Түркияда қалып қойған қазақстандықтарды елге жеткізу аяқталды

қазақстандықтар

2022 жылдың 5 қаңтарынан бастап тек Ыстамбұлда мыңнан астам жолаушы қалып қойған. Осыған байланысты, Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен Ыстамбұлдағы Бас консулдығы азаматтарға ақпараттық, құқықтық және материалдық көмек көрсету бойынша жедел штаб құрып, жан-жақты қолдауды көрсетті.

Бас консулдық әлеуметтік парақшаларда азаматтарды олардың Қазақстанға оралуы туралы уақтылы хабардар ету үшін арнайы хабарлама чаттарын іске қосты. Ыстамбұлдың екі әуежайында да азаматтарға қажетті көмек көрсету мақсатында консулдық қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Қазақстанға Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей арқылы жетуге шешім қабылдаған азаматтарға билет сатып алу, сондай-ақ, олардың қозғалысын ҚР-ның тиісті елдердегі шетелдік мекемелерімен үйлестіру бойынша көмек көрсетілді.

Бас консулдық рейстерді күту кезінде аса мұқтаж 154 жолаушыны қаладағы қонақүйлерде ақысыз орналастырды. Еріктілер мен Ыстамбұлдағы қазақ диаспорасының өкілдері 100-ден астам отандасымызды ыстық тамақ пен жылы төсекпен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, дипломаттардың үйлестіруімен 300-ден астам жолаушы ыстық тамақпен, 200-ге жуық жолаушыға қала ішінде арнайы тасымал көліктері қызмет көрсетті.

Қазақстандық дипломаттар әуе компанияларымен тұрақты байланыста болып, рейстерді тез арада қалпына келтіру жөнінде келіссөздер жүргізді. Жағдайдың тұрақтануына қарай Қазақстанға әуе рейстері қалпына келе бастады. Бас консулдық рейстері орындалмаған барлық жолаушыларды елге жеткізу үшін азаматтар мен әуе компанияларының әрекеттерін үйлестірді. 15 қаңтардағы жағдайға сәйкес, Ыстамбұлдан Қазақстанның түрлі қалаларына 2500-ден астам қазақстандық ұшқан. Анталияда қалып қойған қазақстандықтардың да барлығы дерлік елге жеткізілді.

Мәселен, Бас консулдықтың Түрік әуе жолдарымен келісімі бойынша 11 қаңтарда Алматыға 151 азамат оралды, оның ішінде 75 жолаушы бортқа ақысыз қабылданды. Қазіргі уақытта барлық әуе компаниялары (Air Astana, Түрік әуе жолдары, FlyArystan, Scat және т.б.) рейстерін өз кестелеріне сәйкес штаттық режимде орындауда. Түркиядан келген жолаушыларды Алматы әуежайы да қабылдауда.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.