Өңірлер «өгейдің» күйін кешпесін!
Өңірлер «өгейдің» күйін кешпесін!
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
295
оқылды
Елдің дамуы туралы айтқанда өңірлердің әлеуметтік-эко­но­микалық көрсеткіштерінің де түзелуі назардан шет қалмауы керек. Әйтсе де, соңғы жағдай­лар аймақтардың даму дең­гейінің әрқилы екенін көр­сетті. Әсіресе, бюджетке мил­лиард­тап табыс әке­летін шикі­зат­тық өңір­лер қазынадан қаржы қарас­тыру кезінде халық саны­ның аз­ды­ғынан қағажу көреді. Осыдан барып республиканың кей өңір­лерінде шешімін күткен әлеумет­тік мәселелер ушыға түсті де соңы «қаңтар трагедия­сымен» аяқталды. Сондықтан Президент Үкіметтің жаңа­дан жасақталған құрамына ә-дегеннен аймақтардың даму деңгейін бір арнаға түсіруді тапсырды. Шынында, елдің ба­тысы мен шығысындағы, оңтүстігі мен солтүс­тігіндегі миллиондаған жұртшылық­тың тұрмыс жағдайын, өмір сүру сапасын теңестіру мүмкін бе? Бұл сауал дәл қазір Министрлер кабинетінің су жаңа мү­шелерінің алғашқы қадамынан жылт еткен жақсылық күткен әрбір қазақстандықтың көкейінде жүр. Елімізде өңірлерді дамыту мәселесі тәуелсіздік алғаннан бері күн тәртібінен түскен емес. Сөйте тұра, сол аралықта республиканың барлық аймағындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер түзеліп кетті деп айту қиын. Жасыратыны жоқ, мемлекет тарапынан әуелі ауылды елді мекендерді, кейіннен шағын қала­ларды дамыту бағдарламалары бірінен соң бірі қабылданды. Дегенмен көпжылдық бағдарламалардың нәтижесі көпшілік күт­кендей болмады. Өңірлердің әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымын жетілдіруді мақсат еткен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған» бағдарламасы мен «Ақбұлақ», «Қолжетімді баспана» сияқты бағдарламаларды жүзеге асыруға 2 трил­лион теңге бөлініпті. Соның өзінде өңір тұрғындарының жағдайы жақсарып кете қоймады. Оның басты себебі ретінде аймақтарда аталған бағдарламаларды іске асыруға қазынадан қаржы бөлудегі теңсіз­дікті атауға болады. Мемлекет басшысы да мұнда көп жағдайда халықтың нақты сұранысынан бұрын әкімнің «атақ-абы­ройы» көп нәрсені шешіп кететінін ашық айтты. Аймақтардың бюджетін қалыптас­тырудағы теңсіздіктің салдарынан рес­публикада ішкі көші-қон қарқын алды. Жайлы тұрмыс іздеген мыңдаған отанда­сымыз ірі мегаполистерге, облыс орта­лықтарына қарай ағылды. Нәтижесінде, тұрғындарының қатары сиреген өңірлерде қордаланған әлеуметтік мәселелер одан ары ушығып, оны шешу кейінге қалды­рылды. Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саировтың пікірінше, елдегі эконо­микалық саясаттың нәтижесі әр азаматтың өмір сүру сапасын жақсартудан көрінуі керек. – Территорияларды дамыту – мемле­кеттегі экономикалық саясаттың басты бағытына айналуы керек. Қазақстанда көп жағдайда бюджет қаржысы ірі мегаполистер мен жекелеген облыс орталықтарынан ары аспайды. Ал кейбір аймақтар әлі күнге ірі инвестицияға зәру. Бюджет қаржысын бөлудегі өңіраралық айырмашылықты былай қойғанда бір өңірдегі қала мен ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайында алшақтық байқалып жатады. Сондықтан Мемлекет басшысы айтқандай, қоғамдағы әлеуметтік әділдік аймақтардың әлеуметтік-эконо­микалық стандарттарына көңіл бөлгенде ғана орнайды, – дейді Ерлан Саиров. Шынында, әуелі орталыққа деген көз­қарас көп мәселені шешудің тетігі ретінде қазына қаржысын қарастыратын аймақ­тардағы жағдайды одан ары қиындата түскені баршаға белгілі. Қай істе болмасын Үкіметке алақан жаятын дотациялық өңірлерді былай қойғанда бюджеттің доноры саналатын аймақтардағы бүгінгі әлеуметтік-экономикалық жағдай мәз емес. Мәселен, елдің оңтүстік өңірлерімен бірге Маңғыстау облысында да жыл санап туу көрсеткіші артқанымен, аймақта жаңа жұмыс орындарын құру ісі алға басар емес. Салдарынан өңірлердегі жұмыссыздардың саны ұлғая түскен. Атырау облысында да шешімі қазына қаржысына қарап тұрған мәселелер жеткілікті. Ен байлықтың үс­тінде тұрып, «шықпа жаным, шықпаның» күйін кешіп жатқандарын тұрғындардың өздері де жаңа жылдың алғашқы күніндегі митинг кезінде айтты. Сол жолы өз қолы өз аузына жеткен өңірлерде әлеуметтік мә­селелерді шешуде, инженерлік-инфра­құрылыммен қамтамасыз етуге қаржы тапшылығы қол байлау екендігі де сөз бол­­ды. Қаржы сарапшысы Шолпан Әйтено­­ва­ның айтуынша, қазынаға қыруар пайда әкелетін өңірлердің әуелі өздерін жарылқай алмауының өзіндік себебі бар екен. – Донорлық өңірлердің бюджет қалып­тастыру кезде басымдыққа ие болу мә­селесі көптен бері айтылып жүр. Бірақ бұл жүйе өзге дотациялық өңірлерге бөлінетін қар­жының қысқаруына әкеп соғатын­дықтан, оны тиімді деп айта алмаймын. Яғни, баланс сақталмайды. Негізінен өңірлерге республикалық бюджеттен қаржы қарастырудың өз параметрі бар. Соған сай ең әуелі облыс­тағы немесе мегаполистегі халық санына баса назар аударылады. Сәйкесінше, қаржы да дәл осы пропорциямен бөлінеді. Ал біздегі донорлық өңірлердегі халық са­ны көп емес. Салдарынан қаржы да аз бө­лінеді. Бұл ондағы әлеуметтік мәселе­лерді шешуге қолбайлау болады. Сондық­тан да жергілікті билікке қаржыны игеруде мейлінше ха­лықтың сұранысын ескерген жөн. Бір сөзбен айтқанда, бюджетаралық қатынас пен қаржыны басқару жүйесіне жаңаша көзқарас керек, – дейді Шолпан Әйтенова. Бюджеттен қаржы бөлудегі мұндай тенденция өңірлердегі көптеген мәселені күрделендіре түскендей. Әсіресе, қазына қаржысының жартысынан көбі жұмсала­тын әлеуметтік саладағы өңірлер арасын­дағы теңсіздік таңғалдырады. Ресми дерек бойынша, 2019 жылы Жамбыл облы­сындағы орта мектептің әр оқушысына жұмсалатын шығынның көлемі 676 мың теңге болған. Ал Солтүстік Қазақстан об­лысында бір оқушының білім алуына орта есеппен 114 мың теңге бөлінген. Сол се­кілді елордадағы халықтың жан басына шаққандағы денсаулық сақтауға арналған шығыны 105 мың теңге деп есептелсе, бір маңғыстаулықты сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуге бар болғаны 43 мың теңге жұмсалады екен. Осыған қарап-ақ өңір бюджетін қалыптастырудағы жан басына қаржыландыру принципінің кейбір өңірлердегі білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы сапаға да ықпал ететінін көруге болады. Сайып келгенде, бұл фактор бір республиканың аумағында тұрса да, өзге өңір тұрғынындай сапалы қызмет ала алмағандардың наразылығына себеп болуы бек мүмкін. Экономист Мақсат Сералы аймақ­тардың даму динамикасын ілгерілетуде өңірлердің экономикалық әлеуетін мей­лінше молынан пайдалануға болатынын айтады. – Бізде әр өңірдің перспективасы мен әлеуеті әртүрлі. Кейбір өңірлердің эконо­микалық тиімділігі ірі өндіріс ошақтарына негізделген. Ал аграрлы аймаққа жататын оңтүстікте ауыл шаруашылығы саласының бар мүмкіндігі қолданылмай келеді. Өйт­кені қарапайым шаруалар ауыл шаруа­шылығын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмайды. Екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген не­сиеге қол жеткізетіндері некен-саяқ. Сал­дарынан ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру мүмкін болмайды. Ауыл өз алдына, бізде тұтас бір қаланың тұрғындарын жұмыспен қамти алатын өндіріс ошақтары жоқ. Сондықтан бізде өңірден мегаполиске қоныс ау­дарушылар көп. Өңір тұрғындарының саны азайған сайын оған бөлінетін бюджет қаржысы да кеми түседі. Ал оның салдары қалай болатын белгілі, – дейді экономист.

PS.

Әлбетте, өңірлердің бюджетін қалып­тастыру белгілі бір заңдылыққа сай жүзеге асатыны түсінікті. Алайда «қаңтар тра­гедиясы» бұл заңдылықтарды қайта қарауға шақырады. Тапқанын қазынаға құйып, ал одан қаржы алуға келгенде түрлі кедергі тап болатын донорлық өңір тұрғындарының уәжі негізсіз емес. Сол секілді халық санының аздығынан әлеуметтік жағдайын оңалта алмай теңсіздік көргендердің де жанайқайын түсінуге болады. Демек, барша қазақстандық Президент тапсырмасына сай, бюдже­таралық қатынасты реттеудің реформалық пакетін әзірлеуге кіріскен Үкіметке үлкен үмітпен қарайды.