ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қоғаммен байланыс департаментінің директоры Әсел Артакшинованың мәліметінше, Төтенше жағдай кезінде денсаулық сақтау нысандарына 20 шабуыл жасалған.
"Денсаулық сақтау нысандарына 20 шабуыл жасалды. Оның ішінде Алматы қаласында 5 стационарға, 1 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанына және 14 дәріханаға, Алматыда 5 медицина қызметкеріне, Шымкент қаласы мен Алматы облысында бір-бір медицина қызметкеріне шабуыл жасалды. Алматы қаласында – 31, Шымкентте – 7, Алматы облысында – 5, Жамбыл облысында – 2, жалпы саны 45 жедел медициналық жәрдем автокөлігі зардап шекті. Оның ішінде 4 автомобиль жөндеуге келмейді», - деді Әсел Артакшинова.Сондай-ақ, қайтыс болған 225 адамның 175-і медициналық ұйымдарда көз жұмған.
«Елде Төтенше жағдай енгізілген сәттен бастап 2678 зардап шегуші медициналық көмекке, оның ішінде 1815-і амбулаториялық көмекке жүгінді. Стационарлық ем алған 863 адамның 598-і шығарылды, 265 емдеуді жалғастыруда. 67 науқас ауыр халде реанимацияда жатыр. 500-ден астам күрделі хирургиялық операция жасалды. Бас прокуратура мәлім еткен қайтыс болған 225 адамның 175-і медициналық ұйымдарда көз жұмды», - деді Артакшинова.