Ауа райының қолайсыздығына байланысты 6 аймақта жол жабылды
Ауа райының қолайсыздығына байланысты 6 аймақта жол жабылды
Сурет: Tengrinews.kz/Турар Казангапов

"ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ деректері бойынша ауа райының нашарлауына байланысты (көктайғақ, бұрқасын, шектеулі көріну) алты өңірде: Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарындағы республикалық және облыстық маңызы бар тасжолдарда қозғалыс жабылды, деп мәлімдеді ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.

"Қазгидромет" РМК мәліметінше, өңірлерде бұрқасын, қар, көктайғақ болып, жел 15-20 м/с күшейеді. ТЖМ жедел штабы жол қызметтері, ІІМ, Қазгидромет және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жұмыс істеуде. Жабық учаскелерде жолдарды қардан тазалау үшін арнайы техникалар жұмылдырылды. Арнайы бекеттерде құтқарушылар мен полиция қызметкерлері кезекшілік етуде. Жылыту пункттері іске қосылды. Көлік нөпірінің жиналуына байланысты полиция және жол қызметтері кезек-кезегімен автоколонналарды ілестіріп, діттеген жеріне жеткізуде", - делінген хабарламада.
ТЖД өкілі азаматтарды ауа райының өзгеруін бақылауға шақырды.
"Дауыл туралы ескерту хабарламаларын ескеріңіз және қажетті сақтық шараларын сақтаңыз. Қысқы кезеңде елді мекендер арасындағы автомобиль жолдарына шығуды жоспарламас бұрын міндетті түрде алдағы қозғалыс бағыты бойынша ауа райы болжамымен танысқан жөн", - деді Талғат Уәли.