Төтенше жағдай кезінде денсаулық сақтау нысандарына 20 шабуыл жасалған
Төтенше жағдай кезінде денсаулық сақтау нысандарына 20 шабуыл жасалған
137
оқылды
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қоғаммен байланыс департаментінің директоры Әсел Артакшинованың мәліметінше, Төтенше жағдай кезінде денсаулық сақтау нысандарына 20 шабуыл жасалған.
"Денсаулық сақтау нысандарына 20 шабуыл жасалды. Оның ішінде Алматы қаласында 5 стационарға, 1 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанына және 14 дәріханаға, Алматыда 5 медицина қызметкеріне, Шымкент қаласы мен Алматы облысында бір-бір медицина қызметкеріне шабуыл жасалды. Алматы қаласында – 31, Шымкентте – 7, Алматы облысында – 5, Жамбыл облысында – 2, жалпы саны 45 жедел медициналық жәрдем автокөлігі зардап шекті. Оның ішінде 4 автомобиль жөндеуге келмейді», - деді Әсел Артакшинова.
Сондай-ақ, қайтыс болған 225 адамның 175-і медициналық ұйымдарда көз жұмған.
«Елде Төтенше жағдай енгізілген сәттен бастап 2678 зардап шегуші медициналық көмекке, оның ішінде 1815-і амбулаториялық көмекке жүгінді. Стационарлық ем алған 863 адамның 598-і шығарылды, 265 емдеуді жалғастыруда. 67 науқас ауыр халде реанимацияда жатыр. 500-ден астам күрделі хирургиялық операция жасалды. Бас прокуратура мәлім еткен қайтыс болған 225 адамның 175-і медициналық ұйымдарда көз жұмды», - деді Артакшинова.