Андраде алынбас қамал емес
Андраде алынбас қамал емес
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокстың жаңа бір белесіне шықты. Өткен жылы ол екі жекпе-жегінде қос бірдей әлемнің экс-чемпиондарын жеңіп, чемпиондыққа сенімді қадам жасады. Ендігі айқастың жөні бұрынғыларынан мүлде өзгеше болмақ. Отандасымыздың міндетті қарсыласы – орта салмақтағы WBO ұйымының чемпионы, әйгілі Деметриус Андраде (31-0, 19 КО). Бірі білер, бірі білмес, Әлімханұлы Андрадеге міндетті қарсылас ретінде 30 қарашада бекітілді. Оған дейін екі боксшы да кездесулерінде нокаутпен жеңіске жеткен. Атап айтқанда, Андраде ирландиялық Джейсон Куиглиді екінші раундта сұлатып салды. Ал Жәнібек Әлімханұлы 2021 жылы маусым айында америкалық боксшы Роб Брантты (26-3, 18 КО), қарашада француз Хассан Ндам Нжикамды (38-6, 21 КО) сегізінші раундта нокаутқа түсірді. Енді кәсіпқой бокста жеңіліссіз келе жатқан қос мықтының жұдырық түйістірер күні жақын. Әлемдік БАҚ орта салмақта атой салып жүрген екі оғланның бір-біріне міндетті қарсылас болғанын, алдағы айқаста кімнің жеңіске жетуге мүмкіндігі жоғары екенін де жарыса жазуда. Білікті бокс мамандарының көпшілігі, әрине басымдықты Андрадеге беріп отыр. Бірақ Жәнібектің де осал қарсылас емес екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Күні кеше WBO Деметриус пен Жәнібектің арасындағы айқастың промоутерлік бас саудасын бір аптаға кейінге шегерді. Өйткені екі боксшының командасы бас саудаға жақсылап дайындалып алу үшін қосымша уақыт сұраған. Негізі, бұл жекпе-жектің промоутерлік саудасы 14 қаңтар күні Сан-Хуан (Пуэрто-Рико) қаласындағы WBO штаб-пәтерінде өтуі тиіс еді. Екі тараптың өтініші бойынша іс-шара 20 қаңтарға ауыстырылды. Қазір бұл айқасқа қызығушылық танытып отырғандар көп. Спорт сарапшылары да екі боксшыға өз бағасын беріп, олардың артықшылықтары мен кемшіліктерін жарыса жазып жатыр. Көпшілігі Андраденің жеңіске жететінін болжауда. ESPN журналисі Бернардо Пилатти де америкалық боксшының жеңісіне еш шүбә келтірмейтінін айтыпты. – Боксшы ретінде Жәнібек мені қатты қызықтырады. Бірақ Андрадеге қарсы жекпе-жекте оның аутсайдер болатыны анық жағдай. Деметриустың жоқ дегенде Жәнібекті ұпай айырмашылығымен жеңуге қауқары жетеді. Менің ойымша, Андраде ұпай айырмасымен жеңеді. Бірақ Әлімханұлының да жеңіске мүмкіндігі бар. Алайда Жәнібекке тек нокаут керек. Әйтпесе, Андрадені ұпай санымен жеңу қиын. Деметриус өте ыңғайсыз стильде жұдырықтасады. Оған қарсы бірінші нөмірде жұдырықтасу өте қиын әрі қауіпті, – дейді ол. Кейбір бокс сарапшылары Әлімханұлының кез келген боксшы үшін қауіпті қарсылас саналатынын, жеңілмегенін ерекше атап өтуде. Егер Андраде Әлімханұлымен жекпе-жекке шықпауды шешіп, 168 фунтқа дейін көтерілсе, Жәнібек Мунгуямен бос WBO титулы үшін жұдырықтасуы мүмкін екенін де жазған. Ал Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтыру­шы Тұрсынғали Еділовтің пікірін білгенімізде ол Әлімханұлының Андрадені керемет техникасы мен дұрыс тактикасының арқасында жеңе алатынын айтты. – Бұл жекпе-жек бокс жанкүйерлері қызығып тамашалайтын айқастардың бірі болады. Мен оған сенімдімін. Жәнібекке Андрадемен ашық айқасқа шығуына болмайды. Аяғын іске қосып, қорғаныста сауатты жұдырықтасса, қарсыласының ашылғанын оңтайлы пайдаланып, соққыларын діттеген жеріне тура бағыттаса жетіп жатыр. Оның үстіне, Жәнібек қарсыласына қарағанда жас әрі шаршы алаңда шапшаң қимылдайды. Мойындау керек, америкалық боксшы өте қауіпті қарсылас.  Тәжірибелі, өзін рингте еркін сезінеді. Айлалы, сауатты жұдырық­тасудың керемет үлгісін көрсете алатын былғары қолғап шебері. Қалай дегенмен Жәнібекке енді оңай жекпе-жек жоқ. Мықтылармен айқасатын кез келді. Жеңіске жетуге мүмкіндігі бар. Қайталап айтамын, тек жақсы дайындық, қарсыласқа қарсы құрылған дұрыс тактика бұл кездесуде өз нәтижесін береді, – дейді Т.Еділов. Қазақстандық маман айтқандай, Әлім­ханұлы дәл қазір нағыз бабында. Жеңіліссіз сериясын жалғастырып келе жатқан бокс­шының шеберлігіне ешкім шүбә келтірмейді. Оның физикасы, жылдамдығы, техникасы жоғары деңгейде. Аяқпен өте жақсы қимылдайды. Алайда Жәнібектің Головкин секілді соққысы аса жойқын емес. Дегенмен ширақтығына, шапшаңдығына шаршы алаңда талай рет көз жеткіздік. Оның үстіне, солақай. Көп боксшыларға ыңғайсыз қарсылас. Осынысымен Жәнібек көп боксшылардан көш ілгері келеді. Жанкүйерлер Qazaq Style-ден көп үміт күтеді. Енді алда Әлімханұлы мен Андраде арасындағы кездесу өтетін болса, келіссөздер сәтті жүзеге асса, бұл отандасымыздың кәсіпқой бокста жасаған маңызды әрі жауапты қадамдарының бірі болмақ. Алайда көптің көкейінде «Әлімханұлы әккі қарсыласын жеңе ала ма?» деген күмәнді сұрақ тұрғанын жасырмаймыз. Өйткені отандасымыздың бұл жолғы қарсыласы оңай шағылар жаңғақ емес. Бірақ қазақ боксшыларының маңызды айқастарда бар күшін салса, алмайтын қамалы жоқ.