Семейде ең көп зардап шеккен. Тонаушылар бүкіл ғимаратты еркін аралап, жылынып, асханадағы барлық тамақтарды жеген. Қазір кәсіпкерлердің шығындары есептеліп жатыр», – дейді ол. Семей кәсіпкерлері облыс орталығындағы тәртіпсіздік кезінде де шығынға ұшыраған көрінеді. Қаланың отандық тауар өндірушілерінің бірі айтып өткендей, олардың «Газелі» сүт және шұжық өнімдерімен Өскеменге тауар әкеткен. Назарбаев даңғылында тұрған көлікке белгісіз бір топ адам тас лақтырып, машинаның металл корпусын, әйнектерін сындырып кеткен. «ШҚО кәсіпкерлер палатасының Семей филиалы зардап шеккен бизнес өкілдерінен ақпарат жинайды. Өтінімге террористік шабуыл нәтижесінде зақым келген объектінің бейне және фотофиксациясы, жөндеу үшін қажет болатын материалдардың бағасы бар прайс-парақ қоса берілуі керек. Жиналған құжаттар мен материалдар пакеті қалалық әкімдікке тапсырылады», – дейді Әлия Жүрсімбаева. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев облыстың қоғамдық тамақтандыру саласындағы кәсіпкерлер қалаларды күзетіп тұрған әскерилерге қамқорлық көрсетуді жалғастырып жатқанын айтады. Тамақтарды жеткізу «Шығыс Қазақстанның туристік қауымдастығы» бірлестігімен ынтымақтаса жүргізілуде. Іс-шараға «Nur Otan» партиясы да қатысып отыр. Мәселен, 10 қаңтар күні Өскемендегі Metro сауда үйі әскерилерге 1,5 мың құты су, «Пять звезд» ЖШС 500 бәліш, «Багратион Ұлан» ЖШС 500 құты айран әкеліп, «Восток Молоко», «Эмиль», «Каравай», Семейдегі «Қалиханұлы», тағы да басқа кәсіпкерлік субъектілері өз өнімдерін жеткізген.
А.ӘБІЛ, Шығыс Қазақстан облысы