Жаңа экономиканың ұстыны қандай?
Жаңа экономиканың ұстыны қандай?
© коллаж: Әсел БАЛТАҚЫЗЫ
293
оқылды
Жуырда Мәжілістің жалпы оты­рысында сөз сөйлеген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жылдар бойы шешілмей, қордаланған проблема­лардың тұтас қатпарларын көтерді, оларды шешудің жөн-жосығын, жоба-жоспарын жариялады, Үкімет­ке нақты тапсырмалар жүктеді. Егер олар орындалса, ұлттық экономи­кан­ың өркендеуіне қуатты серпін беріледі, қазақстандық кәсіпкерлік жаңа даму белесіне көтеріледі, халықтың тұрмысы жақсарып, әл-ауқаты артады. Маңызды жайт. Тек мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар есебінен-ақ отандық биз­несті қуатты қолдауға, жылдам байытуға болады: 2020 жылғы 9 айда 12,5 триллион теңгеге тендер өткізіліпті. Алайда соның 6,4 трлн, 52%-ы ғана жергілікті тауарлар мен қызметтер үлесіне тиді. Салда­ры­нан пандемияның алғашқы екі жылынан қазақстандық кәсіпкер­лік қаусап, ыңыршағы айналып шық­ты. Девальвация, дағдарыс, карантин шектеулерінен келген шығынын өтеу үшін бизнес баға көтерді. Жаппай қым­батшылық жайлап, елдің наразы­лығы күшейді.

Алыпқа ел жүгі артылады

Активінің өзі ел ЖІӨ-сінің 60%-ына бара-бар алпауыт «Са­мұрық-Қазына» қоры қызметінің тиімділігіне қатысты Мемлекет бас­шысы сын айтты. Әл-ауқат қо­ры тиімді жұмыс істегенде бүкіл экономикамызды өрге сүйрер еді. Алайда «қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма, яғни ұлттық байлықты еселей алды ма?» деген орынды сұрақ туындайды. Топ-менеджерлері, директорлар кеңесі, қызметкерлері қомақты жалақы, сыйақы, бонус алады. Қор қызметі өте қымбат консалтинг компа­ния­ларын және шетелдік мамандарды жалдап, «алтындай қымбат» ақы­лын тыңдайды, қайтарымы қайда? Сондықтан Қ.Тоқаев Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды түбе­гейлі реформалау бойынша ұсы­ныс­тар әзірлеуді тапсырды. Егер қор­ды жаңғырту мүлдем мүмкін бол­маса, ол таратылмақ. «Са­мұ­рық-Қазына» АҚ-ын реформалау бойынша нақты ұсыныстар бір ай ішінде түзілуі тиіс. Қордың тағ­дыры содан кейін белгілі болады. Осы орайда Қазақстан үлгіге алған Малайзияның Khazanah ұлттық әл-ауқат қорының жетістігі назар аудартады: небәрі бірнеше жыл ішінде ол экономикалық тұр­ғыдан шығынды, залалды, әрі пассивті холдингтік компаниядан өңірлік лидерге айналған ұлттық компанияларды тудыратын алып инкубаторға айналды, бүкіл Ма­лайзияда іргелі, ізгі өзгерістерге серпін берді. Трансформациясын бастағанда Khazanah портфелі 51 млрд долларды ғана құрапты, соны ол 121 миллиард долларға дейін, ал табыстылығын 3,5 есеге арттырған. Ал «Самұрық-Қазына» транс­формацияға кіріскенде, 2017 жылы Рейтер агенттігі оның шамамен 67 миллиард доллар тұратын актив­терді басқаратынын хабарлады. Содан бері бесжылдық артта қал­ды. «Самұрық-Қазына» АҚ ком­паниялар тобына мұнай-газ және көлік-логистика секторларының, химия, атом өнеркәсіптерінің, тау-кен кешендерінің, энергетика және жылжымайтын мүлік са­лаларының кәсіпорындары кіреді. Қор активі шамамен $69 млрд-ты құрайды», – деп көрсетілген қор­дың ресми сайтында. Негізі, «Самұрық-Қазына» төл моделін өзгертеді, қазіргі «мем­лекеттік бастамалар мен бағдарла­маларды орындаушы» рөлінен кетіп, толығымен инвестициялық холдингке айналады деп күтілуде. Оның құрамынан мембағдар­ла­малардың операторлары шыға­ры­луы ықтимал. Қор инвестициялау үшін 12 басымдықты секторды анықтаған екен, оған ақпараттық технологиялар, инфрақұрылым құрылысы, «жасыл» энергетика, химия өнеркәсібі, денсаулық сақ­тау, ауыл шаруашылығы, қар­жы­лық қызметтер, тау-кен өндірісі, ғы­лым-инновация, басқасы кіріпті.

Сатып алудың айқындылығы артады

Ел Президенті мемлекеттің де, «Самұрық-Қазына» және ұлттық компаниялардың да сатып алулары айқын емесін атап өтті. Кәсіпкер­лер осыған қатысты Мемлекет басшысына ұдайы шағымданады. Қ.Тоқаев «бір көзден сатып алу» тәсілімен контракті бекітуге мүм­кіндік беретін негіздерді қыс­қартуды жүктеді. Өйткені ол жем­қорлыққа сеп. Өткен жылы реттелетін сатып алулар туралы жаңа заң күшіне енді, сонда ел Үкіметі енді квази­мемлекеттік сектордың тендерлері де заңмен реттелетінін мәлімдеген. Олай болмай шықты. Неге? «Осы жылдан бастап, «Самұ­рық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның және барлық ұлт­тық компаниялардың сатып алу­лары «Квазимемлекеттік сектор­дың жекелеген субъектілерінің са­тып алуы туралы» заңмен ретте­леді. Бірақ қордың Сатып алу тәр­тібінде «Самұрық-Қазынаның» ішкі құжаттарына сілтейтін нор­малар көзделген. Олар осы тетікті пайдаланып, сатып алу бойынша өздері шешім қабылдай береді. Осыған байланысты, бұдан былай қордың және оның еншілес ком­панияларының сатып алуын жү­зеге асырудың бүкіл процесі қайта қаралады және ол бір құжатпен реттеледі. Ол құжатта өзге ішкі құ­жаттарға сілтемелер жойылады», – деді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев. Яғни, салмақты реформа жүр­гізілгелі тұр. Оның аясында «Самұ­рық-Қазына» мен ұлттық компа­ния­лардың триллиондаған теңге тұратын сатып алуларының тәртібі өзгереді. Әл-ауқат қорына төл ере­желері мен рәсімдеріне Қаржы ми­нистрлігінің, Бәсекелес­тікті қор­ғау және дамыту агенттігі­нің ке­лісімін алып отыруға тура келмек. Бір көзден сатып алуды қыс­қарту жұмысы тұрақты негізде жүргізіледі. «Таяуда мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша бірқатар заң­намалық түзетулер күшіне енді. Олар бір көзден алу тәсілімен мем­лекеттік сатып алуды жүзеге асы­ру­дың 6 ірі негіздемесін жойды. Осы­лайша, алда бір көзден сатып алу­дың барлық көлемі шамамен 50%-ға азаяды», – дейді бас қаржыгер. Оның дерегінше, жаңа заң талабына сәйкес, бір көзден сатып алу үшін тапсырыс берушінің бі­рінші басшысы дербес жауап­кер­шілік арқалайтын болады. Қаржы министрі тендерлерде осы тәсілді қолданудың негізді-негізсіздігіне бақылауды қамтамасыз етуге уәде берді.

Мемлекет масыл кәсіпорындардан арылады

Озық дамыған елдер экономи­калық өсімге мемлекеттің эконо­ми­кадағы үлесін азайту арқылы да жеткен. Себебі кез келген салада құ­рылған мемлекеттік немесе ква­зимемлекеттік кәсіпорын құзырын пайдаланып, секторды басыбайлы жайлап, бәсекенің дамуын тұсай­ды. Айналасына сыбайлас фирма­ларды шоғырландырады. Игілікті өзгемен бөліспейді. Әртарап­тан­дыру болмаса, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу мүмкін емес. Монополизм кеселінен құ­тылу үшін Президент мемлекеттің экономикаға араласуын мейлінше азайтудың кең ауқымды шарала­рына бастамашы болды. Дегенмен осы аптада Мәжі­ліс­тегі сөзінде Қ.Тоқаев «жекеше­лен­діру жүйелі және ашық жүргізіліп жатқан жоқ» деп ашығын айтты. Мәселен, бәсекелестік ортаға бе­рілуі тиіс активтерді іріктеудің тә­сілдері әлі күнге (!) айқын­дал­маған. Оны жаңа Министрлер кабинеті шұғыл әзірлеуі қажет. Сондай-ақ Үкіметке Бәсеке­лестікті қорғау және дамыту агент­тігімен бірлесіп, тиісті Мемко­мис­сияның жекешелендіруге қатысты шешімдерінің толығымен ашық әрі айқын болуын қамтамасыз ету тапсырылды. Өз кезегінде Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Ұлт­тық экономика, Қаржы, Әділет ми­нистрліктеріне, антимонопо­лиялық органға «Атамекен» па­латасымен бірлесіп, 2022 жылғы 1 ақпанға дейін «жекешелендірілетін және бәсекелі ортаға берілетін активтерді іріктеу тәсілдемелерін» әзірлеуді жүктеді. Осыған қатысты Үкімет қаулыларының жобалары да жазылып, тез арада Премьердің қол қоюына енгізіледі. Бұған дейін белгіленген жос­парға сәйкес, ІРО және стратегия­лық инвесторларға тікелей сату арқылы 2023-2024 жылға дейін «Самұрық-Қазынаның» ірі актив­терін жекешелендіру процесі аяқ­талуы керек. Сонымен бірге 2028 жылға дейін аса ірі активтердегі қор­ға тиесілі үлестерді саудаға қою, яғни «дивестиция» жүргізу бағ­дар­ламасы жүзеге асырылмақ. Оның аясында 5 стратегиялық активте – ҚазМұнайГаз, Қазақ­стан темір жолы, Қазақтелеком, Қаз­а­то­м­өнер­кәсіп пен KEGOC-тағы мем­ле­кеттің бақылаушы үле­сін (51%) сақ­тап қалған маңызды деп таныл­ды. Тиісінше, бұлардағы 49% үлес, сондай-ақ стратегиялық емес ком­па­ниялардың 100% үлесі бәсе­ке­лес­тік ортаға тапсырылуы мүмкін. Рас, бұл жоспар ішінара қайта қаралады. Айталық, жаңа Премьер-Министр Ә.Смайылов Шығыс Қазақстан облысындағы 2 алып ГРЭС-тің 74,99% үлесін араб­тарға сатуды қарастыратын заң жобасын кері қайтарып алды: 2022 жылғы 10 қаңтарда «Мәжі­ліс­тен заң жобасын кері қайтарып алу туралы» Үкімет қаулысына қол қой­ды. Құжатқа сәйкес, Парла­мент «Қазақстан Үкіметі мен БАӘ Үкіметінің басым салалардағы жо­баларды дамытуға арналған ұзақ­мерзімді стратегиялық әріп­тестік құру туралы бірлескен дек­ларациясын ратификациялау туралы» заңын қарауды тоқтатады. Себебі бұл қадам жергілікті бұқара мен бизнестің қарсылығын туғыз­ған болатын. 2021 жылы Үкімет «Жекеше­лен­дірудің 2021–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» кірген объектілердің үштен бірін – 32%-ын сата алған. Нәтижесінде, жоспардың алғашқы жылында 217 мемкәсіпорынды жекешеленді­ру­ден бюджетке 54,7 млрд теңге құ­йылыпты. Қаражаттың жартысы­нан астамы – шамамен 32 млрд теңгесі квазимемлекеттік сектор активтерін өткізуден түсті. Мемлекет қарауынан кетіп, жекенің қолына тапсырылған ком­паниялар арасында Astana Solar ЖШС, Kazakhstan Solar Silicon ЖШС, «Қазақстанның инвести­ция­лық қоры» АҚ, «Ұлттық ғылы­ми медициналық орталық» АҚ, М.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ, КИМЭП университеттері және басқасы бар. Сатылған 217 нысан­ның көбі – 135-і коммуналдық мен­шіктер. Бұл ретте Павлодардың №1 автопаркі, Ақтөбедегі және Ал­маты облысындағы Жолаушы­лар тасымалын басқару орталық­тары, «Алакөл тазалық» секілді та­бысы төмен немесе залалды ком­мунал­дық кәсіпорындар әкім­діктердің қанатының астынан шығарылды. Қаржы министрлігінің Мем­лекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Бақытбек Тәшеновтің айтуынша, аталған бес жылдық кешенді жоспарға респуб­ликалық, коммуналдық меншік­тегі, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың меншігіндегі жалпы саны 733 объекті енгізілді. Оның ішінде 673 кәсіпорын сатылуы тиіс. Тағы 60-ы, яғни «Самұрық-Қазына» қорының тобындағы еншілес және тәуелді ұйымдар бас компаниямен бірге жекешелендіріле алады. 2022 жылға 206 нысанды сау­даға қою жоспарланған. Де­генмен Президенттің жаңа тап­сыр­масына сәйкес бұл тізім өзгереді. Мемлекет басшысы жекеше­лендірудің үш тұғырлы қағидатын атады: біріншіден, оның нәтиже­сінде жекеменшік монополистер пайда болмауы тиіс. Екіншіден, мемнысанды сатып алған компа­ния ары қарай мемлекетке масыл болмай, бюджеттік тапсырыс, же­ңілдік, басқа артықшылық сұрап, қол жаймай, өз бетінше тауар мен қызмет экспортын жолға қоюға міндетті. Үшіншіден, меммүлікті жеке қолға беруден мемлекетке экономикалық нақты қайтарым болуы шарт. Қалай болғанда да, ел Пре­зиденті қойған жаңа міндеттер Қазақстандағы дамудың жаңа кезеңінің, шынайы жаңғыру кезе­ңінің экономикалық ұстынын нығайтуға ықпал етуі қажет.